Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 07.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 07.04.2021

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімін қабылдады. Президентке Елордадағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина салу шаралары жөнінде мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар коронавирусқа қарсы екпені тезірек алған жағдайда ғана қоғамдық орындарда бір-біріне қауіп төндірмейтінін, бизнес жандана түсетінін, қызметкерлердің жұмыс орындарына алаңдамай баруына және халықтың қалыпты өмірге қайта оралуына толық мүмкіндік болатынын айтты. Президент тұрғындарға вакцина салуды уақтылы және жаппай ұйымдастыру, эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстап, халықтың денсаулығын сақтау жөнінде қала әкіміне тапсырма берді. Мемлекет басшысына қаладағы халық санының артуына байланысты білім беру ошақтарын салу арқылы үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу, кезекте тұрған азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берілді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Алтай Көлгіновке қаланы газдандыру мәселесін шешуді, инвестиция тартуды, Жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыруды, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді тапсырды.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жанкешті еңбегі үшін алғыс айтты. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің твиттердегі парақшасында жазды. «Бүгін Дүниежүзілік денсаулық күні. Қазіргідей қиын кезеңде денсаулық сақтау саласының тиімді жұмысы–адамзат өмірінде қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Пандемияның алғашқы күнінен бастап медицина қызметкерлері адам өміріне араша түсіп, к/вирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр. Қолжетімді және сапалы медицина жүйесі–жалпыұлттық басымдық. 2020 ж. бастап медицина саласын қаржыландыру 1,5 есеге көбейді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Азаматтардың денсаулығын қорғаудағы жанкешті еңбегі үшін дәрігерлерге ризашылығымды білдіремін» - делінген жазбада.

*****

Бүгін Парламент Мәжілісінде жер қатынастары мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Нұрлан Нығматулин заң жобасының Қазақстан қоғамындағы маңызы мен орнының ерекше екенін айтып, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген құжат нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынатын болады. Жалпы заң жобасында шетелдіктерге ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншік және уақытша жер пайдалану құқығымен иелік етуіне тыйым салу көзделген. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин бұл заң жобасы жер туралы түрлі пікірлерді тоқтатып, алдағы уақытта жерді қолдану мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашатынына назар аударды.  

*****

Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде партиялардың өту шегі 7-ден 5 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген бағанды қосу көзделіп отыр. Бүгін Мәжіліс сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын талқылады. Мұнда жергілікті әкімдерді тікелей сайлауды тағайындау, кандидаттарды ұсыну, тіркеу, дауыс санау тәртібіне түзетулер енгізілген. Мұнан бөлек жергілікті әкімдер сайлауына саяси партиялар да кандидаттарын ұсына алады. Әкім қызметіне өзін өзі ұсынуға да болады. Мәжілістегі арнайы комитет заң жобасын қарап, қорытынды әзірлейтін болды.

*****

Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша қызыл аймақта тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Оның атап өтуінше, коронавирусқа шалдығу Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Ақтөбе мен Алматы облыстарында өсіп жатыр. Науқастанғандардың жалпы санының 63 пайызы Алматы, Нұр-Сұлтан қаларының, Алматы облысының тұрғындары. Алматы қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай тіркелсе, сәуірде 600 жағдайға дейін жеткен. Нұр-Сұлтан қаласында ақпанда тәулігіне 100 жағдай болса, сәуірде 500 жағдайға дейін артып отыр. «Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес, Қазақстан Республикасы бір апта бойы тәуекелі жоғары, яғни «қызыл аймақта» тұр. Сонымен қатар тәуекелі жоғары аймақта еліміздің 7 өңірі бар. Олар: Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, Батыс, Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды және Ақмола облыстары», - деді Алексей Цой.

*****​

Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы екпе алуға жазылу жүріп жатыр. Ол үшін egov.kz сайты немесе Damumed мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру керек. Осылайша медициналық мекемелер вакцина алғысы келгендерді апта соңына дейін тіркеп, кейін екпе егуді жоспарлап отыр. Вакцинаға алдын ала жазылу адамдардың көп жиналуын болдырмау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін істеліп отыр дейді мамандар. Әрі екпе егу пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін өсіп, олардың жұмыс істеу уақыты түңгі 12-ге дейін ұзартылды.

*****

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық ҚазКОВИД вакцинасын алатынын мәлімдеген еді. Сала басшысы екпені қашан салдырады деген сауалға Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният бүгін ОКҚ брифингте былай деп жауап берді.

​*****

Мамыр айында қазақстандықтар неше күн демалатыны белгілі болды. Мерекеге толы бұл айдың екі аптасы демалыспен өтеді екен. Бұл туралы Egov.kz сайтында көрсетілген. Осылайша көктемнің соңғы айында демалыс пен мереке күндерін қоса есептегенде қазақстандықтар 13 күн демалады. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мамырдың 1-3-і аралығында демалыс болады. Содан кейін 7-сі мен 10-ы аралығында тағы төрт күн демалыс бар.