Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 15.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 15.10.2021

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуі керек. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейтуге, оның ішінде бірлескен кәсіпорындар құруға, шаруашылық субъектілерінің өндірістік байланыстылығы мен тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз етуге негізгі назар аудару қажет. Ол үшін кемінде 2025 жылға дейін қолдаудың нақты тетіктері мен құралдары бар өнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

*****

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігінде вакцинация паспортын өзара тануды жеделдету керек. Бұл туралы ТМД ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. «Халықты жаппай иммундау ғана ахуалды түзетуге және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасз етуге мүмкіндік береді. Қазақстандық QazVac жоғары тиімділігін көрсетті және өзге елдерге гуманитарлық көмек ретінде жеткізіліп жатыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ҚР Президент еліміздің ғалымдары әзірлеген жаңа QazCoVac-P препараты да клиникалық сынақтардан сәтті өткізіліп жатқанын айтты. Бұдан бөлек, тағы үш вакцинаны отандық ғалымдар клиникаға дейінгі тестілеуден өткізу үстінде деді Мемлекет басшысы.

*****

Ендігі уақытта орта білім беру мектептерінде бір емес бірнеше спорт залдан болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. «Еліміз бойынша 45 мыңнан астам балаға арналған спорттық секциялар бар. Биыл оның санын 50 мыңға жеткізбекпіз. Сол арқылы еліміз бойынша балалардың кем дегенде 50 пайызын күнделікті спортпен шұғылдануға жағдай жасау көзделген. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп, алдымызға міндет қойды. Қазір мектептердің типтік бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол бойынша мектептегі спорттық инфрақұрылымды жетілдірмекпіз. - деді Асхат Аймағамбетов.

*****

Елде дене шынықтыру орталықтарын салу арқылы спортпен айналысатындардың санын көбейту көзделеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов брифингте айтты.

*****

Елде шығып жатқан кітаптардың 50 пайыздан астамы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты. «Бүгінде елімізде шығатын кітаптардың 50 пайыздан астамы балалар мен жасөспірімдерге арналған. Және соңғы шығып жатқан кітаптарда арнайы QR код бар, ол балаларға оқуға ыңғайлы болу үшін жасалып отыр. Яғни қажет жағдайда кітапты электронды форматта да оқи алады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

*****

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы екі аптаның ішінде 166 оқушы коронавирус жұқтырған. СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов атап өткендей Ауырғандар және ауруханаға түсетіндер саны көбейген. Жаңа «дельта» штамына байланысты балалар арасында да коронавирусты жұқтыру жиілеген. Қазіргі уақытта 242 бала дәрігерлердің бақылауында, олардың 24-і ауруханада ем алып жатыр, жағдайлары орташа», - деді Құмар Күсемісов.

*****

Батыс Қазақстан облысында көршілес Ресейде коронавирус жұқтырушылардың көбеюіне байланысты шекарада санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, қазіргі кезде мемлекеттік шекарада санитарлық эпидемиолог мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Оның айтуынша, 1 қазаннан бері мемлекеттік шекарадан 455 жолаушы анықтамасыз өткен. Халықаралық жүк тасымалымен айналысатын, анықтамасы болмаған 1089 жүргізушінің біреуінен коронавирус табылды.

*****

«Барыс» бүгін Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің) командасымен өткізеді. Кездесу елорда уақытымен 22:30-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бүгінге дейін 16 мәрте шеберлік байқасты. Оның 11-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қытайлық клубтың мерейі үстем болды. Екі команда арасындағы соңғы бес кездесудің барлығында қазақстандық клуб жеңіске жетті.

*****

Демалыс күндері елімізде ауа райы жылы болады. 16-18 қазан аралығында ел аумағына антициклон әсер етуі жалғасады. Республиканың барлық аумағында жылы күн райы сақталады. Еліміздің тек батыс бөлігінде ғана жаңбыр жаууы мүмкін. Батыс және оңтүстік бөлігінде жел күшейіп, шаңды дауыл болады. Республиканың қалған облыстарында ауа температурасы 13-23 градус аралығында жылы болады», - дейді синоптиктер.