Қазақстандықтар несие алуды азайтты
Қазақстандықтар несие алуды азайтты
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл үрдіс азық-түлік емес тауарлар саудасы, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету және тұрғын үй нарығына әсер ете бастаған.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұтынушылық несиелеу қарқынының бәсеңдеуі бірқатар экономика секторларына ықпал етіп жатқанын айтты
Оның сөзінше, макропруденциялық реттеу шараларының нәтижесінде биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша тұтынушылық несиелеудің өсімі небәрі 3,1%-ды құраған.
Бұл бұрын тұтынушылық сұраныс есебінен дамып келген экономика секторларына айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша азық-түлік тауарлары секторындағы өсім 10,7%-ды құраса, азық-түлік емес тауарлар секторында өсім бар болғаны 0,7% болды. Бұл осы сегменттегі экономикалық белсенділіктің бәсеңдегенін көрсетеді, – деді министр.
Серік Жұманғарин мұндай жағдайда экономикадағы теңгерімсіздіктер қайта пайда болып, ең алдымен кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін екенін айтты.
Министрдің айтуынша, Үкімет қазір осы саладағы жағдай туралы өңірлерден ақпарат жинап жатыр.
Тұтынушылық сектордың жанама әсерлері де бар. Олар – логистика, сауда, сондай-ақ тұтынушылық сұраныстың жоғары болуының арқасында құрылған жаңа жұмыс орындары. Егер бұл әсерлер әлсіресе, экономиканың өзге салаларына да соққы болуы мүмкін. Себебі тұтынушылық несиеден түскен қаражат қоғамдық тамақтану орындарының, мейрамхана мен дәмхана бизнесінің, тұрғын үй нарығының және жалпы қызмет көрсету саласының дамуына ықпал етеді, – деді вице-премьер.
Фото: baq.kz