Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 14.04.2021


Мемлекет басшысы Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламенттің жоғарғы Палатасының заң шығарушылық қызметі туралы мәлімет берілді. Мәулен Әшімбаев Сенаттың қарауында жатқан заң жобалары жөнінде хабарлады. Олардың ішінде Мемлекет басшысының бастамасымен енгізілген жер қатынастарын реттейтін түзетулер ерекше орын алады. Спикер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы осы айдың аяғына дейін Сенаттың отырысына енгізілетінін, содан кейін құжат Президентке қол қоюға жіберілетінін айтты. Ал сайлау заңнамасына енгізілетін өзгерістерге келер болсақ, сенаторлар аталған заң жобасының Мәжіліс қарауынан өтуін күтуде. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Сенат бұл мәселені мамыр айының бірінші онкүндігінде қарап, тиісті заң жобасын қабылдауды жоспарлап отыр.
*****
Сонымен қатар Сенат төрағасы Парламенттің жыл басынан бері Еуразиялық экономикалық одақ аясында қол қойылған 8 халықаралық шартты ратификациялағанын жеткізді. Қазіргі уақытта Армения мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қатысуына байланысты кейбір мәселелерді айқындайтын келісімдерді ратификациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенатта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылғаны туралы айтты. Бұл жұмыс тобы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылды. Спикердің айтуынша, заңнамаға енгізілетін тиісті өзгерістер мен толықтырулар биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп әзірленеді. Сенат төрағасы Мемлекет басшысына сенаторлардың қатысуымен өтетін алдағы бірқатар халықаралық іс-шаралар жөнінде мәлімет берді.
*****
Мемлекет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновті қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысына еңбек және әлеуметтік саладағы қазіргі ахуал мен оның алдағы уақытта атқаратын міндеттері туралы баяндалды. Серік Шәпкенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің жүргізіп жатқан жұмыстары, атап айтқанда, халықтың табысы мен еңбекақыны арттыруға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға, еңбек қатынастарын реттеуге және азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар министр Президентке еңбек нарығындағы заманауи үрдістер, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету шаралары жөнінде мәлімет берді. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев салалық ведомство басшысына бірқатар нақты тапсырма берді.
*****
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АҚШ-тағы жаңадан тағайындалған елшісі Ержан Ашықбаевты қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонмен арадағы кең ауқымды стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызды екеніне назар аударды. Президент Америка Құрама Штаттары Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторы екенін, энергетика, ауыл шаруашылығы және жаңа технология салаларындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Екі ел арасында айтарлықтай құқықтық-шарттық база қалыптасқан. Мәдени-гуманитарлық және білім салалары бойынша табысты ықпалдастық орнаған. Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Ашықбаевқа Президент Джозеф Байден әкімшілігімен өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
*****
Енді еліміздегі эпидахуалға тоқталсақ. Осы уақытқа дейін 435 393 қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. 14 сәуірдегі мәлімет бойынша, 35 821 адам короновирус инфекциясынан (35 322 КВИ+ және 499 КВИ-) емделуде, олардың ішінде 12 482 пациент стационарда, 23 339 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.КВИ+, КВИ- ш алдыққандардың арасында: • 579 адамның жағдайы ауыр; • 117 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
*****
Солтүстік Қазақстан облысында бүгін үшем дүние есігін ашты. Екі ұл, бір қыздың жағдайлары жақсы. СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы перинаталдық орталықта үшемді өмірге әкелген ананың жасы 35-те. Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылының тумасы. Бір күнде көп балалы ана атанған әйелді үйінде үш қызы күтіп отыр. Мамандардың айтуынша, шақалақтардың жағдайы жақсы, салмақтары: 2,6, 2,4 және 2,1 келі.

*****

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың қайта басылып шыққан «Махаббат, қызық мол жылдар» романының тұсаукесері өтті. Роман тұңғыш рет 1970 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген болатын. Шығарма екі жастың арасындағы махаббат туралы баяндайды. Қалың оқырманның сүйікті шығармасына айналған, жас ұрпақты адал махаббатқа, шынайы достық пен сертіне берік болуға тәрбиелейтін аталған туындыны «Фолиант» баспасы жазушының 100 жылдық мерейтойына арнап шығарған.
*****
«Qazaqstan» телеарнасы 19 сәуірден бастап Түркияда түсірілген Қожа Ахмет Ясауи туралы телехикаяны көрермен назарына ұсынады. Түркия тарапы түсірген бұл телехикая «Мавера» деп аталады. Мавера – (араб тілінде «көрінетін әлемнің көрінбейтін арғы жағы» деген мағынаны білдіреді) көне Османлы тілінде қолданылған сөз. Қазақша «тылсым әлем», «қарсы жақ», «басқа дүние» деп аударуға болады. Режиссер Йүджел Хүдавердінің бұл фильмі тартымды әрі қызықты оқиғаларға толы. Ясауи туралы телехикаяны түріктер жаңа форматта түсірген. Онда Қожа Ахмет өмірінің көпшілік біле бермейтін қырлары, жалпақ жұртқа беймәлім кезеңі көбірек суреттеледі. Сондықтан да бұл телехикая Қазақстан көрермендері үшін де қызықты болары хақ. Телехикаяда Ясауидің Арыстанбаптан алған құрма дәнегінің құрма ағашына айналу оқиғасы, дәруіштер хикаясы, тарихтағы алғашқы Алып-ерендер оқиғасы тартысты беріледі. Естеріңізге сала кетсек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның таяудағы Түркияға жұмыс сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи өмірі туралы телесериал премьерасын Қазақстан мен Түркияда бір мезгілде көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Сонымен қатар екі ел арасында түркі жұртына ортақ тарихи тұлға – Қорқыт ата туралы бірлескен сериал түсіруге келісім жасалған еді.
*****
Нұр-Сұлтан қаласында 15 сәуірде «Astana Bike» автоматтандырылған велосипед жалдау жүйесі іске қосылады. Сәуір айының соңына дейін пайдаланушыларға 850 велосипед пен 154 велостанция қолжетімді болады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. Ауа райының қолайлы болуына байланысты қызметті 15 сәуірде іске қосу туралы шешім қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда бір ай бұрын болғалы отыр. Айта кету керек, веложабдықтың іске қосу-жөндеу жұмыстарының үлкен көлемі бір мезгілде барлық 154 велостанцияны іске қосуға мүмкіндік бермейді. Сол себепті бұл жұмыс 3 кезеңде жүргізіледі. Біріншісінде Есіл ауданы бойынша 400 велосипед және 62 велостанция іске қосылады. Екінші кезеңде, яғни 23 сәуірге дейін Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандары бойынша қосымша 300 велосипед және 48 велостанция бар. Үшінші кезең 30 сәуірге дейін жүргізіледі. Велостанциялардың орналасқан жерін www.velobike.kz сайтынан көруге болады. Іске қосылған станциялар көк түспен белгіленеді.