Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Астанада ТМД елдерінің қарулы күштері штаб бастықтары ынтымақтастық көкжиектерін талқылады

Астанада ТМД елдерінің қарулы күштері штаб бастықтары ынтымақтастық көкжиектерін талқылады

Астанада ТМД елдерінің қарулы күштері штаб бастықтары ынтымақтастық көкжиектерін талқылады 

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің қарулы күштері штаб бастықтары комитетінің отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан әскери ведомстволарының өкілдері қатысты.
Пленарлық отырыс басталмас бұрын әскери делегациялар басшыларының екіжақты кездесулері өтті. Сондай-ақ қатысушылар «Отан қорғаушылар» алаңындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Отырыста тараптар әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі әскери-саяси ахуалды, көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту және Достастық елдерінің қарулы күштері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіровтың айтуынша, Қазақстан әскер құрылымын дамытудағы тәжірибесімен және әскердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған жаңа тәсілдерімен бөлісті.
Кездесу барысында радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамыту, әскери авиация ұшуларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қаралды.
Сонымен қатар жоғары технологиялық қару-жарақ пен әскери техниканы қолданудың заманауи тәжірибесін зерделеу жайы сөз болды. Қатысушылар әскери зымырандар мен артиллерияны жауынгерлік қолдану, сондай-ақ нысандар мен аумақтарды минадан тазарту міндеттеріне ерекше назар аударды.
– Әскери саладағы ынтымақтастығымыздың деңгейі тұрақты түрде кеңейіп келеді. Бұл ұлттық қарулы күштердің әлеуетін нығайтуға және Достастық мемлекеттерінің қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деп қорытындылады сөзін генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров.
Кездесу қорытындысы бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қорғаныс министрлері кеңесінің хатшысы генерал-лейтенант Юрий Дашкин Достастық кеңістігіндегі әскери өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ынтымақтастық қарулы күштер арасындағы үйлестіруді күшейтуге және өңірлік қауіпсіздікті сақтауға бағытталған.
Іс-шара соңында тараптар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі келісімдерді бекітетін қорытынды құжаттарға қол қойды.

Фото: gov.kz