Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 16.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 16.04.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Есенғали Әбдіжаппарұлы бірқатар газет-журналдарда қызмет етіп, рухани-мәдени саланың өркендеуіне үлес қосты. Ақын ретінде қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын», – делінген жеделхатта. 

*****

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы тағайындалды. Бұл орынға Марат Мұратұлы Ахметжанов келді. Мұны Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысының өкімімен Марат Мұратұлы Ахметжанов Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары лауазымынан босатылды. 

*****

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бюро отырысында депутаттар қарауына бюджет заңнамасын жетiлдiру бойынша заң жобасын I оқылымда қарау ұсынылды. Бұл заң жобасы бюджет процесін реформалауды көздейді. Сонымен қатар, күн тәртібінің жобасында инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобасы бар. 

***** 

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құруды және бір реттен артық донор болуға тыйым салуды ұсынып отыр. Депутат Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, статистика бойынша жыл сайын тек бір ғана клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді. «Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу үшін, ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймын», – деді депутат.  

*****

Бүгін Ұлттық кеңес мүшелері Әділет министрі Марат Бекетаевпен кездесті. Бұл туралы Facebook-тегі парақшасында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин жазды. Онлайн өткен кездесуде М. Бекетаев Президент тапсырмаларын жүзеге асыру барысын баяндап берді. Тараптар өзара диалогқа және қоғамның маңызды мәселелерін шешуге өздерінің даярлығын көрсетті. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың бұл форматы ары қарай жалғасады және жақын арада басқа министрлермен осындай кездесулерді өткізу жоспарланып отыр», - дейді Ерлан Қарин. 

***** 

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтатын болсақ, 16 сәуірдегі жағдай бойынша: «Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. «Сары аймақта» Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстары тұр. «Жасыл аймаққа» Қостанай мен Түркістан облыстары оррналасқан.

*****

Қазақстан коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемдік рейтингіде 110-орында, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әлемде коронавирус жұқтыру бойынша жағдай әлі де алаңдатарлық. АҚШ-та бір тәулікте 76 мың жаңа жағдай тіркелді. Бір тәулікте Түркияда - 62 мың, Францияда 43 мың, Германияда 32 мың, Польшада 21 мың адам коронавирус жұқтырған. Елімізде Мемлекеттік шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Түркиямен халықаралық рейстер қысқартылды. COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша Қазақстан әлемде 107 орында. Бүгінгі таңда 560 мыңнан астам азамат коронавирусқа қарсы вакцина алды, елімізде күн сайын 70 мыңнан астам адам вакциналанады. 

*****

Алматыда кісі қолынан қаза тапқан Аяжан Еділова жерленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл ақпаратты марқұмның бауыры Алмат Мүліков растады. «Бүгін, 16 сәуірде Талдықорғанда жерленді», - деді ол. Еске салсақ, 19 наурызда Алматыда 19 жастағы бойжеткен жұмыстан шығып үйіне оралмаған. Бойжеткенді іздеу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Іздеу жұмысы кезінде қыздың сол күні әлеуметтік желіде танысқан жігітпен кездесуді жоспарлағаны анықталды. Кейін белгілі болғандай, бойжеткен сол бейтаныс жігіттің қолынан қаза тапқан . Күдікті - 1993 жылы туған Түркістан облысының тұрғыны.

***** 

Ақмола облысында үш ірі құс өсіруші компания тауық жұмыртқасының бағасын төмендетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап. Ведомствоның мәліметінше, «ҚАЗГЕР-ҚҰС» ЖШС, «Ижевский» ӨК, «АгроИнвест-2015» ЖШС тауық жұмыртқасының бағасын төмендеткен. «ҚАЗГЕР-ҚҰС» бірінші санаттағы он тауық жұмыртқасының бағасын 40 теңгеге төмендетті. Еске сала кетсек, Шымкент және Ақмола облысында жұмыртқа өндірушілер бағаны 5 пайызға түсірді. 

***** 

Алматыда өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия біріншілігінде ел қоржынына екі алтын жүлде түсті. Эльмира Сыздықова финалда қырғыз қызы Айпері Медетқызын 4-0 есебімен жеңіп, 76 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ал Валентина Исламова-Брик өзбекстандық Жасмин Иммаевадан басым түсіп, 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді.