Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
Нұрлыбек Нәлібаев премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылғы сәуірден бүгінге дейін Қызылорда облысын басқарды.
Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Нұрлыбек Машбекұлы 1976 жылы Қызылорда облысында туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген.
Еңбек жолын 1997-1998 жылдары аралығында "Казахойл-коммерция" ЖШС мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған.
1998-2005 жылдары жеке коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
2005-2007 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары.
2007-2008 жылдары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы.
2008-2013 жылдары – Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі.
2013-2021 жылдары – Қызылорда облысы Қызылорда қаласының әкімі.
2021-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі.
2022 жылғы 7 сәуірде Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды.
"Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған. Қазақстанның құрметті құрылысшысы.
Фото:primeminister.kz