«САРАМАН ЖОЛЫ» - САРА ЖОЛ
Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед «Сараман жолы» атты жаңа кітабында ұлт әдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезов пен оның талантты ұлы, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің тағдыры арқылы қым-қуыт оқиғаларға толы XX ғасырдағы қазақ қоғамының саяси тарихын әр қырынан ашып көрсетеді.
Кітаптың «Қайсар рухты ғазиз жан» атты алғашқы тарауы XX ғасырдың басында дүниеге келген Мұраттың анасы Фатима Ғабитованың тағдыр-талайына арналған.
Автор Фатиманың ауыр тағдыры арқылы қазақ даласының шұрайлы жері – Жетісудың отарлануын, Азамат соғысы жылдарында генерал Дутов, атаман Анненков әскерлерінің осы өлкеде жасаған жауыздықтарын кейіпкердің бұлтартпас нақты фактілерге құрылған естеліктеріне сүйеніп ашады.
Осы тарауда ғасыр басы мен жиырмасыншы жылдардағы қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің жай-күйі, республикада ашылған жоғары оқу орындары мен оларды ашудағы С. Асфендияров, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов сияқты ұлт зиялыларының еңбектері баяндалады.
«Алтын баладан – алып эпопеяға» атты екінші тарауда екі бірдей жары сталиндік репрессияның қанды шеңгеліне ілініп, атылып кеткеннен кейін бес баласымен аңырап қалған Фатиманың тіршілік үшін, шүпірлеген балаларының амандығы үшін жанкешті күресі суреттеледі. Осы кезеңде оның ежелгі танысы Мұхтар Әуезов жанынан табылады. Екеуара сыйластық сүйіспеншілікке ұласып, дүниеге «алтын бала Мұратай» деп жазушы еркелеткен Мұрат Әуезов келеді. Өмірге ұрпағын жалғайтын ұл келгеннен кейінгі кезеңде үздіксіз қудалау, сынау, қуғындау мен абақтыға жабудың алдында жүрсе де, кейін әлем әдебиетінің классикалық туындысы ретінде танылған, қазақтың бас романы – «Абай жолы» эпопеясын жазуды аяқтайды.
«Аласат соңы – сабағат» атты үшінші тарауда «Абай жолының» орыс тіліне аударылып, толып жатқан машақаттармен Одақ оқырмандарына жетуінің жай-күйі айтылады. Сондай-ақ ұлы жазушының сол кездегі республика басшысы Ж. Шаяхметовтің қолымен ұйымдастырылып, 1953 жылдың сәуіріндегі үш күнге созылған тұрпайы айыптаулардан кейін достарының көмегімен Мәскеуді жағалауы, Мәскеу мемлекеттік университетіндегі ұстаздық, профессорлық қызметі сөз болады.
«Қоңырдың күзі» атты келесі бөлімде бар ғұмыры қуғын-сүргінмен өткен жазушының Қазақстан басшылығына П. К. Понамаренко, Л. И. Брежнев келгеннен кейінгі уақыттағы өмірінің берекелі, жемісті кезеңі суреттеледі. Осы кезеңде, 1957 жылы жазушының 60 жасқа толған мерейтойы республика көлемінде кеңінен атап өтіліп, 1959 жылы оған Кеңес Одағының ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлық беріледі.
Мұхтар Әуезовтің атағы әлемді шарлап кеткен 1959 жылы оның болашағынан зор үміт күткен ұлы Мұрат Мәскеу мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне түсіп, даңқты әкенің жолын жалғайды.
Кітаптың «Пышаққа түскен кітап» атты бесінші тарауында Мұрат Әуезов бастаған талантты жас ғалымдар жазып, 1976 жылы идеологиялық тұрғыдан зиянды еңбек ретінде туралып кеткен «Көшпелілер. Эстетика. Дүниені дәстүрлі қазақ өнерімен тану» атты көшпелілердің көне мәдениетін зерттеу мен оның әлемдік өркениетке тигізген әсері жайлы жинақтың жазылу тарихы, оның авторларының шығармашылығы тарқатылады.
«Өршіл рухты өзден» деп аталатын кітаптың алтыншы тарауында Мұраттың Мәскеу, Ленинград және Кеңес Одағының өзге де ірі қалаларында оқитын талантты қазақ жастарының басын қосып, тоталитарлық жүйеге қарсы «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны баяндалады. Оның қатарында кейін қазақ ғылымы, мәдениетінің дамуына аса зор үлес қосқан Б. Тайжан, С. Ақатай, М. Айтқожин, М. Ғылманов, Ә. Мұхамбетова т.б. зияткерлер болды.
«Саяқ жортқан саңлақ» атты келесі тарауда жетпісінші жылдардағы Мұрат Әуезовтің шығармашылық ізденістері мен ортасы талданады. Ол бұл жылдары қазақ әдебиеті мен өнеріндегі білімді, тегеурінді жас буын О. Сүлейменов, Б. Ғабитов-Жансүгіров, С. Санбаев, А. Сүлейменов, А. Сейдімбек, М. Қисамединов, С. Айтбаевтармен етене араласып, олар бір-бірін шығармашылық тұрғыдан қолдап отырған. Мұның бәрі Мұрат Әуезовтің сол жылдары жазылған күнделіктерінен әдемі көрініс тапқан.
Іргелі еңбектің «Үндістан үндестігі», «Жазылмаған Жапония», «Ашылмаған Америка» атты кейінгі үш тарауы әкелі-балалы Әуезовтердің әлемнің үлкен үш елі – Үндістан, Жапония және АҚШ-қа жасаған сапарларына құрылған. Автор олардың күнделіктері мен жарияға жеткен жолбаян еңбектерін салыстыра талдау арқылы үш елдің тарихы, мәдениеті мен өнері жайлы және олардың ғылым мен әдебиет саласындағы көрнекті өкілдері туралы таным-тағылымы мол деректер келтіреді.
Академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің түрлі мұрағаттық материалдарды кеңінен қамтып, кейінгі үш жыл ішінде үздіксіз жазылған «Сараман жолы» атты іргелі еңбегі 2023–26 жылдар аралығында «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері мен «Жұлдыз» журналында, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілерде жарияланып, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленді.