Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қостанай - 105,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстанда оқушыға да, мұғалімге де сыйақы беріледі: Оны қалай алуға болады?

Қазақстанда оқушыға да, мұғалімге де сыйақы беріледі: Оны қалай алуға болады?

Қазақстанда оқушыға да, мұғалімге де сыйақы беріледі: Оны қалай алуға болады? 

Қазақстанда дарынды оқушыларды қолдау жүйесі соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына миллиондаған теңге көлемінде сыйақы төленіп, оларды дайындаған педагогтердің еңбегі мемлекеттік наградалармен және қаржылай көтермелеумен бағаланып отыр. Бұл – білім беру жүйесін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінің бірі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зияткер ұлтты қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Оның айқын дәлелі – Жаңа Конституцияда алғаш рет адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілуі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен білім беру жүйесін дамытуға бағытталған реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл өзгерістер мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, мұғалім мәртебесін арттыру, ғылымды қолдау және дарынды жастарды ынталандыру бағыттарын қамтиды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары мемлекет халықаралық білім додаларында ел намысын қорғап жүрген оқушыларды қолдаудың жаңа тетіктерін енгізді. Бүгінде олимпиада жеңімпаздары тек марапатқа ғана емес, қомақты қаржылай сыйақыға, жоғары оқу орындарына білім грантымен түсу мүмкіндігіне және халықаралық білім бағдарламаларына қатысуға жолдама алып жатыр.
Мұндай қолдау жүйесі халықаралық деңгейде жоғары нәтиже көрсететін оқушылар санын көбейтіп қана қоймай, білім беру сапасын арттыруға және талантты жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған.
Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына миллиондаған сыйақы төленеді
Президент тапсырмасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды даярлаған педагогтерге біржолғы мемлекеттік ақшалай сыйақы төленіп келеді.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес халықаралық олимпиадада алтын медаль жеңіп алған оқушыға 1500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 6 млн 487 мың 500 теңге көлемінде біржолғы сыйақы беріледі.
Күміс медаль иегерлері 1000 айлық есептік көрсеткіш немесе 4 млн 325 мың теңге, ал қола медаль иегерлері 500 айлық есептік көрсеткіш, яғни 2 млн 162 мың 500 теңге алады.
Бұл – халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатқан оқушылардың еңбегін мемлекет деңгейінде бағалаудың нақты көрінісі.
Қаржылай қолдаумен қатар халықаралық олимпиада жеңімпаздары еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алады.
Ал 2025 жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздары үшін тағы бір мүмкіндік пайда болды. Енді олар «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша білім ала алады.
Жеңімпазды тәрбиелеген ұстаздар да марапатталады
Дарынды оқушының жетістігі оның ұстазының еңбегімен тығыз байланысты. Сондықтан мемлекет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын даярлаған педагогтерді де қолдауды күшейтті.
2025 жылы Президент алғаш рет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын даярлаған 24 педагогті мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегерлері бар.
Сонымен қатар тәлімгерлерге 8,5-тен 26,5 базалық лауазымдық жалақы көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы төленді.
Жалпы өткен жылы халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге 101,7 млн теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы берілді.
Биылдан бастап бұл қолдау ғылыми бағыттағы халықаралық жарыстарға да таралды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігі енгізілді.
Мемлекеттік қолдау халықаралық жетістіктердің артуына ықпал етті
Дарынды жастарды жүйелі қолдау халықаралық олимпиадалардағы нәтижелерден де көрініс тауып отыр.
2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, 1059 медаль және 57 арнайы марапат иеленді.
Олардың қатарында 201 алтын, 351 күміс және 507 қола медаль бар.
Бұл көрсеткіш алдыңғы оқу жылдарымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында қазақстандық оқушылар 563 медаль, ал 2024-2025 оқу жылында 541 медаль жеңіп алған болатын. Биылғы нәтиже – осы көрсеткіштердің екі есеге жуық өскенін көрсетеді.
Әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысқан ұлттық құрама барлық жарыста жүлделі орындарға ие болып, 19 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль бар.
Қыркүйек айына дейін қазақстандық оқушылар география, информатика және лингвистика пәндері бойынша өтетін халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғайды.
Қазақстан оқушылары әлемдік олимпиадаларда тарихи нәтижелерге қол жеткізді
Дарынды оқушыларды мемлекеттік деңгейде қолдау халықаралық білім додаларындағы нәтижелерден де айқын байқалады. Соңғы жылдары қазақстандық оқушылар әлемнің ең беделді пәндік олимпиадаларында тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді.
Биылғы оқу жылында ұлттық құрама әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысып, барлығында да жоғары нәтиже көрсетті. Қазақстандық оқушылар жалпы 19 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 9 күміс және 4 қола медаль бар.
Алда ұлттық құрама география (IGeO), информатика (IOI) және лингвистика (IOL) пәндері бойынша өтетін халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғайды.
Физикадан тарихи жеңіс: Қазақстан алғаш рет абсолютті әлем чемпионы атанды
Қазақстандық оқушылардың биылғы ең ірі жетістіктерінің бірі халықаралық физика олимпиадасында тіркелді.
Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есепте абсолютті әлем чемпионы атанды.
Ұлттық құрама бес алтын медаль жеңіп алып, әлемнің ең мықты командаларының қатарынан көрінді. Бұл – Қазақстанның халықаралық физика олимпиадасы тарихындағы ең жоғары нәтижесі.
Бұл жетістік еліміздің физикадан дарынды оқушыларды даярлау жүйесінің тиімділігін және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.
Биологиядан соңғы отыз жылдағы ең үздік нәтиже
Қазақстандық оқушылар халықаралық биология олимпиадасында да тарихи жетістікке қол жеткізді.
Литвада өткен 37-інші Халықаралық биология олимпиадасында (IBO) ұлттық құрама үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Министрлік мәліметінше, бұл – Қазақстан құрамасының 1996 жылдан бергі ең үздік нәтижесі.
Математикадан әлемнің үздік құрамалары қатарында
Математика пәні бойынша да қазақстандық оқушылар жоғары нәтижелер көрсетті.
Қытайдың Шанхай қаласында өткен 67-інші Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) ұлттық құрама үш күміс және үш қола медаль жеңіп алып, 117 елдің ішінде 22-орынға тұрақтады.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы Литвада өткен Еуропалық математикалық олимпиадада командалық есепте абсолютті жеңімпаз атанды.
Балқан жасөспірімдер математикалық олимпиадаларында да қазақстандық оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, бесінші және алтыншы орындарды иеленді.
Қазақстандық оқушылар химия пәнінен өткен халықаралық олимпиадада бір алтын және үш күміс медаль жеңіп алды.
Еуропалық география олимпиадасында ұлттық құрама екі алтын, бес күміс және екі қола медальға ие болды.
Ал Қытайдың Сучжоу қаласында өткен International Economics Olympiad халықаралық экономика олимпиадасында қазақстандық оқушылар бір алтын, үш күміс және бір қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына тағы бір маңызды жетістік қосты.
Ғылыми жобалар халықаралық деңгейде жоғары бағаланды
Қазақстандық оқушылар халықаралық ғылыми жобалар байқауларында да табысты өнер көрсетіп келеді.
АҚШ-тың Финикс қаласында өткен Regeneron ISEF дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесінде қазақстандық оқушы жасанды интеллектінің көмегімен онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жобасы үшін арнайы марапат пен шетелдік университеттің грантын иеленді.
Сонымен бірге тағы екі қазақстандық оқушы жасанды интеллект саласындағы халықаралық ұйымдардың арнайы марапаттарына ие болды.
Бұл нәтижелер қазақстандық оқушылардың ғылыми әлеуетінің халықаралық деңгейде мойындалып отырғанын көрсетеді.
Қазақстан робототехникадан әлемдік көшбасшылардың бірі
Робототехника бағытында да қазақстандық оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST Robotics халықаралық чемпионатында ұлттық құрама 12 жүлде жеңіп алды.
Ал FIRST Global Challenge дүниежүзілік робототехника чемпионатында Қазақстан ерекше нәтижеге қол жеткізді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қазақстан төрт жыл қатарынан абсолютті әлем чемпионы атанған тарихтағы алғашқы және әзірге жалғыз мемлекет болып отыр.
Бұл жетістік қазақстандық оқушылардың инженерлік ойлау қабілеті мен заманауи технологияларды меңгеру деңгейінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жалпы, Қазақстанда халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау жүйесі жылдан-жылға жетілдіріліп келеді. Қаржылай ынталандыру, мемлекеттік марапаттар, білім гранттары мен халықаралық бағдарламаларға жол ашу – дарынды жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі.
Сонымен қатар халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге де біржолғы ақшалай сыйақы төлеу тетігінің енгізілуі мемлекеттік қолдау аясын кеңейте түсті.
Министрлік мәліметінше, мұндай жүйелі жұмыстар қазақстандық оқушылардың халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі жетістіктерін арттыруға, педагогтердің еңбегін ынталандыруға және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.

Фото: baq.kz