Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 16.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 16.07.2021


Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Маңғыстау облысына барды. Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды. Қазіргі таңда өңірдегі қуаңшылық бәрімізді алаңдатып отыр. Мал шығыны да тіркелгені белгілі. Сапар барысында өңір басшылығымен, сондай-ақ, жұртшылықпен кездесіп, осы және өзге де өзекті мәселелерді талқыладық,-дейді Сенат Төрағасы.

*****

Бұл жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Президент жуырда ғана өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тиісті органдар мен әкімдіктерге нақты тапсырмалар берді. Соған сәйкес қиындыққа тап болған шаруаларға жүйелі қолдау көрсетіледі. Нақты айтқанда, шаруашылықтарды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін Үкіметтің резерві пайдаланылады. Қосымша субсидиялар беріледі. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігі қарастырылады. Президент жем-шөптің ішкі нарықта жеткілікті болуы үшін оны шетке шығаруды уақытша тоқтата тұруды да тапсырды. Бұл жағдайды оңалту жолындағы маңызды шешім екені сөзсіз. Бүгінгі сапар барысында осы мәселелерге баса мән беріп, Президент тапсырмаларын өңірде іске асыру барысына баса назар аударылды», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

*****

Қазақстанда пәтер иелерінің басын біріктіретін жаңа басқару формасындағы 7499 бірлестік құрылды. Оның ішінде 1554-і – мүлік иелерінің бірлестіктері. Олар әр пәтер иесінің еркі мен талабын ескеріп құрылды. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығының» Өңірлік даму және әдіснама департаментінің басшысы Марғұлан Әбдікәрімовтің айтуынша, бұл өзгеріс алдымен қазақстандық тұрғындарға өз үйлерін күтіп ұстауға, басқаруға мүмкіндік береді.

*****

Жалған вакцинация паспортын жасағандар жазасыз қалмайды. ІІМ жыл басынан бері вакцинация паспорты мен ПТР-анықтамасын қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық істі қозғады. Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 42 қылмыстық іс болды, оның ішінде 39-ы осы жылы тіркелген. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. ІІМ жалған құжат жасағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салады.

*****

Бүгінде Қазақстан коронавирус індетіне қарсы вакцина өндіруші бірнеше компаниямен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«Кеше елімізге Pfizer вакцинасын жеткізу туралы алдын ала келісім жүргізілді. Келісімшартқа сәйкес, Pfizer вакцинасын жеткізу уақыты әзірге қызметтік құпия болып саналады. Сонымен қатар Sinofarm, Moderna вакцинасын өндіретін қытайлық компаниялармен келіссөз жүргізіліп, олардың талаптары анықталуда», - деді Айжан Есмағамбетова. Ал, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың айтуынша, кеше Қазақстанда ресейлік «Спутник Лайт» вакцинасы тіркелді. Қазір оны елімізге алып келу жөнінде келісімшарт жүргізілуде.

*****

Елорда халқының 22,4 пайызында ғана иммунитет қалыптасқан. Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенованың мәліметінше, соңғы күндері қалада вакциналау қарқыны артып, тәулігіне орта есеппен 5000-8000 адамға дейін егіледі. Сонымен қатар, Сархат Бейсенова елордада Құрбан айт өткізу талаптарын түсіндірді. «Коронавирус пандемиясына байланысты бұқаралық іс-шаралардың шектелуіне орай, биыл қала мешіттерінде мерекелік Айт намазы өткізілмейді. Сонымен бірге, бас санитар дәрігер араласатын адамдардың қатарын шектеп, үйге кісі шақырмауға және қонаққа бармауға кеңес берді. «Егер коронавирус инфекциясының өсу динамикасы төмендемесе, азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілер тарапынан қатаң санитарлық нормалары сақталмайтын болса, локдаунға оралуға мәжбүр боламыз. Елордадағы эпидемиологиялық жағдай көбіне өзімізге байланысты екенін түсіну маңызды. Сондықтан біз вакциналау арқылы ғана аурудың өсуіне қарсы тұра аламыз», - деді Сархат Бейсенова.

*****

Коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Алматы қаласы да «қызыл» аймақта. Осыған орай Құрбан айт мерекесіне арналған барлық іс-шара онлайн форматта өтеді. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Алматыда жағдай күрделі. Науқастар санының өсуіне мутацияланған «дельта» штамы әсер етуде. Сонымен қатар, ол Құрбан айт мерекесі биыл онлайн форматта өтетінін жеткізді. «Қалада індеттің күрт өршуіне байланысты адам көп жиналатын іс-шараларды, оның ішінде ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй мен медреселерде айт намазын өткізуге тыйым салынады», – деді Жандарбек Бекшин.

*****

Бүгін Олимпиадаға қатысатын қазақстандық делегация Токиоға аттанады. Команда Жапонияға «Air Astana» компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған чартерлік рейспен ұшады. Қазақстан олимпиадалық құрамасы Токио төрінде 27 спорт түрінен бақ сынайды. Жапония жерінде 95 отандық атлет ел намысын қорғайды. Токио Олимпиадасы 23 шілде күні басталады және төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.