Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 27.07.2021

Қорытынды жаңалықтар 27.07.2021

Елорда іргесіндегі Қосшы қала мәртеьесін алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы жаңа Жарлығы бүгін жарияланды, деп хабарлайды Ақорда. «Ақмола облысының Целиноград ауданы одан Қосшы ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын. Ақмола облысы Целиноград ауданының Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала санатына жатқызылсын. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықтың 1 және 2-тармақтарын іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі» - делінген құжатта.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында балалар мен жасөспірімдерге арналған 1172 орындық сарайды аралап көрді. Мемлекет басшысына көрме залы, 3D жобалау лабораториясы, киберқауіпсіздік, Lego Mindstorms, өнеркәсіптік интернет заттары, электроника және жаңартылған энергия көздері кабинеттері таныстырылды. Балалар Көкшетаудағы бұл сарайда ғылыми-зияткерлік, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша жұмыс істейтін 76 үйірмеден қосымша білім алады. Сонымен қатар жастармен және жасөспірімдермен жұмыс жүргізіледі. Президент сарайдағы шәкірттермен онлайн режимінде сөйлесіп, олардың оқуына табыс тіледі.

*****

Мемлекет басшысы Көкшетау қаласындағы онкологиялық емханаға барды, деп хабарлайды Ақорда. Президентке аймақта коронавирус індетіне шалдыққан науқастардың 22 жұқпалы аурулар стационарында емделіп жатқаны, төсек-орын қоры 2113 орынға жеткізіліп, тағы 5 мыңы резервте тұрғаны туралы баяндалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрі-дәрмек қорымен де қамтамасыз етілген. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бойынша есепте тұрған науқас адамдарға консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мамандандырылған онкологиялық емхананы аралап көрді. Мемлекет басшысы облыста медицина инфрақұрылымы жақсы қарқынмен дамып, жаңа нысандар бой көтеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоспарлы түрде ем алатын азаматтарға, жүрек-қан тамырлары дертімен және қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет түрлері ковид кезеңіне дейінгі деңгейде болуы тиіс. Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді. – Медицина қызметкерлерінің жұмысына, әсіресе пандемия кезеңінде салмақ түсіп отыр. Еңбек демалысына да бармай, сенбі-жексенбі күндері де дамыл көрмей жұмыс істеп жүргені үшін медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге өте қиын, бірақ біз оларды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

*****

Премьер-Министр Асқар Мамин Өзбекстан Республикасының көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесті. Тараптар транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, атап айтқанда, жүк тасымалын ұлғайту, теміржол және автомобиль көлігін дамыту, бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қазақстанның Өзбекстанмен стратегиялық серіктестігі транзиттік-көлік саласын қоса алғанда, барлық бағыттарда қарқынды дамып келеді. Қазақстан мен Өзбекстан тараптары өзара сауда көлемін ұлғайту үшін көлік-логистика әлеуетті арттыру бойынша шаралар қабылдап жатыр. 2021 жылғы қаңтар-мамырда тауар айналымы 46%-ға өсіп, $1,5 млрд болған. ҚР-ның ӨР-ға экспорты 58,4%-ға ұлғайған.

*****

Пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Өзбекстан арасында жүк тасымалының барлық түрлері бойынша көрсеткіштердің артқаны байқалады. Тек 2021 жылдың І тоқсанында контейнерлік тасымалдар 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57% өсіммен 233,9 мың ЖФЭ-ге дейін артып келеді. Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі осы жылдың 6 айында 18%-ға өсіп, 1,3 млн тоннаны құрады. Тараптар биылғы жылдың 29 шілдесінен бастап аптасына 2 рет жиілікпен «Ақтөбе – Нөкіс» бағыты бойынша жаңа әуе қатынасын ашуға келісті. Қазіргі уақытта ҚР мен ӨР арасында аптасына 32 рейс орындалады. Кездесу барысында тараптар бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру — «Дарбаза – Мақтаарал» жаңа теміржол желісін, «Түркістан – Шымкент – Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралін салу және т. б. жоспарларды талқылады.

*****

Енді еліміздегі эпидахуалға тоқталсақ. Қазіргі уақытта 87 094 адам коронавирус инфекциясынан (–85 163 + және 1931 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 24 328 пациент стационарда, 62 766 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында: • 1461 адамның жағдайы ауыр, • 182 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр. Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша, Түркістан облысынан өзге қалалар мен өңірлердің барлығы «қызыл» аймақта.

*****

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов елге оралды. Оны әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, дзюдошыға су жаңа теміртұлпарды сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елдос Сметовты күтіп алу салтанатына қазақ эстрадасының әншілері, айтыскер ақындар және Олимпиада жүлдегерінің алғашқы жаттықтырушысы да келді. Шәкіртінің жетістігіне шаттанған жаттықтырушы қуаныштан көзіне жас алды. «Міне, нағыз чемпион. Менің алғашқы жаттықтырушым. Кішкентай кезімнен мені өз баласындай көріп, алақанына салып өсірген менің бапкерім», - деді Елдос Сметов. «Олимпиада өте керемет өтті. Залдың бос болғаны біз үшін ыңғайысыз болды. Ең қиын болған белдесу ол – ақтық сайысқа жолдама берілетін финалдық белдесу. Осылай бұйырып тұр екен. Осының өзіне қуаныштымын. Менің елім, жерім, халқым үшінші орынды бірінші орын ретінде қабылдап, мені Олимпиада чемпионы ретінде күтіп алды», - деді екі дүркін Олимпиада жүлдегері.

*****

Токио Олимпиадасында таэквондошы Руслан Жапаров ширек финалда қарсыласынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстандық спортшы 80 келіде сайысқа түсті. Ширек финалда ол Оңтүстік Корея өкілі Кё Дон Инмен шеберлік байқасты. Кездесу аса тартысты өтті. Екеуінің де жеңіске жетуіне мүмкіндігі болды. Дегенмен соңғы сәттерде корейлік спортшы ұпай қорын молайтты. Осылайша Руслан Жапаров қарсыласына 2:8 есебімен есе жіберді.

*****

Токио Олимпиадасында сынға түсіп жатқан Дмитрий Баландин 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстандық спортшы 200 метрлік қашықтықта брасс әдісімен жүзуде сәтті ойын көрсетті. Ол аталған межені 2:08.99 уақытта орындады. Осылайша жарысқа түскен сегіздіктің арасында төртінші орынға қол жеткізді. Нәтижесінде ертең, 28 шілдеде өтетін жартылай финалға жолдама алды. Аталған қашықтықтағы финал 29 шілдеге белгіленген. Айта кетейік, 2016 жылы Рио Олимпиадасында ол аталған сайыс түрінде чемпион атанған болатын. Бұл - еліміздің суға жүзу спортындағы әзірге ең жоғары көрсеткіш. Еске сала кетейік, Дмитрий Баландин Токио Олимпиадасында бұдан бұрын 100 метрге брасс әдісімен жүзуде жартылай финалдан тыс қалды.

*****

Токио Олимпиадасында сынға түсіп жатқан боксшы Василй Левит алғашқы кездесуінде жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстандық спортшы 91 келіде испаниялық Эммануэль Рейес Пламен жекпе-жекке шықты. Тартысты бәсеке екінші раундта қазақстандық боксшының нокаутымен аяқталды. Осылайша ол жарыс жолынан шығып қалды. Токио Олимпиадасында бокстан Қазақстан командасынының өкілі Абылайхан Жүсіпов жеңіліп қалды, деп хабарлайды Olympic.kz. 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан американдық Джонсон Делантемен кездесіп, 1:4 есебімен жеңіліс тапты.