Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 13.01.2021

Қазақстанда Парламент Мәжілісінің толық құрамы жасақталды. Мәжілісте еліміздегі 3 саяси партия мен Қазақстан халқы Ассамблеясының кандидаттары мандатқа ие болды, Атап айтқанда «Nur Otan» партиясы 76, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 12, Қазақстанның халық партиясы 10 мандат иеленді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 9 депутат сайланды.  

***

Қандай органдарда жемқорлық фактілері жиі кездесетіні белгілі болды. Бұл туралы «Transparency Kazakhstan» ҚҚ атқарушы директоры Ольга Шиян брифингте айтты. Оның сөзінше, пара алу жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер қатарына ауруханалар, полиция, жер басқармасы, орталық кеңселер және мемлекеттік балабақшалар жатады. «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жағдайының мониторингі өткен жылы күз айында жүргізілді. Республика бойынша 9 мың респонденттен сұхбат алынды. Сонымен қатар, «Ашық диалог» порталынан бір жарым мыңға жуық шағым зерттелді. Аймақтар бойынша парақорлық жағдайымен көбінесе Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Атырау облыстарының тұрғындары бетпе-бет келген. Ауруханалар, полиция, жер басқармасы, орталық кеңселер, мемлекеттік балабақшалар - сыбайлас жемқорлық жағдайы көп кездесетін мемлекеттік мекемелер қатарында», - деді сарапшы.

***

Қазақстанның екі облысы «қызыл» аймақта тұр. Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, «қызыл» аймақта кешегідей Ақмола мен Қостанай облысы тұр. Ал «сары» аймақта Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бар. Қалған өңірлердің барлығы - «жасыл» аймақта. Жалпы Қазақстан аумағы коронавирус бойынша «сары» аймаққа енгізілген. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, еліміздің бірнеше өңірінде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайжың нашарлауы байқалады.

***

Сонымен қатар, Қазақстан қысқа мерзімде COVID-19 вакцинасын тіркеуге дайын. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, 31 Желтоқсанда QazCovid-In отандық вакцинасына 9 айға уақытша тіркеу берілді. Және ресейлік "Спутник-V" екпесі бойынша мәселе пысықталуда. Бұдан басқа Moderna және Pfizer вакциналары бойынша келіссөздер процесі жүргізілуде. Қазір вакцинацияға дайындық өте белсенді жүріп жатыр. Министрлікте арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде "СК-Фармацияның" жетекшілігімен препараттардың ауқымды көлемін орналастыра алатын төрт хаб анықталды. Және вакциналарды тасымалдау, сақтау, пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленуде, - деді Нұрлыбек Асылбеков.

***

Талдықорғанда 15 қаңтардан бастап карантин күшейтіледі. Қаланың Бас санитарлық дәрігері Ермек Есімқұловтың қаулысына сәйкес қалада мектептер толығымен жабылады, ал демалыс күндері жеке автокөліктерді пайдалануға тыйым салынады. Талдықорған коронавирус бойынша "қызыл" аймақта орналасқан. Өткен апталарға қарағанда індетті жұқтыру көрсеткіші 0,6 пайызға өскен. Жаңа қаулыда меншік нысанына қарамастан ұйымдардың барлық кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге ауысады. Кез-келген бағыттағы іс шараларды, жиын конференцияларды өткізуге тыйым салынады. Техникалық және кәсіптік, орта және жоғары білім беретін мектептер мен ұйымдарда онлайн-оқыту жалғасады. Негізгі шектеу шаралары демалыс күндері енгізіледі. Сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік белгілі бір уақытта ғана жұмыс істеп, азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, барлық сауда нысандары, мәдениет және спорт объектілері, кинотеатр, қысқы туризм және демалыс орындары жабылады. Сонымен қатар, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін автомобильдерді қоспағанда, тұрғындардың қозғалысы шектеледі.

***

Ақтөбеде шектеу шарасы жеңілдетілді. Бұдан былай сауда орындары, базарлар демалыс күндері ішкі тәртіп бойынша жұмыс істейді. Сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары және косметологиялық қызмет көрсететін объектілер де ашылады. Жабық спорт нысандарында 5 адамнан аспайтын жеке және топтық жаттығу жүргізуге рұқсат. Монша, сауна, бассейнге де жазылып, арақашықтықты сақтап, жұмыс және демалыс күндері баруға болады. Мектепке дейінгі мекемелердегі кезекші топ балаларының саны 20-дан аспауы тиіс. Дегенмен, әлі де конференция, көрме, форум, ойын- сауық, спорттық жарыстар өткізуге, сондай-ақ адамдар көп жиналатын отбасылық, салтанатты, естелік және басқа да іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған.

***

Алматыда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрына 95 жыл толуына орай өнер ордасына ұлттық деген мәртебе берілді. Салтанатты шараға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Ұлттық» деген мәртебе осында тер төккен бірнеше буын әртістерінің еңбегі екенін жеткізді. Одан бөлек министр осы жылы театр ғимаратын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталатынын айтып, мәдениет ошағының қызметкерлерін мерейтоймен құттықтады.