Қазақстан 2026–2027 жылдары 7 әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды
Қазақстан 2026–2027 жылдары 7 әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды
2026 жылы Қазақстанда күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. 2027 жылы еліміз спорттың олимпиадалық түрлері - үстел теннисі, дзюдо, бокс, таэквондо, сондай-ақ киберспорт пен жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен алты бірдей әлем біріншілігін қабылдайды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми Telegram-арнасындағы мәлімдемесінде айтылды.
Министрлік ақпаратынша, елімізге ірі халықаралық жарыстарды тарту жұмыстары Мемлекет басшысының спортты дамыту, Қазақстанның халықаралық имиджін ілгерілету және еліміздің аймақтағы жетекші спорттық орталықтардың бірі ретіндегі позициясын нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында жүргізіліп жатыр.
Әлемдік біріншіліктер 2027 жылы Астана қаласында өтеді. Атап айтқанда, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 28-31 қаңтар аралығында, ал ересектер арасындағы әлем чемпионаттары: бокстан - 10-26 сәуір, үстел теннисінен - 22-30 мамыр, дзюдодан - 7-14 маусым, таэквондодан - 7-13 шілде аралығында жоспарланған, ал киберспорттан өтетін чемпионаттың мерзімі нақтыланып жатыр.
"Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет еліміз екі жыл ішінде спорттың түрлі бағыттары бойынша жеті әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бұл - еліміздегі спорттық инфрақұрылымның даму деңгейі мен ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары бағалануы ғана емес, сонымен бірге халықаралық спорт қауымдастығы алдындағы үлкен жауапкершілік", - деп атап өтті министрлік.
Ведомство өкілдері бұл жарыстар әлемнің ең мықты спортшыларының басын қосып, отандық спорттың дамуына, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетініне сенімді.
Сонымен қатар әлемдік біріншіліктерді өткізу оқиғалық туризмнің, қонақ үй саласының, көлік және сервис инфрақұрылымының дамуына оң ықпал етіп, Қазақстанның халықаралық имиджін одан ары нығайтуға мүмкіндік береді.
Мұндай ауқымды жарыстарды өткізу спорттық инфрақұрылымды дамыту, турнирлерді ұйымдастыру сапасын арттыру және халықаралық спорт федерацияларымен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мүмкін болды, деп толықтырды министрлік. Бүгінде Қазақстан әлемдік деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды жоғары дәрежеде өткізе алатын елдердің қатарына нық еніп отыр.
Фото: Қазақстан конькимен жүгірушілер одағының баспасөз қызметі