Әлемде мұнай бағасы құлдырады
Әлемде мұнай бағасы құлдырады
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің бәсеңдеу белгілері байқалған соң әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай төмендеді. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 90 доллардан төмен түсті.
Астана уақытымен сағат 14:25-тегі жағдай бойынша Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерстері 8,01 пайызға төмендеп, барреліне 89,02 долларды құрады.
Америкалық WTI мұнайының фьючерстері 7,07 пайызға арзандап, барреліне 82,99 долларға дейін түсті.
Айта кетейік, қазіргі құлдырау мұнай котировкаларының ұзақ уақыт бойы өсуінен кейін болып отыр. Кейінгі үш апта ішінде қақтығыстың өршуіне және Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазы аймағындағы кеме қатынасына төнген қауіпке байланысты Brent бағасы қымбаттаған болатын. Осының аясында мұнай құны бұған дейін барреліне 100 долларға дейін көтерілген еді.
Мұнай неге арзандап жатыр?
Нарық АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты бәсеңдеуі мүмкін деген хабарларға реакция білдірді. Дереккөздердің америкалық БАҚ-қа хабарлауынша, Президент Дональд Трамп дипломатиялық күш-жігерге көбірек уақыт беру үшін соққыларды тоқтата тұруды ұйғарған.
Сарапшылардың пікірінше, Вашингтон мен Тегеран тарапынан жаңа әскери іс-қимылдардың болмауы бағаның төмендеуіне басты себеп болды. Олардың бағалауынша, нарық мұнай жеткізудегі іркіліс қаупін азайтатын кез келген оң сигналдарға өте сезімтал әрекет етеді.
Бұл Қазақстан үшін неге маңызды?
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірісіне, Ұлттық қордың жағдайы және теңге бағамына әсер ететінін мәлімдеген. Мұнай нарығындағы тұрақсыздық экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Мұнай кірістеріне тәуелділік елді сыртқы соққылар алдында осал етеді.
Бұл ретте 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте базалық параметрлер бекітілген: мұнай бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде және доллар бағамы 540 теңге. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар дәл осы бағдарлар негізінде есептеледі.
Фото: depositphotos.com