Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 12.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 12.05.2021

Республикалық бюджеттің игерілмеуінің негізгі себептері – конкурстық рәсімдеудің ұзақ өткізілуі және уақытылы өткізілмеуі. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Оның айтуынша, республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн теңге жұмсалды. 20 млрд. Теңге пайдаланылмай қалған. Оның ішінде 7 млрд теңге үнемделсе, 13 млрд теңге игерілмеген. «Игерілмеген неғұрлым ірі сомалар Ішкі істер , Қорғаныс , Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Білім және ғылым және Төтенше жағдайлар министрліктерінде болған, - дейді Қаржы министрі.

*****

Биыл елімізде 28 874 баспана пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты. «Өткен төрт айдың қортындысы бойынша машина жасау саласында 120,6% өсім болды. Түсті металлургияда оң динамика сақталып, өсім 3% болды. Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныс артуына байланысты химия өнеркәсібінің өндіріс көлемі артты. Өсім 11,2%», - дейді Бейбіт Атамқұлов. Оның айтуынша, Биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

*****

«Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің емтихан жұмыстарын білім басқармасы жанындағы комиссия қарайтын болды. Мектептер бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасамайды. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, комиссия емтихан жұмыстарын тексергеннен кейін нәтижелерін білім ұйымдарына жіберіп, мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі бекітіледі. 2020-2021 оқу жылында «Алтын белгіге» 9 822 оқу озаты үміткер. Биыл 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. 12 маусымға дейін емтихан қорытындысы шығарылып, «Алтын белгі» иегерлерінің тізімі бекітіледі.

*****

Биыл Маңғыстау облысының мектептерінде соңғы қоңырау өңірдің бас санитарлық дәрігерінің келісімімен және барлық санитарлық талап сақтала отырып, 25 мамыр күні өткізіледі. Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева мәлім еткендей, соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыру форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Оның айтуынша, қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Орта білім туралы аттестаттар салтанатты жиында табысталады», - деді Светлана Төлебаева. Айта кетейік, биыл өңірде 11-сыныпты 7011 түлек бітіреді. Алтын белгіге 227, үздік аттестатқа 359 үміткер бар.

*****

Жыл аяғына дейін 7000 отбасы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты. «Президенттің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасын іске асыру басталды. Бұл жоба репродуктивтік технологиялардың көмегімен отбасылық және демографиялық проблемаларды шешуге бағытталған. Нәтижесінде биыл ЭКО процедурасын өткізу квотасының саны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есе өсті. Жыл аяғында 6,2 млрд теңгеге 7000 процедура өткізу жоспарланған», - дейді қор басшысы. Оның айтуынша, жыл басынан бері жасанды жүктіліктің 526 процедурасы жасалған.

*****

Атырауға «Hayat-Vax» вакцинасының 7 500 дозасы жеткізілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті. Оның айтуынша, 11 мамырда өңірдің бір тұрғыны «Hayat-Vax» вакцинасын салдырған. « облыста тұрғындарды жаппай вакциналау жалғасып жатыр. Жақында аймаққа Біріккен Араб Әмірлігінің «Sinopharm» компаниясы шығарған «Hayat-Vax» вакцинасының 7 500 дозасы жеткізілді. Вакцинаның алғашқы 200 дозасы «Медикер Жайық» серіктестігіне жіберілді. Дозаның қалған бөлігі қоймада сақтаулы тұр. Оны вакциналау бекеттеріне бөліп береміз», деді Асхан Байдуәлиев.

*****

Қызылорда облысында 72 015 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Өңірге 76 585 доза вакцина жеткізілген. Оның ішінде тұрғындар «Спутник V», «QazVac» және «Hayat-Vax» вакциналарын қабылдауға ниет білдірді. Өткен тәулікте 1486 адам екпе қабылдаған азаматтар тізіміне енгізілді. Олардың қатарында мұғалімдер, медицина қызметкерлері, полицейлер, құқық қорғау қызметкерлері бар. «Айта кетерлігі, екпе қабылдаған азаматтардың 31 185-і облыс орталығында тұрса, 40 830-ы аудан тұрғындары», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

*****

Батыс Қазақстан облысында 58 425 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды. БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның 6 329-ы – медицина қызметкерлері, 6 864-і – педагог, 3315-і – құқық қорғау органдарының өкілдері. Сонымен қатар 22 464 адам екінші компонентті қабылдады. Ақпанның 1-інен бері облысқа барлығы 102 200 доза вакцина жеткізілді.

*****

«Ертең атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен еліміздің кей жерлерінде жауын-шашын болады, шығыста қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Жұма күні р-да Солтүстік-Батыс антициклонының ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы болжануда, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. 15 мамырда елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде 1 градусқа дейін үсік жүреді. Республиканың жекелеген облыстарында жел күшейіп, найзағай ойнайды, бұршақ жаууы ықтимал», делінген «Қазгидромет» хабарламасында.