Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 25.07.2022

Тәулік тынысы 25.07.2022

80 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш берді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметінен мәлім етті. Құжаттарды қабылдау 13-22 шілде аралығында жүргізілді. Байқау нәтижелері 15 тамызға дейін жарияланады. Үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңнан астам адам бар. Олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. «Биыл грант конкурсына құжаттарды қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта және виртуалды комиссиялар арқылы онлайн қабылданды. Бірнеше жыл қатарынан талапкерлер ең көп сұранысқа ие оқыту бағыттары бойынша таңдауды өзгеріссіз жасап жатыр.

*****
Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес, болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады», – деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев. Ведомство мәліметінше, биыл 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 103 мыңнан астам адам жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының 67%. Үстіміздегі жылы сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін білім гранттарының саны көбейтілді. Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлініп отыр.
*****
Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадада бес пәннен 21 медаль жеңіп алды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай мәлімдеді. Оның айтуынша, жүлдегерлер биыл тұңғыш рет Президент қолдауының арқасында 4,5 млн теңгеге дейін қомақты ақшалай сыйақы алып, ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады.
*****
Қазақстан-Қытай шекарасында жүздеген көлік өте алмай тұр. Себеп – көлік ағыны еселеп көбейген. Мамандар бәрін тексеріп үлгермей жатыр. Ресей, Беларусь елдерінің көліктері де бірнеше күннен бері қозғала алмай тұр. Жетісу облысының әкімдігі мәселені біледі. Айтуларынша, алдағы 2-3 күнде мәселе толық шешіледі. «Алакөл» кеден бекетіндегі кептеліс мәселесін шешу үшін алдағы уақытта электронды кезек енгізу қарастырылып жатыр.
*****
Ресей Украинаның Одесса портына сенбіде соққы бергенін растады. Елдің қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, шабуыл кезінде әскери кеме мен АҚШ-тан жеткен «Гарпун» зымырандары тұрған қойма жойылған. «Снарядтар кеме жөндейтін зауытқа да түскен», – деп жазды «BBC» агенттігі. Осы дереккөздің мәліметінше, соққы кезінде астық сақталған қоймаға зақым келмеген. Бұған дейін Украина дәнді-дақыл тұрған орынға шабуыл жасалғанын мәлімдеген еді. Айта өтсек, өткен аптаның соңында Ыстамбұлда Ресей, Украина, БҰҰ және Түркия астық экспорттау дәлізін қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды. Мәміле дәнді-дақылдарды Қара теңіздің үш порты арқылы тасымалдауға жол ашады.
*****
Лондонның орталығына шыққан жүздеген тұрғын климаттың өзгеруіне қарсы шаралар қабылдамағаны үшін үкіметті сынға алды. Демонстранттар мұнай және газ өндіруге жаңа лицензиялар беруді тоқтату, экологияны ластаушы компанияларға салықты көбейту, тұрғын үйлерге энергияны үнемдейтін жылыту жүйесін орнатуды талап етті. Шеруге шыққандар өзінің және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін осындай қадамға барғанын айтады. Еуропа тұрғындары соңғы апталарда шілденің шіліңгір ыстығын бастан өткеріп жатыр. Ұлыбританияда ауа температурасы алғаш рет 40 градусқа дейін көтерілді. Бірнеше жерде өрт тұтанған. Ал Испания мен Португалияда аптап ыстықтан 2 мыңнан аса адам қаза тапты.  
*****
Қазақстанда некені бұзу туралы азаматтық істер Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынжа жиі тіркеледі, ал 3 миллионнан астам борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру басқармасының басшысы Дамиля Хамитова айтып берді. Оның атап өтуінше, борышкерлердің  133 мыңнан астамы ғана алиментті өз еркімен төлейді. Қазірге дейін алимент төлеуден жалтарып жүргендерге қатысты шет елге шығуға, банк операцияларын жасауға, шоттарындағы қаражатты пайдалануға, мүлікке тыйым салу сияқты шектеулер қойылған. Сонымен бірге, жұмыссыз борышкерлерді тұрақты түрде жұмыспен қамту шаралары қабылдануда. «Ана мен балаға қатысты құқықбұзушылыққа жол берген тұлғалардың жауапкершілігін күшейту үшін бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енді. Кей борышкерлер баланың кәмелет жасына толғанын күтіп, берешектен құтыламын деген оймен алимент төлемеуі мүмкін. Баланың кәмелет жасына толғаны борышкерді берешектен босатпайды», - деді Дамиля Хамитова.