Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елде коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендеді

Елде коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендеді
  • Биыл тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуде азаматтық қоғам өкілдері ерекше белсенділік танытты.
  • Соңғы тәулікте елде коронавирус жұқтыру көрсеткіші төмендеді.
  • Еуропада карантинге қарсы шерулер толастар емес.

Елімізде «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбымен Қазақстанның X Азаматтық форумы өтуде. Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ашты. Министр өз сөзінде форум жұмысы Қазақстан Тәуелсіздігі 30 жылдығының қорытындыларына арналған маңызды оқиға екенін атап өтті.

-Бүгінде еліміздің бұл саласы Орталық Азиядағы ең дамыған қоғамдық институтқа айналды. Азаматтық қоғам елдегі барлық саланың құрамында жұмыс істеп, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосып келеді,- деді министр.

*****

Өз кезегінде, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева Азаматтық форум халық пен билік арасындағы кері байланыстың тиімді механизміне айналғанын атап өтті. «Қазіргі уақытта Азаматтық Форум жалпыұлттық сипатқа ие болды. Үкіметтік емес сектор нақты қоғамдық күшке айналды», - деді Бану Нұрғазиева.

*****

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, бүгінде 164 үкіметтік емес ұйым халықтың әлжуаз топтарына қажетті көмек көрсетуде. Тек биылдың өзінде 33 орталық 90 мыңға жуық адамға жәрдемдескен,-дейді Серік Шәпкенов.

*****

Өткен тәулікте Қазақстанда 921 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 964 мыңнан асты. Қазіргі уақытта 30 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан емделуде, оның ішінде 6,5 мыңнан астам науқас стационарда, қалғаны амбулаторияда ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 500-ге жуық адам хал үстінде жатыр. Вакциналауға келсек, қазіргі уақытта екпенің I компонентін 8 млн 665 мыңға жуық адам алды. 7 млн 946 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. Коронавирустың таралуы бойынша, екі облыс «қызыл», төрт өңір «сары» аймақта тұр. Қауіпті аймақта Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары қалды. «Сары» аймақта: Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстары тұр. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта.

*****

Бельгияда мыңдаған адам коронавирустық шектеуге қарсы шеруге шықты. Полицияның мәліметінше, 35 мыңдай адам жиналған. Оларды тарату үшін тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газ бен су атқыштарды қолдануға мәжбүр болған. Айта кетсек, елде вирус өршіп тұр, өткен аптадан бері шектеулер күшейтілді. Бетперде тағу, вакцина төлқұжатын көрсету міндеттелген. Қызметкерлер желтоқсанның ортасына дейін онлайн жұмысқа көшірілді.

*****

Нидерландыда коронавируспен күрес шараларына қарсы тәртіпсіздіктер толастамай тұр. Локдаунға көңілі толмаған жастар полициямен қақтығысып жатыр. 5 тәртіп сақшысы жараланып, 64 адам ұсталды. Наразылық акциялары елдің үш қаласында өткен. Вирус өршігендіктен, ел үкіметі жартылай локдаун енгізді. Мейрамхана, супермаркеттердің жұмысы кешкі сегізге дейін аяқталуы тиіс. Адамдар бір-бірінен 1,5 метр арақашықтық сақтауға міндетті деген ереже қайта енгізілді.