Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.05.2021

Қорытынды жаңалықтар 14.05.2021

Қазақстан Президенті елімізге жұмыс сапарымен келген Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Анна Бьердемен видеоконференция арқылы кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анна Бьерде Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын және алдағы уақыттағы кооперацияның басымдықтарын талқылады. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласына келген Анна Бьердеге ілтипат білдіріп, бұл оның Қазақстан мен Орталық Азияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы бірқатар экологиялық мәселені шешуге үлес қосқанын, соның ішінде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының екінші кезеңіне 1,5 миллиард доллар көлемінде қаржылай қолдау көрсеткеніне алғыс айтты. 

*****

Елордада Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Испания Корольдігі Сыртқы істер, Еуропалық одақ және ынтымақтастық министрлігі арасында саяси консультациялардың 6-раунды өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгінгі консультациялар Испаниямен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қоса алғанда барлық мәселені қамтиды. Олар бойынша ұстанымдарымызды, пікірлерімізді ортаға салуға мүмкіндік туды», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев. Келіссөздердің қорытындысы бойынша екіжақты ең жоғары деңгейдегі сапарларды жандандырып, парламентаралық байланыстарды дамытуға шарттық-құқықтық базаны кеңейту жайы қозғалды. Сондай-ақ алдағы іс-шаралар белгіленді. 

*****

Зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелеріне бірқатар өзгеріс енуі мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығы ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтында жарияланды. Жоба 24 мамырға дейін қоғамдық талқылауға түседі. Егер жаңа ережелер ресми түрде бекітілсе, онда жұмыс берушіден баспана сатып алу үшін несие алған қазақстандықтар қарызын зейнетақы төлемдерінен қайтара алады. Бұл ретте сатып алынған жылжымайтын мүлік міндетті түрде кредитордың кепілдігінде болуы тиіс. Сондай-ақ баспана сатып алуға ақша жинап жатқандарға зейнетақы төлемдерін тұрғын үй құрылысы салымының шотына аудару мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ БЖЗҚ-дан қаражат аудару мерзімі ұзартылды. Яғни, банк үш жұмыс күннің орнына 10 күн ішінде ақша аударады.

*****

Бүгін «Халық әртісі», КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ықтымбаев 80 жасқа толды. Осыған орай өнер тарланы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында әріптестерімен кездесті. Нұржұман Ықтымбаев кино саласына өткен ғасырдың 60-жылдары келген. Алғаш ойнаған рөлі 1966 жылы шыққан «Қилы заман» фильміндегі Қапан. Атақты режиссер Абдолла Қарсақбаев тұсауын кескен нар тұлға бүгінге дейін түсірілімнен қалған емес. Мерейтой иесін құттықтап келгендер арасында өнердегі інісі кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов та бар. Оның айтуынша, Нұржұман Ықтымбаев өмірде қарапайым жан болғанымен, оның шын мықтылығы сомдаған рөлдерінде байқалады. 

*****

Тағы бір ақпарат. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстанның Халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевты құттықтап, жеделхат жолдады. Құттықтауда жарты ғасырдан астам уақытта 200-дей кинокартинаға түсіп, қатпары көп саланың майталманына айналған тұлғаның шығармашылық жетістіктері айтылған. 

*****

Әлеуметтік желіде вакцина паспортын көрсеткен жағдайда медициналық маска тақпай жүруге болатыны туралы ақпарат тарап кеткен. Осы ақпаратқа қатысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, азаматтар вакцина салдырып-салдырмағанына қарамастан барлық талапты сақтауы тиіс. Ол – маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау. Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халыққа есеп беру кездесуінде қазақстандықтардың 60% екпе алған жағдайда ғана маска режимін тоқтату мәселесін қарастыруға болады деген еді. Жалпы 14 мамырдағы ақпаратқа сәйкес, елде 1 790 356 адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған.

Елде вирус жұқтыру қауіптілігі бойынша Солтүстік Қазақстан облысы «жасыл аймақтан» «сары аймаққа» өтті. Өңірде өткен тәулікте 25 адам коронавирус жұқтырған. Қалған облыстардағы эпидахуал жағдайы өзгеріссіз. Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары «қызыл аймақта». «Сары аймақта» Алматы облысы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс және Солтүстік Қазақстан өңірлері мен Шымкент қаласы бар. Ал «жасыл аймақта» Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Қостанай облыстары орналасқан. 

*****

Ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру бір жылда 11%-ке қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банкке сілтеме жасап, LS сараптама агенттігі хабарлады. 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банктер аталған салаға 225 млрд теңге қарыз берген. Оның 1,5 млрд теңгесі шетел валютасында, қалғаны Ұлттық валютамен берілген. Несиелердің басым бөлігі Алматы, Қостанай және Ақмола облыстарында рәсімделген. Ауыл шаруашылығы саласына ең аз қарыз алғандар Маңғыстау, Атырау және Түркістан облыстарының шаруалары.

*****

Елордада тағы 15 жолда «Bus Lane» арнайы жолақтарын енгізу жоспарда бар. «Bus Lane» жолағы А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мұхамедханов, Түркістан көшелері, Жеңіс, Абылай хан, Қабанбай батыр, Тұран, Б. Момышұлы, Тәуелсіздік (3-бөлігі), Ұлы Дала, Мәңгілік Ел, Р. Қошқарбаев даңғылдарында іске қосылады. «Bus Lane» жобасының мақсаты – жолаушылардың ыңғайлы жол жүруіне жағдай жасау және қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беру. Бұдан басқа, арнайы жолақпен жүру құқығы шұғыл қызмет көліктеріне беріледі.

*****

Орал қаласының тұрғыны жиһаз жасап беремін деп 17 тұрғынды алдап соққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 25 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.