Биылғы киножобалар питчингіне 95 жоба жолдама алды
Биылғы киножобалар питчингіне 95 жоба жолдама алды
Алматыда мемлекеттік қолдауға және ұлттық фильм мәртебесіне үміткер киножобалардың питчингі басталды. Биыл байқаудың финалдық кезеңіне 95 жоба жолдама алды.
22-24 мамыр аралығында өтетін ашық қорғау Кино орталығының YouTube-арнасында тікелей эфирде көрсетілуде. Питчингтің алғашқы күнінде қатысушылар Сараптама кеңесіне көркем фильм санатындағы жобаларын таныстырды.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook парақшасында ұлттық кино саласында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. Министр мемлекеттік қолдаумен түсірілетін фильмдердің сапасы мен жанрлық әралуандығы артып келе жатқанын айтып, жас киногерлердің белсенділігіне ерекше тоқталды.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали питчингтің байқаудағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл кезеңде авторлар жобаның өзектілігін, фильмнің әлеуетін және шығармашылық топтың кәсіби деңгейін таныстыруға мүмкіндік алады.
Кино орталығының мәліметінше, биыл байқауға жалпы саны 323 өтінім түскен. Екі кезеңдік іріктеу нәтижесінде 95 жоба питчингке қатысу құқығына ие болды. Ашық қорғау қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржылай қолдауға үміткер жобаларға қатысты ұсынымдар әзірленеді.