Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Президент «Otarbiopharm» иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытына барды

Президент «Otarbiopharm» иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытына барды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жамбыл облысына жұмыс сапары Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына қарасты QazVac вакцинасын шығаратын биофармацевтика зауытының қызметімен танысудан басталды,- деп хабарлайды Ақорда.


Президентке вакцина өндірісінің технологиялық желісі, зертханалық жабдықтар мен мобильді реакторлар көрсетілді.

Институттың бас директоры Күнсұлу Закария Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамыту жоспары туралы баяндады.


Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлы дерматитке және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығаратын болады.

Жылына биофармацевтика препараттарының 30-дан 60 миллионға дейін дозасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге.


Қасым-Жомарт Тоқаевқа 16 қыркүйек күні 100 мың доза көлемінде вакцина құю өндірісі іске қосылғаны туралы мәлімет берілді.

ТМД елдері арасында Қазақстан мен Ресей ғана COVID-19 індетіне қарсы вакцина өндірісін жолға қойған.

Президент зауыт қызметкерлерімен әңгімелесу барысында жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық вакцинаның коронавирус індетіне қарсы күреске және халықтың денсаулығын күшейтуге зор үлес қосатынына сенім білдірді.

– Баршаңызды құттықтаймын. Шын мәнінде, бұл үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Бұл вакцинаны Біріккен Араб Әмірліктеріне және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүние жүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін. Бұл – өте күрделі процесс, өндіріс. Шын мәнінде, дүниежүзінде, шетелде мұндай өндіріс жасау үшін үш-төрт жыл кетеді. Біз тоғыз айдың ішінде жұмысты орындадық. Сондықтан еңбектеріңіз мемлекет тарапынан жоғары бағаланады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.