Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 14.09.2020
  • Алматы қаласында коронавирусқа байланысты жасалған карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілді.
  • Ел тұрғындары осы айдың соңына дейін жер мен мүлік салығын төлеу керек.
  • Алдағы күндері ел бойынша күн суытады. 


Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Мемлекет басшысының жарлығымен Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы қызметінен босатылып, жаңа ведомствоға жетекші лауазымына тағайындалған. Ал «АХҚО Әкімшілігі» АҚ-ның басқарма төрағасы болып Ернұр Рысмағамбетов тағайындалды.

***

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 70-сессиясының төрағасы болып сайланды. Жиын бүгін басталды. Ведомство басшысы өз сөзінде әлемдік денсаулық сақтау үшін өте маңызды шараға төрағалық ету - ол үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін жеткізді. «Халықаралық қоғамдастық пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен, біз өзге елдермен ынтымақтаса отырып, COVID-19-ға қарсы күресті жалғастырамыз. Қазір Қазақстандағы жағдай тұрақталды, ал коронавирус инфекциясы қайта өршитін болса, арнайы жоспар әзірледік. Пациенттерді төсек-орын, қажетті дәрілік препарат және басқа да ресурстармен қамтамасыз етеміз», - деді Алексей Цой.

***

1487 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан аурудың салдарынан қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды. Өңірлер бойынша медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (261) және Алматы қалаларында (197), сондай-ақ Алматы (127), Ақмола (122) және Қарағанды (110) облыстарында тіркелді.

***

Биыл Тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары 1-ші қазанда емес 15 күнге ерте қолға алынды. Оған қараша мен желтоқсан айларында коронавирус індетінің жаңа толқынының орын алу қаупі себеп болып отыр. Бүгіннен бастап қарашаның 15-іне дейін жалғасатын екпе жасау үшін еліміз ресейлік «гриппол+» вакцинасының шамамен 2,2 млн дозасын сатып алған. Бұл республика тұрғындарының 10 пайыздан астамын вакцинациялауға жеткілікті. Бұған қоса, ұжымдарға ұйымдастырылған жеке кабинеттерді ақылы түрде халыққа екпе жасау үшін 1 миллионға жуық доза екпе сатып алынады. Ақылы екпенің бағасы еліміздің өңірлеріне байланысты 3,5 мың теңгеден бастап 4-4,5 мың теңгеге дейін болады.

***

Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері коронавирусқа байланысты карантиндік шектеу шараларын жеңілдетті. Қаулыға сәйкес, 15 қыркүйектен бастап: - мәдениет нысандары, кітапханалар мен музейлер жұмыс істей бастайды. Бұл ретте, маска тағу режимі және әлеуметтік қашықтық сақталып, санитарлық-дезинфекциялық шаралар қатаң жүргізілуі қажет. - ата-аналардың өтініші бойынша білім беру ұйымдарында 3-4 сыныптардың кезекшілік топтары жұмыс істей бастайды. Бұл ретте, сыныптағы балалар санын 15-тен асырмау және санитарлық нормаларды қатаң сақтау талабы қойылады.

***

Шымкентте шектеу шаралары 28 қыркүйекке дейін созылды.

Бұл туралы қаланың Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысында белгілі болды. Құжатқа сәйкес сұлулық салондары мен SPA орталықтарының уақыты кешкі 21:00-ге дейін ұзартылды. Олар тек жұмыс күндері ғана ашық болады. Қоғамдық көлікке аптаның 6 күнінде қатынауға рұқсат берілді. Бұған дейін автобустар тек дүйсенбі мен жұма аралығында жүретін. Сондай-ақ енді демалыс күндері ашық аспан астындағы азық-түлік сататын және өзге де базарлар мен сауда орындарының жұмысына шектеу қойылмайды. Отбасылық жиын-той өткізуге рұқсат берілген жоқ.

***

Ел тұрғындары осы айдың соңына дейін жер мен мүлік салығын төлеу керек. Жылжымайтын мүлік және жер салығы бойынша алдағы төлемдер туралы «Салық әмияны» арқылы 1 қазанға дейін меншіктерінде жер телімдері мен жылжымайтын мүліктері бар барлық жеке тұлғалар 2019 жылға мүлік салығын және жер салығын төлеуі керек. «Салық әмияны» қызметінде осы салықтарға есептелген сомалар туралы ақпарат көрсетілген делінген ақпаратта. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қате есептелген салық немесе меншігінде жоқ жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік бойынша салық міндеттемесін «Салық әмияны» қызметінің «Салық салу объектілері» бөлімінде түзетуге болады.

***

Бүгін елордада «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейдің ЦСКА (Мәскеу) командасына қарсы өткізеді. Бұл ойын елорда уақытымен сағат 19.30-да басталады. Кездесуді «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.Екі команда бүгінге дейін 23 мәрте шеберлік байқасты. Оның 7-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клуб жеңіске жеткен.

***

Алдағы күндері күн суытады. «Қазгидромет» таратқан мәліметтерге қарағанда, 15-17 қыркүйек аралығында еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендейді. «Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына циклон ықпал етеді. Циклонның салдарынан солтүстік өңірде және оның орталығында күшті жел тұрады және жаңбыр жауады, бұршақ жауу да ықтимал. Солтүстік және орталық аудандарда ауа температурасы төмендеп, күндіз 10-23 градусты көрсетеді. Оңтүстік өңірлерде кей жерлерде найзағай ойнайды»-делінген хабарламада.