Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 9.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 9.10.2020

Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкек қаласының аумағына төтенше жағдай режимін енгізді. Қырғыз Президенті қол қойған Жарлыққа сәйкес, Бішкек қаласының аумағында 2020 жылдың 9-шы қазаны 20:00-ден бастап, 21-інші қазан, таңғы 08.00-ге дейін төтенше жағдай жарияланды. Бішкекте коменданттық сағат орнап, қалаға кіріп-шығу үшін ерекше режим орнады. Қырғыз Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары Алмазбек Орозалиев Бішкектің комендаты болып тағайындалды. ТЖ туралы қаулыға сәйкес, жекелеген адамдар белгіленген уақытта үйін немесе тұрғылықты жерін ауыстыра алмайды.

Сондай-ақ бүгін Сооронбай Жээнбеков парламент пен премьер-министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Осылайша Қырғыз үкіметі де отставкаға кетті деп саналады. Жарлыққа сәйкес, елде премьер-министр, бірінші вице-премьер-министр, вице-премьер-министрлер, үкімет мүшелері қызметін атқарған тұлғалар Қырғызстан үкіметінің жаңа құрамы қалыптастырылған уақытқа дейін бұрын атқарған қызметтеріне сәйкес міндеттерін атқарады.

***

Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан республикалары Президенттері Қырғыз Республикасындағы оқиға туралы бірлескен мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Ақорда. «Бауырлас Қырғыз Республикасында болып жатқан оқиғалар бізді қатты алаңдатып отыр. Біз ғасырлар бойы ажырамас достық, тату көршілік байланыстары мығым, мәдени және рухани құндылықтары ортақ жақын көрші елдер ретінде Қырғызстан халқын осы қиын күндерде парасаттылық танытуға, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қайта қалпына келтіруге шақырамыз. Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қажетті күш-жігерін біріктіріп, туындаған мәселелерді Конституция мен ұлттық заңнаманы сақтай отырып шешеді деп үміттенеміз. Қырғызстандағы тыныштық – өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы орнықты дамудың маңызды факторы. Елдеріміздің өткен жолы бір және болашағы да ортақ. Орталық Азия халықтарын келешек ұрпақтың игілігі жолындағы берік бейбітшілікке, келісім мен жасампаздыққа ұмтылысы біріктіреді. Мемлекеттеріміз ортақ мақсатқа біріге отырып, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-коммуникациялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, шекаралық және өңіраралық іс-қимылдарды күшейту жөніндегі аймақтық ынтымақтастықты белсенді нығайтуда. Орталық Азиядағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мақсатында біз Қырғызстан халқының бірлікке, бейбітшілікке, дербес дамуға және өркендеуге деген ұмтылысын үнемі қолдаймыз» - делінген мәлімдемеде.

***

«Қазавтожол» жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін аймақтарды атады. Ұлттық компания төрағасының орынбасары Талғат Смағұловтың айтуынша, осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 1 383 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осының салдарынан 454 адам көз жұмып, 2 160 адам әртүрлі жарақат алған. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының 13 пайызға азайғаны байқалады. Алматы, Ақмола, Жамбыл, ШҚО мен Түркістан облыстарында жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні анықталған.

***

Елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен COVID-19 екінші толқынына дайындық және мобильді топтар жұмысы талқыланды. Президенттің COVID-19 екінші толқынына дайындық туралы тапсырмасы аясында елордада карантин шараларының сақталуына мониторинг және бақылау жөніндегі шараларды күшейту туралы бұйрық берілді. Ережелерді жиі бұзатын нысандар ойын-сауық мекемелері, қоғамдық тамақтану ұйымдары – кафелер, мейрамханалар, караоке, барлар, сауда орталықтары мен базарлар болып отыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мобильді топтар жұмысын күшейтуді және кәсіпкерлік субъектілеріне күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер жүргізуді, карантинді бұзушыларды жауапкершілікке тартуды тапсырды. «Сонымен қатар, COVID-19 екінші толқыны болған жағдайда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мен дәріханаларда бағаның өсуіне жол бермеу қажет. Жауаптылар дәрі бағасын қатаң бақылауға алуы керек. Басқа елдерден келетіндер үшін міндетті ПТР тестілеу қажет», – деді Бақтияр Мәкен. Маска тағу тәртібін сақтамаған азаматтарға да шара қолданылады.

***

Ақтауда жаңа мешіттің іргетасы қаланды. Ғибадатхананың алғашқы кірпішін қалау салтанатына облыс әкімі Серікбай Трұмов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Олар естелік жазылған капсула салды. Аймақ басшысы игілікті бастамаға сәттілік тілеп, ел мүддесіне бағытталған осы сауапты істің басталуымен құттықтады. «Бүгін, қасиетті жұма күні облыс орталығы Ақтау қаласында жаңадан Алла үйі бой көтеріп, іргетасы қаланып отыр. Жаңа «Ержан Хазірет» мешіті имандылықтың темірқазығына айналып, халқымыздың рухани құндылығын нығайтуға қызмет ететіндігіне сенемін»,-деді Серікбай Трұмов. Жаңа мешіт дүйім жұртқа қадір-қасиетімен дараланған діни ағартушы ұстаз, ғұлама тұлға Ержан Төлегенұлының атымен аталмақ. Оның есімі біздің елде ғана емес, Иран, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресейде де зор құрметпен аталды. Заман талабына сай салынатын мешіт 2 қабатты. Бір уақытта 500 адам құлшылық ете алады. Аумағында төселетін қырлы тастар жайнамаз секілді болмақ. Одан бөлек, 300 көлікке арналған автотұрақ болады. Жаңа құлшылық үйінің құрылысы 2021 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

***

Енді қарағандылықтар кинотеатрға барып, көліктерінен шықпай-ақ жаңа премьераларды тамашалай алады. Пандемия салдарынан сала өкілдері осылайша жаңа бағытқа бейімделе бастаған. Қазір автокинотеатрдың іргесі қалана бастаған. 50 көлікке арналған орынға келушілер өздерінің темір тұлпарының радиосын киноэкранның толқынымен сәйкестендіреді. Нәтижесінде киноның даусы маңайдағы тұрғындардың мазасын қашырмайды. Айта кетейік, пандемия салдарынан ел кинотеатрлары 15 млрд теңге қарызға батқан. Сондай-ақ 92 кинотеатрдың 9-ы жабылып қалды.