Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 31.03.21

Қорытынды жаңалықтар 31.03.21

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше елдерді түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды. «Түркістан барлық түркі халықтары үшін қастерлі қара шаңырақ, құтты мекен және аңсарлы атажұрт. Біздің мақсатымыз - түркі әлемін 21 ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан түркі әлемнің рухани астанасы» деп аталып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті барысында.

*****

Отандық ғалымдар әзірлеген QazCovid-in коронавирусқа қарсы вакцина клиникалық зерттеулердің соңғы үшінші кезеңі өтіп жатыр. «Зерттеу жұмыстарының алғашқы екі кезеңі өткен жылдың қараша айында аяқталды. Оған 200-ден астам қазақстандық қатысты. Клиникалық зерттеулердің алғашқы екі фазасының нәтижелері QazCovid-in инактивтендірілген вакцинасының қауіпсіз екенін, сондай-ақ антиденелер қалыптастырып, жасушалық және гуморальдық иммунитетті индукциялайтынын көрсетті. Клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Оған 3 мың ерікті қатысып жатыр», деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

*****

2020 жылы наурыз айында елімізде коронавируспен ауырғандар анықталғаннан кейін және вирустың тірі штамын алғаннан кейін бір апта өткен соң институт ғалымдары коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жасауды қолға алды. Біз жасаған алғашқы QazCOVID-in вакцинасы 2020 жылы мамыр айында дайын болды. Ал 15 мамырда ресми түрде тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтына тіркелді. Бұл туралы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылының маңындағы 40-шы әскери базада орналасқан Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья айтты. Оның сөзінше бұл вакцинадан пайда болатын иммуниет бүкіл мутацияланған штаммдарға қарсы төтеп бере алады.

*****

Елімізде «британдық штамның» 12 жағдайы анықталды. Қазақстанға Шарм-эль-Шейх пен Дубайдан әуе рейсімен келген 8 адамнан коронавирустың «британдық штамы» табылды, деп хабарлайды Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Ұлттық сараптама орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Орталықтың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша молекулярлық-генетикалық зерттеулер зертханасы толық геномдық секвенирлеу әдісімен COVID-19 оң нәтижесі бар 265 үлгіні зерттеді. SARS-CoV-2 вирусының генетикалық сипаттамасына бұл сынамалар еліміздң 14 өңірінен алынды. Нуклеотидтер тізбегін талдау нәтижесінде мамандар 12 вирустан «британдық штамм» генотипін анықтады. 12 штамның 8 жағдайы Шарм-ел-Шейх және Дубай халықаралық рейстері арқылы келген азаматтардан табылды», делінген хабарламада.

*****

Ел Елтаңбасының авторы, көрнекті сәулетші Шот-Аман Уәлиханов өмірден өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Шот-Аман Уәлихановтың отбасына көңіл айтты. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Шот-Аман Ыдырысұлы саналы ғұмырын сүйікті ісіне арнап, мағыналы өмір сүрген өз ортасына сыйлы, болмысы бөлек жан еді. Ғибратты азаматтың асыл бейнесі, ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады»,-деп жазды министр.

*****

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да көрнекті сәулетші, Қазақстан Елтаңбасының авторы Шот-Аман Уәлихановтың қазасына байланысты көңіл айтты. «89 жасқа қараған шағында Елтаңба авторы, танымал мүсінші, белгілі архитектор Шот-Аман Уәлихан ағамыз дүние салды. Бүгін осынау орны толмас қайғыға Шот-Аман ағамыздың отбасы, айнала-жақындарымен бірге оның тарихи тұлғасын әспеттеген бүкіл қазақ елі ортақтасып жатыр. Оның жарқын бейнесі ел есінде мәңгілік сақталады»,-деп жазды министр Facebook -тегі парақшасында.

*****

Ақтөбеде 300 оқушысы бар мектептер дәстүрлі форматқа көшеді. Ал оқушы саны одан көп болса, аралас формат таңдалды. «Контингенті 300 оқушыдан аспайтын қала, ауыл мектептерінде сабақ дәстүрлі форматта өтеді. Тек бір сыныптағы оқушы саны 25-тен аспауы тиіс. Ақтөбеде мұндай 246 мектеп бар. Ал оқушы саны 300-ден көп мектептерде аралас формат сақталады.»,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

*****

Шығыс Қазақстан облысында өткен жылдың 1 қыркүйегі мен 2021 жылдың 30 наурызы аралығында 1334 оқушы коронавирус жұқтырған. Олардың 678-і ауру белгілерімен, ал 656-сы симптомы жоқ науқастар. 974-і қашықтан білім алып жатқандар болса, 360 бала кезекші сыныптарда коронавирус жұқтырды. ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев онлайн форматта өткен баспасөз мәслихатында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екендігін айтты.

*****

Нұр - Сұлтан қаласында, Қазмедиа орталығы іргесіндегі көше енді "Қазақ радиосы көшесі" деп аталады. Радио редакциясының мекен-жайы енді — Қонаев пен Қазақ радиосы көшесінің қиылысында. Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихаты мен әкімдігі осындай бірлескен шешімі қабылданды. Нұр-Сұлтан қаласынан берілген "Қазақ радиосы көшесі" нің ұзындығы 560 метр. Жыл соңына дейін Бас редакция жетпіс жыл ақпарат таратқан Алматы қаласынан да Қазақ радиосы көшесі ашылмақ. Биыл, ұлттың үнжариясы саналатын Қазақ радиосының хабар таратқанына 100 жыл толып отыр.