↑
Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстан алтын өндіруден әлемде 15-орында тұр

Қазақстан алтын өндіруден әлемде 15-орында тұр

Қазақстан алтын өндіруден әлемде 15-орында тұр 

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан 82,4 тонна алтын өндіріп, әлемдегі ең ірі алтын өндіруші 15 елдің қатарына енді. Алайда бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға төмен. Қазақстанның әлемдік өндірістегі үлесі шамамен 2,2%-ды құрады.
ЕnergyProm-ның жазуынша, АҚШ Геологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы әлемде 3,8 мың тонна алтын өндірілген. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 2%-ға жоғары.
Әлемдегі ең ірі алтын өндіруші ел — Қытай. Ол өткен жылы 384,3 тонна алтын өндірген. Екінші орында 345 тонна көрсеткішпен Ресей тұр. Үздік бестікті Австралия (293,2 тонна), Канада (213,3 тонна) және Перу (208,9 тонна) түйіндейді. Бұл бес елдің үлесіне әлемдік алтын өндірісінің 37,9%-ы тиесілі.
Сондай-ақ алғашқы ондыққа Гана, АҚШ, Өзбекстан, Мексика және Индонезия кірді. Олардың ішінде Гана өндіріс көлемін 21%-ға арттырса, Индонезияда бұл көрсеткіш 24,8%-ға төмендеген.
Қазақстанда алтын өндірісі қысқарды
Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елде өңделмеген, жартылай өңделген немесе ұнтақ түріндегі алтын өндірісі 127 тоннаны құрады. Бұл 2024 жылғы 132,3 тоннамен салыстырғанда 4%-ға аз. Ал тазартылған алтын өндірісі 4,2%-ға төмендеп, 71,2 тонна болды.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға қысқарып, 84,7 тоннаға жетті. Тазартылған алтын өндірісі де 11%-ға төмендеп, 47,7 тоннаны құрады.
Сонымен қатар кен өндіру көлемі артқан. Биылғы алғашқы тоғыз айда құрамында алтыны бар кен өндірісі 30,5 млн тоннаға жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,4%-ға өсті. Алайда алтын концентраттарының өндірісі 16,9%-ға азайып, 197,8 мың тоннаны құрады.
Қазақстанның алтын қоры 2,3 мың тоннаға бағаланады
АҚШ Геологиялық қызметінің 2026 жылы жарияланған есебіне сәйкес, әлемдегі алтынның геологиялық қоры шамамен 66 мың тоннаға бағаланады.
Бұл көрсеткіш бойынша Австралия 13 мың тоннамен бірінші орында, ал Ресейдің қоры 12 мың тоннаға жетеді. Қазақстанның геологиялық алтын қоры 2,3 мың тонна деп бағаланып, әлемдік қордың шамамен 3,5%-ын құрайды.
Айта кетейік, геологиялық алтын қоры елдердің орталық банктерінде сақталатын алтын резервтерінен бөлек есептеледі.

Фото: depositphotos.com