Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақ радиосының Неміс тіліндегі хабарына 65 жыл

Қазақ радиосының Неміс тіліндегі хабарына 65 жыл

Қазақ радиосының Неміс тіліндегі хабарына 65 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай осы редакцияда қызмет етіп жүрген Татьяна Жандильдинаның құттықтауын ұсынамыз.

"Менің бағыма 18 жыл бойы табан аудармастан дана Абайдың елінде ұлы Гетенің халқы туралы сөз сөйлеп, Қазақ радиосының әуе толқыны арқылы тарайтын этника аралық "Достық" бағдарламасының неміс тілінде хабар тарататын “Көпірлер”- ”Bruecken” хабарының тізгінін ұстау бұйырыпты. Биыл дәл осы бағдарламаның эфирге жол тартқанына 65 жыл толып отыр. Сөз жоқ, бұл Қазақстанды өзінің екінші үйі санайтын немістер үшін маңызды оқиға. Тағдырдың жазуымен этникалық немістердің тарихы қазақстандық қоғам тарихы мен мәдениетінің маңызды бір бөлігіне айналды. Радио – неміс ұлтының рухани дамуына ықпал ете отырып, бүгінде 130 -дан аса ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан бай мәдени мұрасына өз үлесін қосты. Сол себепті қазақстандық немістер өздерін "Мен - Қазақстандықпын!" деп әрқашан мақтанышпен айта алады.


Неміс редакциясы 101 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының кеңестік дәуірдегі және Тәуелсіз Қазақстан кезіндегі маңызды бір бөлігі. Қандай да бір мерейтой атап өтілген кезде, сөз жоқ, өткенге көз жүгіртіп, оның неден бастау алғанына, атқарылған істің маңызы мен ол үшін тер төккен жандарға еріксіз тоқталады ғой. Бұнсыз болмайды. Біз де сол дәстүрден айналып өтпек емеспіз.



     1958 жылдың  наурыз айында КСРО үкіметінің шешімімен және Қазақ ССР Телевидение және радио хабарларын тарату жөніндегі Мемлекеттік Кеңесінің шешімімен сол  уақыттарда саны шамамен 1 миллионға жетіп жығылатын (957.641 адам) кеңестік этникалық немістерге арнап неміс тілінде хабар ашу туралы шешім қабылданған болатын.  Артынша, мамыр айының 28-інде мемлекеттік тапсырыс бойынша тұңғыш  неміс бағдарламасы өз тыңдармандарына жол тартты. Оның ең алғашқы редактор-дикторы Иван Яковлевич Гальман болды.  Ұзақтығы 25-30 минуттық бағдарламалар күн сайын түскі сағат 13:00-де әуе толқынына шығып отырды. Бұның  совет-қазақ немістері үшін үлкен мәдени оқиға болғаны сөзсіз. Әсіресе әр жұма сайын радиотыңдаушылардың сұрауы бойынша берілетін концертті жұрт ерекше сүйіп тыңдайтын еді.



Бүгінгі таңда неміс этносы (нақты статистикалық дерек бойынша 226.000 неміс ұлтының өкілі), реимиграция үдерісінің жалғасып жатқанына қарамастан, Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында, сол үлкен шаңырақтың астында өзінің лайықты орнын алып отыр. Олар біртұтас қазақстандық ұлт құру жолында жарқын болашаққа қарай сенімді қадам басып келеді. Неміс тіліндегі «Bruecken”- “Көпірлер” бағдарламасы мен орыс тіліндегі “Казахстан без границ” бағдарламасы ең көп этникалық топтардың 6 (неміс, өзбек, ұйғыр, украин, татар, түрік) тілінде хабар тарататын "Достық" бағдарламасының құрамына кіреді  және Қазақ радиосының Алматы студиясынан аптасына бір рет, әр дүйсенбі сайын 16.30-да 101 FM толқынынан 15 минуттық радиохабар әуе толқынына шығады. (FM 101, qazradio.fm)



"Достық" редакциясы мен оның бағдарламалары Қазақстан ақпарат кеңістігіндегі және этномедиялық кеңістіктегі медианың ажырамас бөлігі. "Достық" Қазақ радиосының ең қиын кездерде де қазақстандық немістердің тағдырына бей-жай қарамағандығының көрінісі. Оның тағы бір айғағы - немістер үдере көше бастаған кезде де радиода Гете - Институты тіл үйрену курсының,  Неміс толқынының (Deutsche Welle), имиграция туралы жан жабырқатар хабарлар мен қазақ немістерінің қайта оралып жатқандығы туралы қуанышты жаңалықтардың еш іркіліссіз жүріп жатқандығы болса керек.  Сонымен қатар жаһанданған әлемнің маңызды жетістігінің бірі онлайн-форматта 2008-ші жылы ГФР президенті Х. Келлердің, 2017-ші жылы Герман Бундестагының төрағасы Ф.В. Штайнмайердің, 2016-шы жылы 2015, 2017-ші жылдардағы Бундестаг депутаты қазақстандық неміс Цертиктің және тағы басқа ГФР мемлекет қайраткерлерінің бағдарламаға қатысып, көші-қон мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салуына мол мүмкіндік туғызған еді. Бұл ғана емес радиобағдарлама Австрия, Швецария, Люксембург, Лихтенштейн сияқты неміс тілді елдер мен биыл құрылғанына 30 жыл толғалы отырған Еуропалық Одақ елдерінің өкілдері үшін ақпарат мінберіне айналған болатын. Мәдениетаралық "Көпірлер" бағдарламасы жалпыхалықтық "Мәңгілік ел" идеясынан қуат алған этника аралық және конфессия аралық келісім, ынтымақтастық, бейбітшілік пен достықтың қазақстандық моделі - Қазақстан халқы Ассамблеясынан туындап жатқан жасампаз идеялардың жаршысы болып келе жатыр. Ол қазақ немістерін толғандыратын тіл тағдыры, мәдениетті жаңғырту, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды сақтау төңірегіндегі ғана емес, сонымен қатар экономика, саясат, ғылым, білім, халықаралық ынтымақтастық, имиграция, реимиграция тақырыбындағы мәселелерді кеңінен көтеріп, талқыға салады. Этникалық немістер Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Атап айтар болсақ, Бельгер Г. К., Шарф  И.И. Боос Э.Г., Госсен Э.Ф, Сауэр И. А., Рау А. П., Каппель Е.Я, E.Я. Ауман, Больгерт Е.А. және тағы басқалар.  

Ұлы Гетенің тілі Қазақстанның білім жүйесінде өзінің лайықты орнын алып келеді. Орайы келгенде айта кету керек, 2023 жылдан неміс тілі 3-ші сыныптан бастап оқытылуға тиіс міндетті екінші тіл болып енгізілсе, неміс тілінде оқытатын 7 мектептің дипломы қазақстандық аттестатпен бірдей мәтебеге ие болады. Алматыдағы Қазақстан-Неміс университеті экономика, бизнес, мәдениет, халықаралық қатынастар саласында Қазақстанның алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына жету жолында өз білімі мен тәжірибесін аямай еңбек ететін білікті мамандар дайындау ісін жетілдіре бермек.



10 жылдан бері орыс тілінде үзбей хабар таратып келе жатқан  Қазақстан Халқы Ассамблеясының төл жобасы  - «Казахстан без границ”, Ұлтаралық  "Достық" редакциясы бұлар Қазақстан медиа кеңістігіндегі этножурналистиканың пәрмендігінің нақты және жарқын  көрінісі деуге әбден болады.

"Көпірлер" неміс бағдарламасы бұл - Азиядағы жалғыз бағдарлама. Осындай мүмкіндік жасап, қиыншылықтарға қарамастан қазақ немістерінің тағдырына бей-жай қарамай, қолдау білдіріп отырған Қазақ радиосы қандай құрметке де лайық!", - дейді Татьяна Жандильдина.

     


Татьяна Жандильдина:  Этноржурналист, Қазақ радиосының этникааралық "Достық" бағдарламасының жүргізушісі, 2011 жылы  РТРК "Қазақстан" арнасы тағайындаған  Әнуарбек Байжанбаев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Халқы Ассамблеясының этножурналистер арасында өткен шығармашылық "Шаңырақ" байқауының екі мәрте, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының екі мәрте иегері, ҚР Тұңғыш Президенті Қорының "Ұлт көшбасшысы және Қазақстан тәуелсіздігі 2016" сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерейтойлық төсбелгілерінің, 2008-ші жылғы Парламент Мәжілісінің, ҚХА-ның 2015, 2016, 2018 жылдардағы, сондай-ақ 2008-ші жылғы Достық Үйінің  құрмет грамоталарының иегері.