Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Робот адамды алмастыра ала ма?

Робот адамды алмастыра ала ма?

Əлемде сəт сайын бір жаңалық ашылып жатыр. Ғалымдар ғажайып жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Адам өмірін жеңілдететін роботтар осыған дәлел.  

Бүгінде роботтар адам атқаратын кез келген қызметті айна-қатесіз орындай алады. Үй жинап, егде кісілерге немесе балаларға күтуші болып, сатушы ретінде сатып алушылардың сұрағына жауап бере алатын роботтар, робот мұғалімдер немесе ақылды техникалар – осы заманғы ғылымының басты тенденциясы.

Өткен жылы Қытайдың робот-журналисі Сяо Нань алғашқы мақаласын Southern Metropolis Daily газетіне жариялаған еді. 300 иероглифтан тұратын мақаланы жазуға робот бір секунтын ғана жұмсаған. 

Роботты жасаушы Бейжің университеті командасының басшысы. Оның айтуынша, Сяо Нань шағын хабарлама ғана емес, көлемді мақала жазуға да қабілетті. Оның ең басты ұтатын тұсы - мәліметтерді жылдам қорыта алады және мәтін теріп уақытын жоғалтпайды. 

Алайда мамандардың айтуынша, әзірге робот нағыз журналистерді алмастыра алмайды. Себебі, ақылды машиналар көлемді мақалаларды, қысқаша шолуды жасай алғанымен, сұхбат құра, терең ой қорыта алмайды. Бірақ жақын болашақта олар журналистерді толығымен ауыстыруы да мүмкін.

Робот-журналистер қазірдің өзінде батыстың көптеген ірі басылымдарында жұмыс істейді. Олар, әсіресе қаржы, спорт салаларында статистикалық деректердің үлкен көлемін жедел өңдеу үшін қажет. Кейбір жағдайларда, роботтар журналистерге материалды жинауға көмектеседі және қызықты деректерді қарастырады. Мысалы, Washington post бірнеше жыл бойы Heliograf атты жазу роботын қолданып келеді. Осы уақытқа дейін робот мыңдаған мақала жазған. Ал Associated Press робот-журналистердің 20% уақытын үнемдегенін, қателер саны да айтарлықтай азайып, материалдар көлемі 10 есеге артқанын жазған.

Жалпы роботтарды пайдалану журналистикаға үлкен көмек. Алайда робот-журналист тез және көлемді жаза алғанымен терең әрі жүйелі талдау жасай алмайды, материалдардың сапасы төмендеуі бек мүмкін дейді мамандар. Бірақ, мақала роботпен жазылса, онда бұл туралы айтылуы керек. Бұл роботтың авторлық құқықтарын қорғау үшін емес. Керісінше, оқырман мақаланың адам жазбағанын білуі керек. Мамандардың жүргізген зерттеулері көрсеткендей, роботтың көмегімен жазылған мақаланың рейтингі әлдеқайда төмен. Техника екенін білген соң, оқырман роботқа адамға сенгендей сенбейді. Мүмкін, оқырман роботқа айналса ғана аудитория робот-журналистерге сенетін шығар деген ой келеді.

Баспа, интернет саласында пайда болған роботттар телевидение салысынан да көріне бастады. Жақында Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі әлемде тұңғыш рет жаңалықтар жүргізетін роботты ұсынды. 

Виртуал жүргізушінің дебюті Чжэцзян провинциясындағы Интернет бойынша дүниежүзілік конференцияда өтті. Келесі күні ол ресми түрде жұмысына кіріскен. Дәл осындай екі диктор болады екен: олардың бірі ағылшын, екіншісі қытай тілінде жаңалық оқиды.

Синтезделген дауыспен қатарласатын осындай роботтар арқылы агенттік телеарна, сайт және ұялы құрылғыларға шығатын жаңалықтарды жылдам дайындай алады.

«Синьхуа» өкілдері бұл технологияның мән-жайы жайлы толық ақпаратты әлі де таратпады. Алайда, жаңа роботтардың тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істей алатыны мәлім.

Қытай БАҚ өкілдерінің мәліметінше, кибержурналистің сыртқы бейнесі Қытайдағы танымал тележүргізуші Цю Хаоның сырт келбетіне негізделіп жасалған. Роботты жасаған мамандардың айтуынша, осылай кез келген адамның робот нұсқасын жүргізушіге айналдыруға болады.

Робот-жүргізуші ақпарат мәтінін кәсіби жүргізушілердей оқи береді. Жасанды интеллект арқасында ол «тірі» әріптестерінен үлгі алып, өзгере алады екен. Жасанды интеллект жүйесі тележүргізушілердің даусын ретке келтіру, сөйлеу барысында ауызды қимылдату үшін қолданылды. 

«Синьхуа» өкілдерінің айтуынша, жасанды жүргізушілер сайтта және әлеуметтік медиа арналарда 24 сағат бойы үздіксіз жұмыс жасай береді. Робот жүргізушілер соңғы ақпараттарды жедел таратуда өте қолайлы. Роботты жасау үшін қытайлық Sogou атты іздеу жүйесі қолданылған. Виртуал жүргізуші телевизияда біраз шығындарды азайтуға көмектеседі. Мысалы, оған грим немесе еңбекақы төлеу қажет емес. Ол күндіз-түні дем алмай жұмыс істей береді. 

АҚШ «Wall Street Journal» басылымының хабарлауынша, қазіргі таңда Қытайдың жасанды жүйені зерттеуге салған қаржысы әлемде алдынғы орында, соған сай жеткен нәтижелері де жоғары. Басылымның мәліметінше, бұл салада Қытай 2009 жылы Жапонияны, 2013 жылы Еуропаны басып озған. Осы қарқынмен 2020 жылы АҚШ-тың да алдына түсуі мүмкін. 

NBC News Қытайдың жаңалық жаратудағы әлемдік үлесінің күрт өскенін мәлімдеген. Әлем бойынша көрсеткіш 13,7%. Қолдану саны 29 мың 846 ретке жетіп, АҚШ пен Жапониядан кейінгі 3 орынға жайғасқан. Айта кетерлігі, осыдан 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш бар болғаны 1,8 %-ды ғана құрған екен. Бұл әрине, аталған елдегі ғылым-техниканы дамытуға қосқан қаржысы мен үкімет қолдауының нәтижесі.