Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 22.07.2022

Тәулік тынысы 22.07.2022

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Мемлекет басшысына Ұлттық банктің биылғы қаңтар-маусым айларында жүзеге асырылған ақша-кредит саясатының алдын ала қорытындылары туралы есеп берілді. Ұлттық банк төрағасы Президентке инфляцияға қатысты болжамдар, тұтыну бағаларын тұрақтандыруға бағытталған шаралар, еліміздің халықаралық резервтерінің қазіргі жай-күйі туралы айтты. Кездесу соңында Мемлекет басшысы инфляцияны тежеу жұмыстарын күшейтуді және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруды тапсырды.

*****
Түркістанда жедел көмек станциясы ашылады. Бүгін өңірге жұмыс сапарымен барған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жаңа нысанды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыспен танысты. Мамандардың айтуынша, 3 қабатты ғимаратта кардиологиялық, педиатриялық, реанимациялық-хирургиялық, неврологиялық, психиатриялық және токсикологиялық бригадалар болады. Онда ересектер мен балаларға тәулік бойы тегін жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Станция жылына 70 мың шақыртуға шыға алады. Жалпы облыста 22 медициналық жедел жәрдем бекеті бар. Онда 140 бригада жұмыс істейді. Ал көліктерінің 96 проценті заман талабына сай жаңартылған.
*****
«Қазақстан халқына» қоры «Білім беру гранттары» қайырымдылық бағдарламасы аясында гранттар мен шәкіртақыларға конкурс жариялады. Бағдарлама 2022-2023 оқу жылында жүзеге асады. Яғни қор мемлекеттік немесе өзге де гранттарды ала алмаған, ауылдық жерлердегі жағдайы төмен отбасылардан шыққандар және ата-анасыз өскен немесе мүмкіндігі шектеулі түлектердің оқу ақысын өтеп береді. Грант негізінде. Онымен қоса шәкіртақы да төленеді. Үміткерлер өз өтініштерін тамыз айының 10-17 аралығында тапсыра алады.
*****
Ертеңнен бастап елордада коронавирус инфекциясының күшеюіне байланысты шектеулер енгізіледі. Сауда орталықтары мен қоғамдық көліктерде, кинотеатрларда және адамдар көп жиналатын жерлерде медициналық бетперде кию керек. Қаулыға елорданың бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова қол қойды. Антисептиктерді пайдалану да міндетті болады. Жүкті әйелдер, вакцинацияға қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер және COVID-19 науқасымен байланыста болған адамдар қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырылады. Еліміздің инфекциялық ауруханаларындағы орынның үштен бір бөлігін індет жұқтырған науқастар алып жатыр. Реанимациядағы жүктеме 6% болды.
*****
Елімізде соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда ковидпен ауырғандар саны 3 есеге өскен. ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемологиялық бақылау  басқармасының басшысы Роза Қожапова ОКҚ-де өткен брифингте осылай деді. Оның айтуынша, қазір егу қосындарында вакцинаның 1,6 млн дозасы бар.
*****
Сот Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Енді Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты   21- тамызға дейін қамауда отырады.  Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі  хабарлады.
*****
Енді мемлекеттік қызметшілердің табысы мен шығыны да бақылауға алынуы мүмкін. Мәжіліске түскен заң жобасында шенеуніктердің табысы мен шығыны арасында айырмашылық байқалса, оларға санкция салынатыны көрсетілген. Яғни айырмашылық 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асса, оған сол айырмашылықтың 90%-на тең болатын айыппұл салынады. Ал шығын мен кіріс арасындағы табыс мемлекеттік қызметкердің жылдық табысынан асып кетсе, ол қызметінен босатылады. Бақылау мемлекеттік қызметкердің декларациясына ғана емес, туыстары мен отбасы мүшелерінің шығынына да жүргізіледі.  
*****
Ұлытаулық саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов Петропавлға жетті. Ол наурыз айында бүкіл Қазақстанды жаяу аралау үшін жолға шыққан еді. Қария 112 күнде 4500-ге жуық шақырымды еңсерді. Оның жалғыз серігі - өзі жасап алған  арба. Саяхатқа шыққалы дөңгелегі 14 рет жарылып, өзі 6 жұп аяқ киім ауыстырған. Қарияның ендігі алған бағыты  Қостанай. Ол өз сапарын күзде, Ақтау қаласында аяқтамақ.