Елімізде AI-стартаптар мен зерттеулерді қолдайтын жаңа бағдарламалар іске қосылады
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысындағы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының ағымдағы жағдайы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында және Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында қойған міндеттерін орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев және «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындау туралы айтты.
Екібастұз қаласындағы құрылыс алаңында геодезиялық жұмыстар аяқталды, инженерлік-геологиялық ізденістер жүргізіліп келеді және болашақ модульдік блоктарға арналған шұңқырлар әзірленіп жатыр. Құрылыс техникасы мен мамандар жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстарының толық циклі 2026 жылдың маусым айында басталады.
Жиын барысында үздік халықаралық тәжірибе мен технологиялық әріптестер талаптарын ескере отырып, электр энергетикасы, деректерді сақтау және өңдеу, ақпараттық қауіпсіздік салаларындағы тәсілдер қаралды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жобаға әлемдік технологиялық көшбасшылар, гиперскейлерлер, жасанды интеллект және бұлтты есептеу саласындағы жетекші халықаралық компаниялар қатарынан әлеуетті қатысушылардың пулын қалыптастырды.
Жоба шеңберінде alem.ai халықаралық орталық базасында жергілікті AI-экожүйені, зерттеу бастамаларын, кадрлар даярлауды және жасанды интеллект саласындағы стартаптарды қолдаудың бірлескен бағдарламаларын дамыту көзделген.
Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен даму институттарына барлық бағыт бойынша жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асырудың нақты нәтижелері бір айдан кейін премьер-министрге ұсынылуға тиіс.
Фото: Үкімет