Смартфондарды тіркеу ережесі өзгереді

Елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі тіркелген байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту басқармасының басшысы Азамат Серіктаев айтты.
- Ереженің ең басты мақсаты – тұтынушылар мен абоненттерді қауіпсіз және тексерілген абоненттік құрылғылармен қамтамасыз ету. Егер құрылғыңыз аталған ереже заңды күшіне енгенге дейін сатып алынған болса, ешқандай қобалжудың, алаңдаудың еш қажеті жоқ, - деді Азамат Серіктаев.
Жаңа ережелер енгізіліп, олар мобильді құрылғылар нарығының ашық әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етпекші.
Қандай тізімдер пайда болады?
✅Ақ тізім – сәтті верификациядан өткен құрылғылар, олар ешқандай шектеусіз тіркеледі.
✅Сұр тізім – уақытша рұқсат етілген құрылғылар. Олардың иелері 30 күн ішінде құрылғының заңды түрде әкелінгенін растауы тиіс.
✅Қара тізім – заңсыз әкелінген, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Фото: pixabay