Халықтың сот жүйесіне сенімі артты – Жоғарғы сот
Әкімшілік сот саласындағы реформаның тиімділігін айқын көрсететін басты көрсеткіштердің бірі – халықтың сот жүйесіне деген сенімінің артуы. Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев «Әкімшілік әділет және оның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» форумында айтты.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, сот органдарына толық сенім білдіретін азаматтардың үлесі 63,2 пайызға жеткен. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 55,2 пайыз болған еді.
– Әкімшілік әділет жүйесі мемлекеттік басқарудағы құқықтық мәдениеттің өзгеруіне ықпал етті. Енді мемлекеттік қызметші өз өкілеттігіне ғана сүйеніп шешім қабылдай алмайды. Ол қабылдаған шешімінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін дәлелдеуге міндетті. Осылайша, мемлекеттік мүддені мемлекеттік орган ұстанымын сөзсіз қолдаумен теңестіру тәжірибесінен арылдық, – деді Жоғарғы сот төрағасы.
Бүгінде сот тәжірибесі мүлде басқа қағидаға негізделеді: мемлекеттің шынайы мүддесі – заңның сақталуы, әділдік пен сот алдындағы баршаның теңдігін қамтамасыз ету.
– Өткен жылдары әкімшілік әділет жүйесі институционалдық реформаларды ілгерілететін маңызды тетікке айналды. Бұл жаңашылдықтардың барлығы бір мақсатқа – азаматтарға сот төрелігін қолжетімді, түсінікті әрі әділ етуге бағытталған, – деді А.Мерғалиев.
Айта кетейік, елордада Мемлекет басшысының қатысуымен елдегі әкімшілік әділетке арналған форум өтіп жатыр.
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform