Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мемлекеттік Гимнге – 20 жыл

Мемлекеттік Гимнге – 20 жыл

Құрметті оқырман! Өткен 2025 жыл қазақ елі үшін есте қаларлықтай мәдени - әдеби шараларға толы жыл болды. Солардың ішінен халқымыздын көрнекті ақыны, ҚР Мемлекеттік сыйлығынын лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығының тойлануын ерекше атап өтуге болады. Шын мәнінде, былтырғы жылды aтыраулықтар үшін Жұмекен жылы болды деуге әбден болатындай. Дегенмен еліміздін әдеби - мәдени өмірінде Жұмекен поэзиясын ұлықтау 2026 жылы да өз жалғасын табады деуге толык негіз бар. Өйткені биылғы жылдың 6 қаңтарында бұдан 70 жыл бұрын ақын Ж.Нәжімеденов пен композитор Ш.Қалдаяқов жазған «Менің Қазақстаным» әнінің ҚР-ның Мемлекеттік Гимніне айналғанына 20 жыл толады. Осыған орай, сіздердің назарларыңызға ҚР-ның үздік өлкетанушысы, профессор Аманкелді Шамғоновтың «Менің Қазақстаным»: патриоттық әннен Мемлекеттік Гимнге дейін» атты естелік-эссесін ұсынып отырмыз.



Мемлекеттік Гимнге – 20 жыл.


«Менің Қазақстаным»:  патриоттық әннен Мемлекеттік Гимнге дейін.
(Естелік-эсседен үзінді)


1961 жылы мен Алматыдағы С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Сол кезде Жұмекеннің “Балауса” атты  алғашқы жыр жинағы баспадан шыққан болатын. Оған қоса осы мезгілде Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әні Қазақ КСР халық әртісі Жамал Омарованың орындауында радиодан жиі беріле бастады. Оның өзі Жұмекенмен мектептес біз үшін  үлкен мақтаныш болды. Сондықтан да тезірек Жұмекенді көргім келді. Сөйтіп жүргенде, ойда-жоқта 1962 жылдың күзінде теміржол вокзалында мен Жұмекенмен кездесіп қалдым. Уақыт тығыз болды да, ол мені қаланың шығыс бетінде тау баурайында орналасқан Подгорная көшесінде жалдап тұрған үйіне шақырды. Көп кешікпей мен Жұмекеннің үйіне бардым. Үйінде Нәсіп жеңгеміз, кішкентай Әйкен бар екен. Менің Нәсіп жеңгемізді бірінші көруім болатын. Ол кісі сол кезде Алматы кілем фабрикасында жұмыс істейді екен. Жұмекен екеуміздің әңгімеміз негізінен “Жасқайратта” оқыған кезіміз, Ақшағылда батпа қуып ойнағанымыз, мектеп бітіргеннен кейінгі өміріміз туралы болды.

Салыстырып қарасақ, екеуміздің де мектепті бітіргеннен кейінгі өмір жолымызда ұқсастықтар көп екен. Ол 1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін бір кезде өзі оқыған “Жасқайрат” орталау мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті. 1955 жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына түсе алмай, ауылға қайтуды намыс көріп, комсомол жолдамасымен Қарағандыға көмір өндіру шахтасына аттанып, бір жыл жұмыс істеп, Алматыға қайтып келіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіпті. Ал мен болсам, кәмелеттік аттестатты Зормата ауылдық кеңесіне қарасты Сталин атындағы орта мектептен алдым. Сол мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің  мұғалімі, Жұмекеннің немере ағасы Қайырмеденов Төлегеннің қамқорлығын көп көрдім. Жұмекеннің кенже қарындасы Жаңылсын да мектепті сол ағамыздың үйінде жатып оқыды. Орта мектепті бітіргеннен кейін ҚЛКЖО Теңіз аудандық комитетінің жолдамасымен Калинин атындағы колхозда тракторшының көмекшісі болып еңбек еттім. 1960 жылы Алматыға келіп, Ауылшаруашылығы институтының агрономия факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бірақ конкурстан өте алмадым. Ауылға қайтуға намыстанып, не істерімді білмей жүргенде біреулер Қарағандыға, шахталарда көмір қазуға барам деушілерге жолдама беріледі екен деген әңгіме таратты. Менің де жолдама алып, Қарағандыға кеткім келді. Алайда маған ол жақтың дәмі бұйырмаған болып шықты. Себебі менің Ауылшаруашылық институтында танысқан жігіттерім (олар да оқуға түсе алмағандар) 2-ші Алматы жүк түсіру стансасына жұмысқа орналасайын деп жатыр екен. Мен де соларға қосылып, теміржолда вагондардан жүк түсіруші болып жұмысқа кірдім. Жұмыс жеңіл болмағанымен, мені оның жатақханасы қызықтырды. Осылайша мен Қарағандыға бармай, Алматыда қалып, келесі жылы оқуға түсуге дайындалуға бекіндім. Сөйтіп мен бір жыл теміржолшы болып жұмыс жасап, 1961 жылы ҚазМу-дың тарих факультетіне оқуға түстім. Менің университетке оқуға түсуге дайындалуыма бір кезде Нұржаудағы мектепте Жұмекенді оқытқан Кәрімов Хасан ағайдың үлкен көмегі тиді. 1961 жылы ол кісі университеттің қазақ тілі кафедрасында оқытушы болып істеп, әрі сырттай аспирантурада оқиды екен. Түсу емтиханында қазақ тілі мен әдебиетінен ауызша және жазбаша “өте жақсы” деген бағаға тапсырғаннан кейін оқуға түсу мәселесі негізінен шешіліп те қалды...

Біраздан  кейін әңгімеміз “Менің Қазақстаным” әнінің қалай жазылғанына ауысты. Мен Жұмекенге “Мәдениет және тұрмыс” журналында жарияланған әннің мәтінінде “7 жыл жоспары, 7 қыр асқаны, Думанды бастады, Қазақтың жастары” деген шумақ бар ғой, бірақ бұл шумақты Ж.Омарова радиода  әнге кірістірмейді ғой, - дедім. Бірақ  Жұмекен бұл жерде ештеңе айтпады. Біраздан кейін ғана “бұл жерде саясат бар” - деді. Ол қандай саясат екенін ол кезде мен біле алмадым. Тек 60-жылдардың ІІ-жартысында университеттің жоғарғы курсында оқып жүргенде ғана, мен ол саясаттың мәнін түсіндім. Ол былай екен: ХХ ғасырдың 54-64 жылдарында партия мен үкіметті қатар басқарған Н.С.Хрущев Ресей мен Қазақстанның көптеген аумағында тың және тыңайған жерлерді игеруге бастамашы болды. Тың игерудің пайдалы жақтарымен бірге зияны да аз болған жоқ. Жыртылған жер топырағы эрозияға ұшырап, астық түгілі қарапайым шөп шықпай, талай жыл қуаңшылықтар да болды. Көптеген жерлер жыртылып, мал жайылымы әбден тарылды. Қазақстанда әкімшілік бөлініс жиі-жиі болып тұрды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан өлкесі, Батыс Қазақстан өлкесі, Тың өлкесі деген өлкелер пайда болды. Н.С.Хрущев Тың өлкесінің орталығы саналған Ақмола қаласының атын Целиноград деп өзгертті. Тіпті сол мезгілде Тың өлкесіне кіретін Қазақстанның 5 облысының болашақта Ресей Федеративтік Республикасы құрамына қосылуы да мүмкін деген сөз де тарай бастады. Оның алдында Шымкент облысының 2 ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Сондықтан да ел ішінде жаңағы қауесеттің соңы  шындыққа айналып кете ме? деген қорқыныш та болды. Бұл жөнінде композитор Ш.Қалдаяқов республикалық теледидардан берген сұхбаттарының бірінде былай деген: ”Қазақстанның солтүстік аймағындағы 5 облыс Ресейге берілуі мүмкін” деген сөз менің жаныма қатты батты. Бабаларымыздың  ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен ғасырлар бойы шетелдік басқыншылардан қорғап қалған жерімізден айдың-күннің аманында айырылып қаламыз ба? деген ой басымнан шықпай қойды. Сол кездерде менің ойыма бір әуен келді. Кейін сол әуеннен марш екпінінде ән шықты. Мен бұл әннің мәтінін кім жазар екен деген оймен біраз жүрдім. Ақыр соңында жақында Гурьевтен келген жалындап тұрған 21 жастағы жас ақын Жұмекен Нәжімеденовке  әніме сөз жазу туралы қолқа салдым. Менің ұсынысымды консерваторияның І курс студенті Жұмекен бірден қабыл алды”. Осылайша, композитор Ш.Қалдаяқов пен ақын Ж.Нәжімеденов өздерінің Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілігін білдіретін марш екпінінде жазылған “Менің Қазақстаным” деген әнді дүниеге әкелді.  

         Жұмекеннің қызы Әйкен былай дейді: “Ол (Жұмекен – А.Ш.) 1956  жылы Қарағандыдан Алматыға келген еді. Жолда жүргенде алып жүретін аспан түстес бір шабаданы болатын. Ол шабаданды біз жеті жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жанымыздан бір елі тастаған емеспіз. Әлгі шабаданның ең астына газет төсеп қоятын. Алматыға келгенде көрдік, әкем сол газеттің астына “Менің Қазақстанымның” кейбір нұсқаларын жазып қойыпты”.[1]

       1956 жылы қазақ халқы тың игеру барысында еңбектегі ерліктің ерекше үлгісін көрсетіп, 1 (бір) миллиард пұт астық жинауға қол жеткізді. Бұл туралы “Социалистік Қазақстан” газетінде 1956 жылдық 31 шілдесінде сүйінші хабар жарияланды. Сол 1956 жылдың 20 қазанында Қазақ КСР-ы Ленин орденімен марапатталды. Ал 23 қазанда “Социалистік Қазақстан” газеті указды толық жариялады. Онда былай делінген: “СССР Жоғарғы Советі Президиумының указы бойынша тың және тыңайған жерлерді игеру ісінде аса көрнекті жетістіктерге жеткені, елімізде жаңа аса ірі астық базасын жасағаны, астық өндіруді мықтап арттырғаны және 1956 жылы мемкелетке 1 миллиард пұт астық тапсыру жөніндегі міндеттемелерін ойдағыдай орындағаны үшін Қазақ Советтік Социалисттік республикасы Ленин орденімен наградталсын. СССР  Жоғарғы Советі Президиумының председателі К.Ворошилов. СССР  Жоғарғы Советі Президиумының секретары А.Горкин. Москва, Кремль. 1956 жыл 20 октябрь.”  [2-96 б].

         1956 жылы 22 қазанында кешкі сағат бесте Алматы қаласындағы “Коминтерн” алаңында республикамыздың Ленин орденімен наградталуына байланысты қала еңбекшілері қатынасқан үлкен митинг өткен. Митингіге алаңның іргесіндегі Құрманғазы атындағы консерватория студенттері қатынасқан. Солардың ішінде бірінші курс студенттері ақын Жұмекен мен композитор Шәмші де  митингінің басы-қасында болған болуы керек.

Қазақстанда мемлекет қамбасына 1 миллард пұт астық құйылуына байланысты қазақ ақындары “Социалистік Қазақстан” газетінде өз өлеңдерін жариялай бастайды. Мысалы, сол газетте 12 қазанда Хамит Ерғалиевтің “Миллион туралы ой”, Жұбан Молдағалиевтің “Біз жырлаймыз”, 24 қазанда Сырбай Мәуленовтың  “Менің Ленин орденді Қазақстаным” атты өлеңдері басылған. Осындай бүкілқазақстандық қуанышты оқиғаға  Жұмекеннің ақын ретінде  өз үлесін қоспауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін  емес. Оған жұмекентанушы М.А.Азбанбаевтың мына пікірін келтірсек те жеткілікті: “Біздің зерттеу бойынша “Менің Қазақстаным” әнінің сөзі 1956 жылдың 25 қазанында дүниеге келіп, қағаз бетіне түскен. Тоқ етерін айтқанда, өлең сөздері Орден алған қуаныш кешінде туған.” [3,110 б]

         Композитор Шәмші Қалдаяқовтың ақын Жұмекен Нәжімеденовке әуенге сөз жазу туралы қолқа салуы да осы митингіден кейін болса керек. Шәмші айтқандай, Жұмекен бұл ұсынысты бірден қабылдайды.

Әннің алғашқы мәтіні мынадай болған:  

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы.
Думанды бастады,
Далама қарашы.

  Кең екен Жер деген,
  Жерге дән шықты ғой,
  Дән егіп, терлеген,
  Қазағым мықты ғой.

Қайырмасы

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін.
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің - Қазақстаным.


Айнала қарасам,
Асықты жүрегім,
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім,

Біздің ел Орденді
Көтерді туларын,
Елмен ол тербелді,
Тербеле жырладым.


Қайырмасы

Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар, жарандар,
Осындай елім бар.

Қарсы алған уақытты,
Ежелгі досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай.

Қайырмасы



         Алайда, бұл әннің баспасөз бетіне жариялануында үлкен қиыншылық болған. Авторлар әнді жариялау үшін оны “Мәдениет және тұрмыс” журналына апарады. Ондағылар әннің мәтінінде коммунистік партия және оның басшылығымен қабылданған 7 жылдық жоспар туралы ешнәрсе айтылмаған, сондықтан ән журналға  жарияланбайды, - деп кейін қайтарады. Жұмекен амалсыз “7 жыл жоспары...” деп басталатын шумақты қосуға мәжбүр болады. Осыдан кейін  ғана ән мәтіні журналға жарияланады.

Ән мәтіні мынадай болған:

Алтын күн - аспаны,
Даласы - алтын дән.
Қырандай жастары
Қияға талпынған.

Жайқалған орманы,
Жап - жасыл көлдері,
Ел даңқын қорғады,
Еңбектің ерлері.

Қайырмасы

Менің елім, менің елім,
Көз тұндырар жерің егін,
Партияның аясында елім,
Қазақстан - менің Қазақстаным.

Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Жаңалық достары,
Біздің ел жастары.

Алтын күн азат күн,
Жаңғыртты жотаны.
Осындай қазақтың  
Советтік отаны. [4.112-113 б]

Қайырмасы



Ән тұңғыш рет 1959 жылы Қазақ КСР-нің халық әртісі Жамал Омарованың орындауында радиодан берілді. Кейін бұл әнді Ришад Абдуллин, Сара Тыныштығұлова және басқа да әншілер тамылжыта орындады.

Әйкен Жұмекенқызының айтуынша қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Жұмекеннің жұбайы Нәсіп Мұстаққызы әннің алғашқы түп нұсқасын іздеп, радионың алтын қорында сақталған шығарманы көшіртіп, көзінің қарашығындай сақтаған.

            “Менің Қазақстаным” әнін жұртшылық өте жылы қабылдады. Тіпті балалар бақшасындағы бүлдіршіндерден бастап, ел ақсақалдарына дейін “Менің Қазақстаным” әнін айтатын болды. XX ғасырдың өзінде-ақ бұл әнді жұртшылық ұлттық гимн деп атаған. Менің пікірімше, мұның бірнеше себептері болды. Біріншіден, сол кездегі саяси-әлеуметтік жағдайға орай  әннің сөзі патриоттық рухта жазылған. Екіншіден, ән әуенінің марш екпінінде жазылуы, әннің айтылуы барысында адам бойында ерекше сезім туғызатын. Үшіншіден, Жамал Омарова, Сара Тыныштықұлова және басқа да әншілер әнді нақышына келтіріп, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандыра орындайтын. Осылайша, ән елге тез тарап кетті.

1986 жылғы желтоқсан айындағы Алматы қаласындағы көтерілістен 30 жыл өткен соң бұл әннің мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Сөзі мен сазы үйлескен бұл ән қазақ жастарының қаһармандық рухын биіктетіп, бойларына үлкен жігер бітірді.16-18 желтоқсан күндері Республика алаңына жиналған жастар “Менің Қазақстаным” әнін қайта-қайта шырқап, Қазақ елінің рухын асқақтатты. Алаңда осы әнді шырқаған біраз жастың қаны төгілді, өмірлері қиылды...

        Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда “Менің Қазақстаным” әні мемлекетіміздің ресми емес әнұраны ретінде көптеген жерлерде, әсіресе үлкен концерттердің соңында орындалып жүрді. Еліміздің Қарулы күштерінің сарбаздары осы әнмен шеру жасаса, Қазақстанның кейбір демократиялық партиялары бұл әнді өз партияларының әнұраны етіп қабылдады. Осылайша, “Менің Қазақстаным” мәңгі жасайтын халық әніне айналды.

“Менің Қазақстаным” әнінің өлеңі арқылы Жұмекен Нәжімеденов ұлттық ақынға айналды. Қазақстандық патриотизмге толы “Менің Қазақстаным” әнімен Шәмші мен Жұмекен өздеріне мәңгі ескерткіш орнатты.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлы Ж.Нәжімеденов пен Ш.Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным” әнінің Қазақстанның Мемлекеттік Гимні болып қабылдануы туралы былай деп жазады: “2005 жылдың 26 желтоқсаны еді. Сол күні сағат үште Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе – мемлекеттік гимнді ауыстыру болды. Мемлекеттік хатшы (Оралбай Әбдікәрімов – А.Ш.) гимнді ауыстырудың мән-жайын, жаңа астанада жаңа гимн дүниеге келетінін және оған Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтің “Менің Қазақстаным” әні арқау болатынын баяндады”. [5]

“Егемен Қазақстан” газетінің 2006 жылғы 7 қаңтардағы №7 санында сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Парламентіне хаты жарияланды. Онда былай делінген: “Еліміздің қай түкпіріне барсам да, кәрі де, жас та әнұрандық мәртебесі болмаса да аса көрнекті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов пен талантты ақынымыз Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған “Менің Қазақстанымды” әнұран есебінде шырқағанының талай рет куәсі болдым. Бұл мен ғана емес, қазақстандықтардың сан буыны әлдеқашан білетін шындық. Осы уақытқа дейін бейресми әнұран қызметін атқарып келген бұл әнге ресми мәртебе беретін күн жетті деп есептеймін.

     Осы орайда ән мәтініне қатысты өз пікірімді ортаға салмақпын.

Бұл әннің мәтіні Қазақстан тыңын игерушілер құрметіне жазылғаны ешкімге құпия емес. Сол себепті мәтінді әнұран ретінде қабылдау үшін оған бірқатар өзгерістер енгізу керек деп есептеймін.

Біріншіден, әнұранда ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күрескен бабалар ерлігі көрсетілуге тиіс. Екіншіден, мәтінде сол ата-бабалардан қалған асыл мұрамыз жеріміздің кең байтақ екендігі орын алуы керек. Үшіншіден, еліміз бен жеріміздің байлығы біздің ұрпақтарымыздың болашағына жарқын жол ашатыны да айқын көрініс тапқаны жөн. Ең бастысы, біздің тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – ел бірлігі баса көрсетілуі керек.

Осы талаптарға жауап беретін өзгерістер түскенде ғана “Менің Қазақстанымның” музыкалық редакциясын сақтай отырып, әнұран ретінде Қазақстан Республикасы Парламентіне ұсынуға әбден болады деп есептеймін.

Президент есебінде ғана емес, Қазақстанның азаматы ретінде де мен осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер енгізіп, мәтіннің жаңа нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмын. Авторлығына еш таласым жоқ. Мен үшін биіктерге беттеген туған елімнің әлі талай буыны асқақтата шырқайтын, Қазақстанның бүгінгі келбетіне сай әнұран қабылданса болғаны. Нұрсұлтан Назарбаев.” [6,247]

Одан әрі мәжілісте қабылданған жаңа гимн Президент Н.Ә.Назарбаевтың қол қоюына жіберілген. Президент сайлауынан кейінгі Н.Назарбаевты ұлықтау кезінде авторлары ақын Ж.Нәжімеденов, композитор Ш.Қалдаяқов және Н.Ә.Назарбаев болып табылатын жаңа Гимн тұңғыш рет Астана қаласында 2006 жылы 11 қаңтарда салтанатты түрде шырқалды.  

“Менің Қазақстаным” әнінің жаңа мәтіні мынадай болды:

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны –
Еліме қарашы!  

Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!


Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!

    
Ұрпаққа жол ашқан,
 Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.

 Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:



         Сөйтіп, 1956 жылы Алматы қаласында белгілі шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың үйінде жазылған “Менің Қазақстаным” әні араға 50 жыл салып Мемлекеттік Гимнге айналды. Бұл ән алғаш дүниеге келгенде авторлары Ш.Қалдаяқов – 26, ал Ж.Нәжімеденов 21 жаста екен.            

      Қазіргі салтанатты жиындарда, Мемлекеттік мерекелер мен ресми қабылдауларда рухты көтеріп, кеудеңді мақтаныш пен жігерге толтыратын Мемлекеттік Гимн орындалғанда, әсіресе, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері қолдарын жүрек тұсына қойып, қосыла әндеткенде, әрбір қазақ елінің азаматы ерекше сезімге бөленеді. Жарты ғасырдан  астам уақыт ішінде елімізде болған әртүрлі оқиғалар, қуаныштар мен қиындықтар көз алдына келеді, әнді дүниеге келтірген авторларды қимастықпен еске аласың. Олардың төл дүниелерінің Тәуелсіз қазақ елінің әнұранына айналғаны көңілді шексіз мақтанышқа бөлейді. “Менің Қазақстаным” шын мәнінде еліміздің азаматтарын татулыққа, теңдікке, еркіндікке, ел мен жерге қызмет етуге шақыратын ән болды.

       Ендігі әңгіме “Менің Қазақстаным” әніне ҚР Мемлекеттік сыйлығының берілуі туралы. Бұл жөнінде сол жылдары Мемлекеттік хатшының кеңесшісі қызметін атқарған Өтеген Оралбайұлы былай деп жазады: “2010 жылдың 20 наурызында мен Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа биылғы жылғы Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ҚР Мемлекеттік  Гимнінің авторларын ұсыну туралы ұсыныс жасадым. Бұл дәстүрдің әлемнің көптеген елдерінде бар екенін және оның қоғамдық-саяси мәні зор екенін айттым”, - дейді. Алайда бұл жерде бір қиындық болған. Мемлекеттік сыйлық ережесінде “Қайтыс болған авторларға мемлекеттік сыйлық берілмейді” деген жол болған. Бірақ сол ережеде “Мемлекет басшысы  кез келген уақытта мемлекеттік сыйлық беретін еңбектерді, авторды өзі ұсына алады және оның  шешімі түпкілікті шешімі болады”, - деген де тармақ болған. Бұл жерде  “Менің Қазақстаным” әнін Мемлекеттік сыйлыққа ұсынушылар осы бапты негізге алған болуы керек. Президент Н.Ә.Назарбаев та ұсынысты қолдайды. Бұл  туралы Ө.Оралбайұлы былай деп жазады: “...жақсы ұсыныс, дереу жүзеге асырыңдар, ұйымдастырыңдар...”. Көп кешікпей, ҚР Мемлекеттік Гимнінің авторлары Ш.Қалдаяқовқа, Ж.Нәжімеденовке, Н.Назарбаевқа ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру туралы қаулы да жарық көреді. Осылайша  “Менің Қазақстаным” әнінің авторлары ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары атағына ие болады.  

     Сөйтіп, кезінде таланттары бағаланбаған қазақтың қос жұлдызының бағы ашылып, “Ештен кеш жақсы” дегендей, тарихи  әділеттілікке қол жетті.  

     Өкінішке қарай, өз өлеңінің Республикамыздың Әнұраны болғанын ести алмай Жұмекен Нәжімеденов өмірден ерте кетті. Алайда оның есімі тәуелсіз қазақ елінде ұмытылмайтын ұлы тұлға болып қала береді.




 Аманкелді Шамғонов,
Профессор, ҚР-ның үздік өлкетанушысы