Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 26.08.2022

Тәулік тынысы 26.08.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды. Маңызды саяси шара 1 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында өтеді деп жоспарланып отыр. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналмақ. Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізу туралы өкімге қол қойған еді.

*****
Еліміздің Премьер-министрі Әлихан Смайылов Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен биылғы жарты жылдықта өсім 5%-ке артты. Келіссөз барысында тараптар өнеркәсіптік кооперацияға қажетті өнімдерді жеткізу, шикізат транзиті, тауарларды кедергісіз шығару, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселелері талқыланды.
*****
Елордада 14-15 қыркүйекте Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді. Оған әлемнің 50-ден астам елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде діни, саяси және қоғам қайраткерлері қатысады. Маңызды шара алдында Парламент Сенатының спикері «Қазақстан» ұлттық арнасына сұхбат берді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы форумды Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікке, өркениет аралық диалогқа қосқан үлесі деп қабылдау керек. «Бұл біздің елдің әлемдік қоғамдастық алдындағы жауапкершілігінің көрінісі, ал бұл Қазақстанның беделіне ғана емес экономикасына да әсер етеді» - дейді Сенат спикері.
Сондай-ақ Сенат спикері съезде талқыланатын тақырыптарға тоқталды. Оның айтуынша, осындай бастамалар арқылы Қазақстан өзінің бітімгерлік миссиясын жалғастыра береді.  
Мәулен Әшімбаевпен сұхбаттың толық нұсқасы ертең кешкі сағат 8-де ұлттық арна эфирінде көрсетіледі.
*****
Халықаралық олимпиадалардың 27 жеңімпазы 4,7 млн теңгеден алды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жүлдегерлерді  өз қолымен марапаттады. Қаржылай төлемнен бөлек, дарынды оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ қазақстандық ЖОО-да оқуға гранттар алды. Министрдің айтуынша, биыл тізімге 7 халықаралық олимпиада кірсе, келесі жылы ол тағы 7 беделді халықаралық олимпиадамен толығады. Сондай-ақ жүлделі орын алған оқушыларды дайындаған ұстаздарға да біржолғы ақшалай төлем берілді, балалардың ата-аналарына алғыс хаттар табысталды.
*****
Украинадағы «Запорожье» атом электр станциясы тарихта алғаш рет электр желісінен толықтай ажыратылды. Ресей күштерінің бақылауындағы нысан бірнеше сағат бойы электр қуатынсыз қалған. Жағдай қалыпқа келгенге дейін кешенге электр қуаты резервтегі дизельдік генераторлар арқылы берілген. АЭС тұрақты түрде электр энергиясымен қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл энергоблоктарды салқындату үшін қажет. Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзінше, АЭС-те қауіпті ахуал Ресей күштері жақын маңдағы көмір электр станциясына оқ жаудырғаннан кейін туындаған. Ал Ресей тарапы бұған Украина жағын айыптады. БҰҰ апат қаупін ескертіп, Ресейді өңірден әскерін шығаруға үндеді.
*****
Павлодарда 3 қыркүйекте аламан бәйгеден Қазақстан чемпионаты өтеді. Жарысқа еліміздің әр өңірінен жүйріктер қатысады. Жүлделі болған тұлпарлардың бапкерлеріне ақшалай сыйлықтар беріледі. Сондай-ақ көрермендер арасында тегін ұтыс ойыны ойнатылады. Жарыс 24 шақырымға аламан бәйге, 11 шақырымға құнан бәйге және 17 шақырымға топ бәйге бойынша өтеді.