Астанада түнде отшашу атқандар жауапқа тартылды
Астанада түнде отшашу атқандар жауапқа тартылды
Астанада тұрғын үйлердің маңында түнгі уақытта отшашу атып, қатты музыка қосып, қоғамдық тәртіпті бұзған 26 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Олардың 19-ы 10 тәулікке дейін қамауға алынды. Бұл туралы елорда прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы уақытта тұрғын үйлердің маңында түнгі уақытта қатты музыка қосып, отшашу арқылы туған күн иелерін құттықтау жағдайлары жиілеген. Мұндай әрекеттер автокөлік дабылдарының жаппай іске қосылуына себеп болып, тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.
Осыған байланысты Астана қаласының прокуратурасы құқық бұзушыларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі, яғни «Ұсақ бұзақылық» бойынша жауаптылыққа тарту тәжірибесін енгізді.
19 адам 10 тәулікке дейін қамауға алынды
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта 26 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Оның ішінде 19 адам 10 тәулікке дейін қамауға алынған.
Ол 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған алты әйелге және бір кәмелетке толмағанға айыппұл салынған.
Түнгі отшашу үшін қандай жауапкершілік қарастырылған?
Прокуратура түнгі уақытта, адамдар көп жиналатын жерлерде, тұрғын үйлер мен автокөліктердің маңында пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудың қауіпті екенін ескертеді.
Мұндай әрекеттер өрт қауіпсіздігіне, азаматтардың денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ мүлкіне зиян келтіруі мүмкін. Бұдан бөлек, қатты музыка мен отшашу тұрғындардың тыныштығын бұзып, қоғамдық тәртіпке кері әсер етеді.
Осыған байланысты елорда прокуратурасы азаматтарды өзгенің тыныштығын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын ескеруге шақырды.
Фото: BAQ.KZ