«Махаббат бекеті» кітабы таныстырылды
Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық Кітапханасында, «Атамұра» баспасынан жарық көрген Қазақстанның халық артисі, театр және кино режиссері, кинодраматург Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» кітабының таныстырылымы өтті. Басқосуға ғалымдар, ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Алдымен сөз алған автор Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын басым бағытқа алған «Атамұра» баспасы қалың оқырман қауымға арналған және бір толымды туындыны ұсынғанына алғысын білдірді.
Иә, «Махаббат бекеті» атты кітапқа махаббат, адам тағдыры, достық, өмір шындығы мен психологиялық толғаныстар арқау болған көркем шығармалар топтастырыған. Жинаққа «Гүлназ», «Көктем шықса, көкек келер» атты екі повесть және «Либерти», «Папасының қызы», «Көке бала» атты әңгімелер енген.
Халықтың рухани сұранысына сай аса қажет кітаптарды шығарып келе жатқан «Атамұра» баспа корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед көркем проза «Махаббат бекеті» кітабын жан-жақты таныстыра отырып, туындының бүгінгі қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
«Махаббат бекеті» кітабында махаббаттың адам өміріндегі орны, қуаныш пен өкініш, үміт пен сағыныш секілді сезім иірімдері көркем суреттеледі. Автор кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, өмірлік таңдауларын және тағдыр жолындағы түрлі сынақтарын бейнелеу арқылы адам болмысының күрделі қырларын ашады.
Бұл турасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев туындының көркемдік деңгейіне жоғары баға бере отырып, "Атамұра"баспасының ілкімді істеріне сәттілік тілеп, жаңа туындыға сәтті сапар тіледі..
Өз кезегінде сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Кәдірбек Сегізбайұлы, ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов, қаламгер-публицист Марат Тоқашбаев және т.б. ақын-жазушылар «Махаббат бекеті» кітабының оқырманы көп болуына ізгі тілектерін білдірді.
«Махаббат бекеті» атты кітап авторы, Қазақстанның халық артисі, театр және кино режиссері, кинодраматург Талғат Теменов нәзік лиризм мен психологиялық сипаттауды ұштастыра отырып, оқырманды кейіпкерлердің жан әлеміне үңілуге жетелейді.
«Махаббат бекеті» атты кітаптағы екі повестен қатар, әңгімелерінде қаламгер замандастар бейнесін, олардың мінез-құлқы мен бүгінгі қоғамдағы өзгерістерді көркем тілмен өрнектейді. Жинақтағы шығармаларда қазіргі қазақ прозасындағы адамгершілік тақырыбы мен қоғам көрінісі жаңа қырынан суреттелген.



