Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 13.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 13.04.2021

Бүгін - Оразаның алғашқы күні.

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні. Ал пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Қасиетті Рамазан айының келуімен барша мұсылман халқын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады. Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шара жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырамын. Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз. Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! Елімізге амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!,-делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

*****

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Үкімет басшысы Асқар Мамин және Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да қазақстандықтарды Оразаның басталуымен құттықтады. Осындай қасиетті айда елімізге тыныштық және өркениет, бақ-береке, амандық тіледі.

*****

Оразаның алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Бас мүфтиді қабылдады. Наурызбай қажы Тағанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жеті бағыт бойынша биылғы атқарып жатқан жұмыстары және алдағы жоспары туралы баяндады. Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде Оразаның ұйымдастырылу ерекшеліктері, жасап жатқан қайырымдылық шаралары жайында мәлімет берілді. Сонымен қатар елордада Ислам академиясын құру жұмыстарының басталғаны туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен тағы да құттықтап, бүкіл әлем бастан өткеріп отырған пандемия кезінде жамағатты сабырға шақырып, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталатынына, мешіттердің толық ашылатын күні алыс емес екеніне сенім білдірді.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Президентке биылғы қаңтар-наурыз айларындағы еліміздегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді. Премьер-Министрдің мәліметіне сәйкес, аталған кезеңде экономиканың нақты секторында орнықты дамудың оң қарқыны байқалады. Асқар Мамин еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында да баяндады.

*****

Ауруханалардағы жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған бөлімдердің – 41 пайызында, жансақтау бөлімдердің – 27 пайызында науқастар ем қабылдап жатыр. Сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 миллион адамға вакцина салынады. Қыркүйек айында жалпы 10 миллион азаматқа екпе салынып, вакциналау жұмысы аяқталады. Денсаулық сақтау жүйесі қажетті мөлшерде дәрі-дәрмектермен және медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Мемлекет басшысына 1 сәуірде өткен ОПЕК+ министрлер кездесуінің қорытындылары туралы мәлімет берілді. Онда Қазақстан үшін мұнай өндірудің тәуліктік көлемін қосымша 6 мың баррельге арттыруды көздейтін арнайы шарт келісілді. Тиісінше жыл қорытындысы бойынша мұнай өндірісінде едәуір серпін болуы тиіс.

*****

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевті қабылдады. Мемлекет басшысына биылғы І тоқсандағы еліміздің экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары, Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының іске асырылуы туралы есеп берілді. Президентке экономиканың нақты секторындағы ахуал және жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар жөнінде баяндалды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, өңірлік саясатты жетілдіруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

Мәжілісте сайлау туралы заңнамаға енгізілетін түзетулер таныстырылды. Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, заң жобасы 67 түзетуден тұрады. Соның ішінде ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қойылатын негізгі талап – жасы 25-тен асқан Қазақстан Республикасының азаматы, әрі сотталмаған болуы керек. Ал біліктілік талаптарына сәйкестігін арнайы тексеру анықтайды. Министрдің орынбасары әкімдерді тікелей сайлаудың алғашқы кезеңіне 17,6 млрд теңге қажет екеніне тоқталды. «Аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүргізіледі. Бірақ Бюджет кодексінің жергілікті бюджеттің шығындарын міндетті өтеу туралы нормаларын ескере отырып, алдағы 2 жылда, яғни 2021-2022 жылдары сайлаулар Орталық сайлау комиссиясы арқылы қаржыландырылады. Ал 2023 жылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджет шығындарының тізбесіне қосылып, жалпы сипаттаға трансферттердің қатарына енгізіледі», - деді вице-министр.

*****

Енді ПТР анықтамасы жоқ қазақстандықтарды ұшаққа отырғызбайды. Бұл шет мемлекеттерден ұшып келетін рейстерге қатысты. Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шықты. Бұрын мұндай шектеу тек басқа елдің азаматтарына ғана қатысты болатын. Ертеңнен бастап шекара асып келетін барлық жолаушылардың ең кемі 3 күн бұрын жасалған анықтамасы болуы шарт.

*****

«Сары» аумаққа өткен Павлодар облысында карантиндік шектеулер күшейтілді. Аймақтың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Енді 15 сәуірден бастап демалыс күндері әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандардың жұмыс істеу мерзімі қысқартылады. Онда баратын адамдардың да саны шектеледі. Ал отбасылық жиын өткізуге, бильярд, компьютер клубтары, боулинг және балалардың ойын-сауық орталықтарының қызметіне мүлдем тыйым салынады.

*****

Қарағандылықтар вакцина салдыруда белсенділік танытуда. Халық ерікті түрде екпе салуға ниетті. Бүгінгі күні аймақ тұрғындарының жиырма мыңы вакцина алып үлгерген. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамал Тоқсанбаевтың айтуынша, таяуда аймаққа вакцинаның 56 мың дозасы, ал айдың аяғына дейін 87 мың дозасы жеткізіледі. Сәуір айының соңына дейін 217 мың тұрғынға екпе егу жоспарлануда.