Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 28.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 28.10.2020


28.10.20_19:00 қорытынды


• Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасын қабылдады.

• Мұнай және газ жер қойнауы учаскелері онлайн-аукцион арқылы сатылады.

• Ұлттық статистика бюросының басшысы тағайындалды.

• Ауаны ластап жатқан зауыттарға салынатын айыппұл көлемі өседі.

• Елордада жаңа көпір салынады.

• Алматы облысында карантин күшейтіледі.

• Алаяқтар «Еңбек» бағдарламасына жалған құжат тапсырып, мемлекетке шығын келтірген.

• Данияр Елеусінов UFC чемпиондарымен дайындық өткізді.

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Президентке Қор құрамындағы компаниялар тобының 9 айдағы жұмысы туралы есеп берілді. Есімовтің мәліметінше, таза табыс жоспарланған 167 млрд теңгеден 2,6 есе асып, 436 млрд теңгеге жеткен. Биыл акционер болып табылатын ҚР Үкіметіне 120 млрд теңге дивидендтер төленген. Сондай-ақ энергетикалық, мұнай-газ, уран, телекоммуникациялар, пошта және басқа да салалардағы компаниялар тобының барлық кәсіпорындарында үздіксіз жұмыс қамтамасыз етілді. Өндірістегі жұмыс орындары жаппай қысқартуға ұшырамай, персонал толық құрамда сақталды, қызметкерлерге еңбекақы уақытылы төленіп отыр. Аталған кәсіпорындарда 280 мың адам жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстан Президентіне Қорды инвестициялық холдингке айналдыру тұжырымдамасы ұсынылды.

*****

Мемлекет басшысының өкімімен Нұрболат Серғалиұлы Айдапкелов Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы қызметіне тағайындалды.

*****

Лицензиясынан айырылған ЖОО студенттері семестрдің аяқталуын күтпей-ақ басқа университеттерге ауыса алады. Министрлік осыған қатысты нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді. Бұл норма оқуларын жалғастыру барысында студенттерге қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл ретте студенттерді қабылдайтын жоғары оқу орындарының оқу құнын көтермеуі бойынша мәселелер шешімін табады.

*****

Еліміздегі мұнай және газ жер қойнауы учаскелері онлайн-аукцион арқылы сатылады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Жанат Жахметова хабарлады. Жахметованың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалар аукцион өткізуге онлайн режимде өтініш бере алады. 2020 жылы Қазақстанда 10 мұнай-газ жер қойнауы учаскесін электрондық аукцион арқылы сату жоспарлануда. Карантинге байланысты және көптеген халықаралық әуе рейстері тоқтатылған кезде сауда-саттық электрондық тәсілмен жүргізіледі. Бұл мемлекеттік органдарды да, бизнесті де айтарлықтай операциялық шығындардан босатады.

*****

Алматы облысында карантин күшейтіледі. Қыркүйекте Алматы облысының 74 тұрғынынан короновирус белгілері анықталса, қазан айында бұл көрсеткіш 138-ге жеткен. Науқастанғандардың дені Талдықорған, Текелі қалалары мен Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында тіркеліп отыр. Сырқаттанғандар санының артуына байланысты өңірде карантиндік шектеулер енгізіледі. Ертеңнен бастап аймақта кинотеатрлар, караоке мен түнгі клубтар, көңіл көтеру орындары, атракциондар мен бассейндер қызметін тоқтатады. Көлік жуатын және жөндейтін нысандар кешкі алтыға дейін ғана жұмыс істейді. Мейрамханалар мен кафелер түнгі онда жабылады. 

*****

«Еңбек» бағдарламасымен шығысқа оңтүстік өңірлерден көшіп бармақ болған кейбір отбасылар алаяқтықпен айналысқаны анықталды. Олар Түркістаннан Тарбағатай ауданына көшіп келгені жөнінде жергілікті әкімдікке құжаттар өткізген. Мемлекеттен берілетін қаржылай көмекті де алып үлгерген. Ал шын мәнінде кейбір отбасылардың мүлде көшіп келмегені анықталды. Олар жалған құжат арқылы әкімдіктен 4 жарым миллион теңге алған. Бағдарламаның орындалуын тексерген Шығыс Қазақстан облыстық экономикалық-тергеу департаментінің қызметкерлері біраз былықтың бетін ашты. Тіпті кейбір отбасылар баспана сатып алғаны туралы құжат өткізген. Қазір қылмыстық іс қозғалды. Енді олар 3 миллионға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Немесе мүлкі тәркіленіп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 

*****

Kaspi.kz сервисінің жұмысы қалпына келді. Қазір қосымшадағы барлық қызмет жұмыс істеп тұр. Осындай қолайсыздық тудырғанына қысылған банк клиенттерге 29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi Gold және Kaspi Red-пен Kaspi QR арқылы төлем жасаған кезде 5 пайыздық бонус сыйлауға уәде етіп отыр. Бүгін таңертең қазақстандықтар банкке кибершабуыл жасалып, үлкен ақша ұрланды деген хабарлама алып, дүрлікті. Оған қоса кейбір азаматтар Kaspi.kz қосымшасы арқылы шотынан ақшасын таппай қалса, ал кейбіреуі түсініксіз түрде ақша үстемеленгенін анықтады. Банк хабарлама дерегін жоқққа шығарды, техникалық ақау болғанын, клиенттердің ақшасы өз орнына түсетінін айтып сендірді.

*****

Елордадағы Тәуелсіздік даңғылында жаңа көпір салынады. Ол Тәуелсіздік сарайынан Керей, Жәнібек хандар көшесіне дейін жалғасады. Көпір Нұр-Сұлтан қаласындағы көлік қозғалысын айтарлықтай реттейді. Оның жалпы ұзындығы – 910 м, ені – 36 м болады. Көпірде жаяужол және велосипед жолақтары қарастырылған. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту үшін жаңа көпір астындағы қоғамдық кеңістік құрылады. Жаңа көпірдің құрылысы келесі жылға жоспарланған. 

*****

Данияр Елеусінов UFC чемпиондарымен дайындық өткізді. Кәсіпқой бокстағы жерлесіміз әлеуметтік желідегі парақшасына аралас жекпе-жеке ұйымының бұрынғы чемпионы Рашад Эванс және қазіргі чемпион Камар Усманмен бірге тұрған суретін жариялады. Ол қазір өзінің кезекті кездесуіне әзірленіп жатыр. Жекпе-жек кеші 27 қарашада өтеді. Ал қарсыласы Джулиус Индонго. Ол бүгінге дейін 25 жекпе-жек өткізіп, 23-інде жеңіске жеткен. Ал Даниярдың көрсеткіші 9 жекпе-жек, 9 жеңіс. Қос мықты IBF Inter-Continental чемпиондық белбеуін сарапқа салады.