Бастауыш сыныптарда ТЖБ мен БЖБ алып тасталады – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова
Бастауыш сыныптарда ТЖБ мен БЖБ алып тасталады – Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова
Парламент палаталарының бірлескен отырысы кулуарында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстандағы мектептерде ТЖБ мен БЖБ-ны алып тастау жоспарлары туралы айтты.
Министрдің айтуынша, бастауыш сыныптарда жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалау өткізуді тоқтату мәселесі қарастырылып жатыр.
"Қазір ТЖБ мен БЖБ тапсырмаларының сатылып жатқан фактілері анықталып жатыр. Мәселеге құқықтық баға берілуге тиіс. Сонымен қатар критериалды бағалау жүйесін енгізген көптеген дамыған елдерде бастауыш сыныптарда мұндай бағалаулар мүлде қолданылмаған. Сондықтан қазіргі кезеңде оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптарда критериалды бағалауды алып тастау мәселесін талқылап жатыр", – деді министр.
Қазақстандық оқушылар диктант, шығарма мен мазмұндамаға қайта оралды
Қазақстандық оқушылар диктант, шығарма мен мазмұндамаға қайта оралды
"Қазір біз 2016 жылдан бастап енгізілген стандарттар мен критериалды бағалау жүйесі өз мақсатына толық жете алмағанын көріп отырмыз. Ата-аналар мен мұғалімдер қауымдастығы тарапынан бұл бағалау жүйесін ұйымдастыру мен жүзеге асыруға қатысты көптеген теріс пікірлер бар", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, мәселе қазір жан-жақты талданып жатыр және түпкілікті шешім кейінірек жарияланады.
Сонымен бірге министр дәстүрлі бес балдық бағалау жүйесінің де ескіргенін атап өтті. Сондықтан алдағы уақытта оқушылардың білімін бағалаудың жаңа әрі тиімді тәсілдері қарастырылуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ирина Смирнова мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан бас тарту мәселесіне пікір білдіріп, егер бұл жүйе тиімсіз деп танылса, оны енгізуге жауапты шенеуніктер жауап беруі тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жүйеге қомақты қаражат жұмсалғандықтан, мұндай шешімдер жан-жақты талдау мен сарапшылардың қорытындысына сүйеніп қабылдануы қажет. Сонымен қатар депутат өзгерістердің себептері қоғамға ашық түсіндіріліп, жүйеден не үшін бас тартылып отырғаны нақты айтылуы керектігін атап өтті. Ол бұрынғы бес балдық бағалау жүйесімен салыстырғанда, БЖБ мен ТЖБ-ның да белгілі бір оң тұстары болғанын жеткізді.
Фото: Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінен