Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мәдениет және спорт вице-министрі пара алды деген күдікпен ұсталды

Мәдениет және спорт вице-министрі пара алды деген күдікпен ұсталды

Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков сыбайлас-жемқорлық дерегі бойынша қамауға алынды. Ол букмекерлік қызмет саласында заңды тұлғадан пара алды деген айыппен ұсталған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Сәкен Мұсайбековке пара берген азамат та қамауға алынды. Сондай-ақ Алматыдағы «Алатау» балалар клиникасының директоры осындай қылмыспен күдікке ілінді. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекеме басшысы қызметін асыра пайдаланып, кепілдендірілген медициналық көмек аясында бөлінген қаражатты қолды қылғаны айтылады. Қазір күдікті үйқамақта отыр. Екі дерекке де қатысты сот шешімі алдағы уақытта шығады.

*****

Енді еліміздегі эпидахуалға тоқталсақ. Өткен тәулікте коронавирус 806 адамнан анықталған. 631 науқас дерттен айыққан. Бұл туралы коронавирус кз сайтында жазылған.

*****

Атырауда экстракорпоральды ұрықтандыру тәсілімен бала сүю үшін 232 квота берілді. Аймақтың бас репродуктологы Айгүл Жанділдашеваның мәліметінше, бұл былтырғы квотадан 8 есе көп. Өткен жылы бала сүюді аңсаған жұптарға 37 квота берілген. «Облыста 800-ге жуық жұп экстракорпоральды ұрықтандыру кезегінде тұр. Алдымен балалы болғысы келетіндер комиссиялық тексеру жүргізетін репродуктологтардың тексеруінен өтеді. Өйткені, бізде ЭКҰ үшін әйелдерге жолдама берудің белгілі бір критерийлері бар. Біріншісі – 18-ден 42-ге дейінгі жас шектеуі. Екіншісі – антимюллер гормоны біреуден кем болмауы тиіс. Үшіншісі – гормондарды ынталандыратын фолликула 12 мм-ден аспауы тиіс. Төртіншісі – ерлерге қойылатын критерий», - дейді дәрігер. Оның айтуынша, егер әйелдің жасы 42-ден асқан болса, оның ақылы ЭКҰ процедурасына жүгіну мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда оның бағасы шамамен 1,5 млн теңге тұрады. Атырауда екі жылда экоұрықтандырумен 177 сәби дүниеге келген.

*****

Наурыз айынан бастап республикадағы жасыл аймақта тұрған барлық өңірлерде жұма намазына оқуға рұқсат етілді. Сондықтан, Түркістан облысының аумағындағы мешіттерде 5-наурыздан бастап жамағатпен жұма намазы оқыла бастайды. Облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, жамағатпен құлшылық рәсімін жасау үшін мешіттер 30 пайыз ғана толтырылады. «Медициналық маска тағу, діни жоралғы кезінде сапқа тұрғанда арақашықтықты сақтау талап етіледі. Жалпы, өңірдегі барлық 750 мешітте залалсыздандыру жұмысының жүргізілуі қадағаланады. Уағыз оқылмай, тек парыз намазы ғана орындалады. Дәретханалар карантин талаптарып сақтай отырып ашылады. Жұртшылықты карантин шегінен шықпай, талапты орындауға шақырамыз», - деді Еркебұлан Қарақұлов. Сондай-ақ, дін өкілдері жаназа және жерлеу рәсіміне қатысушылар санын 50 адамнан асырмау қажеттігін жеткізді. Ал індет өршіген жағдайда жұма намазын оқу тоқтатылады.

*****

Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Армениядағы саяси жағдайға байланысты арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Хабар 24». Оның айтуынша, Еревандағы оқиғалар – Арменияның ішкі ісі, бірақ мұндай толқулар армян мемлекеттілігіне қауіп төндіреді. Әлиев Армениямен бейбіт келісімге қол қою мүмкіндігін жоққа шығармады. Осы аптада Арменмия премьер-министрі Никол Пашинян Бас штабтың кету туралы талабынан кейін мемлекеттік төңкеріс әрекетінің болғанын мәлімдеді. Мұның соңы Ереванда билік жақтастары мен оппозиция өкілдерінің шерулеріне ұласқан.