Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстанда жасөспірімдер еңбегін қорғау жұмыстары күшейтіледі

Қазақстанда жасөспірімдер еңбегін қорғау жұмыстары күшейтіледі

Қазақстанда жасөспірімдер еңбегін қорғау жұмыстары күшейтіледі
 Қазақстанда жұмыс істейтін жасөспірімдердің құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі нормаларына өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер кәмелетке толмаған қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қарастырады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев атап өткендей, түзетулер 2026 жылдың басынан бері іске асырылып жатқан ведомствоаралық іс-шаралар жоспары аясында әзірленіп жатыр. Өзгертулер қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы заң аясын да қамтиды.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі қолданыстағы заңнамада жасөспірімдер еңбегіне бірқатар шектеулер бар. Атап айтқанда, олардың жұмыс уақыты қысқартылған, түнгі уақытта және қауіпті өндірістерде жұмыс істеуге тыйым салынған, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау үшін ата-анасының келісімі қажет.

Сонымен қатар 2025 жылғы қазан айынан 2026 жылғы сәуірге дейін 100 мыңға жуық бала мен ата-ана арасында жүргізілген зерттеу бірқатар өзекті мәселелерді анықтады.

– Жасөспірімдердің 70%-дан астамы ресми еңбек шартынсыз жұмыс істейді. 51%-ға дейіні кешкі немесе түнгі уақытта еңбек етеді. Ал 10%-ы жалақының уақытылы төленбеуі немесе мүлде төленбеуі мәселесіне тап болады, – деді министр Үкімет отырысында.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, оқушылардың 16,2%-ы еңбек тәжірибесіне ие. Жасөспірімдердің жұмыс істеуінің негізгі себептері – қалта шығынын табу және отбасына көмектесу.

Осыған байланысты заңнамаға келесі өзгерістер енгізу ұсынылады:

- жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қоса алғанда, кәмелетке толмағандардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі үшін жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру;

- сақтандыру арқылы қорғауды алатын кәмелетке толмағандардың құқықтарын бекіту;

- жас мөлшерін, атқаратын жұмысының сипатын және қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кәмелетке толмағандарды жұмыспен қамтудың рұқсат етілген және тыйым салынған нысанын нормативтік айқындауды көздейді.

Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың еңбегіне бақылау күшейтіледі. Мониторинг 10-нан астам қызметкері бар кәсіпорындарда Еңбек тәуекелдері картасы арқылы цифрлық форматта жүргізіледі. Әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларына ерекше назар аударылады.

Сонымен қатар министрлік ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар балалардың еңбек құқықтары, жас шектеулері және қауіпсіздік кепілдіктері туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған.

Ведомствоның мәлімдеуінше, енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер еңбегін көлеңкелі сектордан шығару және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған бірыңғай бақылау жүйесін қалыптастыру.

Фото: gov.kz