Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 21.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 21.07.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау және Қызылорда облыстарының әкімдерімен өңірлердегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуалды телефон арқылы талқылады. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Президентке халыққа екпе егу және малды жем-шөппен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде баяндады. Мемлекет басшысы еңбек дауларын реттеу және болдырмау, өндіріс орындары мен мұнай кәсіпорындарына қызмет көрсететін мекеме жұмысшыларына әлеуметтік қолайлы жағдайды қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Президент Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, қуаңшылық салдарына және жайылымдық жерлердегі шөптің тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдай бойынша фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау үшін қажетті шаралар қабылдауды міндеттеді. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысына коронавирус індетімен күресте жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Өңірдегі вакцина салдыруға тиісті тұрғындардың 52 пайызы екпе алды. Сонымен қатар облыс әкімі аймақтағы су шаруашылығына қатысты жағдайды да баяндады. Бүгінде Сырдария өзені арқылы облысқа секундына 550 текше метр су келуде. Мемлекет басшысы Қызылорда облысының әкіміне зардап шеккен шаруашылық субъектілеріне жем-шөп дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

*****

Маңғыстау облысында малдың аналық басына шақталған азық шығынын өтеу үшін үкіметтен екі млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Республикалық штаб құрғақшылықтан зардап шеккен шаруашылықтарды қолдау тетіктерін іске асыруға кірісті. Өңірге іс-сапармен барған премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия аудандарына жем-шөп жеткізу жұмыстарын қадағалады. Қазір аймаққа жем-шөп көршілес Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарынан жеткізіліп жатыр. Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен жасалған келісім аясында 1 200 тоннадан астам арпа әкелініп, шаруаларға төмен бағамен сатылды. Сонымен бірге арнайы комиссия өңірдегі мал басын түгендеумен айналысып жатыр. Үкімет басшысы шаруаларға қолжетімді бағамен 115 мың тоннаға жуық жем-шөпті өткізу үшін тұрақтандыру қорын қалыптастыруды тапсырды. Бұдан бөлек, 56 мыңнан астам тонна кебек сатып алуға қосымша қаражат бөлінеді.

*****

Арал мен Қазалыдағы тұрмысы төмен 900 отбасыға мал азығы тегін таратылды. Аймақтың шаруа қожалықтары «Азық-түлік корпорациясы» қорымен 490 тонна арпа алуға келісімшарт жасаған. Оның 425 тоннасы жеткізілді. Облыстың барлық елді мекенінде мал азығын дайындау үшін жүзден астам бригада құрылып, шөп оруға 200-дей техника жұмылдырылған. Сондай-ақ су арналарын тазалау және шабындық-жайылымдарды суару шаралары қолға алынды. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтің айтуынша бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасыларға, 5 сиыр және 10 ұсақ малы бар азаматтарға жем әкелу мақсатында 900 тонна жем жеткізіп беру жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда 1800-ден астам қап жеткізілген. 

*****

Түркістан облысында демалыс күндері қоғамдық көліктердің жүруіне тыйым салынды. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысы 22 шілдеде күшіне енеді. Қазіргі уақытта Түркістан облысы сары аймақта. Енді «Ashyq» жобасына қатысқанына қарамастан сенбі, жексенбі күндері: Қоғамдық тамақтану объектілері, жазғы алаңдар, қоғамдық көлік, балалар ойын алаңдары, сұлулық салондары, туристік базалар жұмыс істемейді. Сондай-ақ, ашық және жабық базарлардың сенбі, жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. 

 *****

Құрбан айт мерекесінде елордадағы мұқтаж жандарға 3000-нан астам отбасыға құрбандық еті таратылады. Нұр-Сұлтан қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов әкімдіктің онлайн брифингінде осындай мәлімет берді. Кеше мыңға жуық отбасыға құрбандық еті таратылған. Мұқтаж отбасылар «Қайырымды істер марафоны» сияқты ресми тізім бойынша анықталған», - деді Дурен Бабамұратов. Әкімдік өкілінің сөзіне қарағанда, «Қайырымды істер марафоны» аясында берілетін көмек негізінен қаладағы аудандық әкімдіктер бекіткен тізім бойынша таратылуда. Дегенмен, ешбір санатқа жатпаса да, шынымен қиналып отырған отбасы болса, жергілікті әкімдікке жүгініп, көмек сұрай алады. 

*****

Қытайдың орталық өңірін топан су басты. Хэнань провинциясында төтенше жағдай жарияланды. Соңғы дерек бойынша 25 адам көз жұмып, 7-еуі жоғалып кеткен. Әсіресе Чжэнчжоу қаласындағы жағдай күрделі. Мұнда метроны су басып, жолаушылар пойыз ішінде қамалып қалды. Одан бөлек қаланың іргесіндегі бөгетті де су бұзып кеткен. Құтқару операциясына 6 мыңнан аса маман тартылған. Жергілікті әуежай уақытша рейстерді қабылдауын тоқтатқан. Жалпы осы Чжэнчжоу қаласы орналасқан Хэнань провинциясында табиғат апатынан 280 мың адам жапа шеккен. Топан су шамамен 20 мың гектек егіс алқабын жайпап өтті. 

*****

Еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. 22 шілдеде күндіз Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрады. Өте жоғары өрт қауіпі бар. Ертең Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей желерінде найзағай ойнап, қатты жел соғады. Ауа температурасы алдағы бір-екі күнде 35 градусқа дейін ысиды. Синоптиктердің болжамынша, Жезқазғанда да қатты ыстық болады.

*****

Токиода жазғы Олимпиада ойындары басталды. Байрақты бәсекенің ашылу салтанаты 23 шілдеге жоспарланған. Соған қарамастан командалық сындар өтіп жатыр. Бүгін софтболдан іріктеу жарыстары басталды. Сондай-ақ бүгін әйелдер командасы арасында футбол бәсекесі өтуде. Ал қазақстандық спортшылар жарыс жолына 23 шілдеде шығады. Ең алғаш болып садақ ату және ескек есу шеберлері бақтарын сынайды. Қазір спортшыларымыз соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Айта кетейік, ұлттық құрама Токио Олимпиадасына 97 лицензия жеңіп алды.