«Фолиант» баспасының жаппай сатылымы өтеді
3-6 маусым күндері сағат 11:00-ден 21:00-ге дейін Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы 105 мекенжайы бойынша «Фолиант» баспасының жаппай сатылымы өтеді. Жаппай сатылымға ересектер мен балаларға арналған әр түрлі тақырыптағы 500-ден астам кітап қойылады. Жәрмеңкеде жеке тұлғаны, ойлау қабілетін дамыту, маркетинг, технология, саяхат, психология, қарым-қатынас, тіл үйрену, сурет салу, өнер саласындағы кітаптар сондай-ақ ертегілер, ойындар, комикстер және балаларға арналған әдебиеттер ұсынылады. Сатылымда жоқ кейбір кітаптардың соңғы нұсқалары шығарылады.
«Фолиант» баспасының жыл сайынғы жәрмеңкесі дәстүрге айналған, осы жылы 12-ші рет өткелі отыр. Баспа – 1996 жылы ашылып, бүгінде қалыптасу, тәжірибе жинау сатыларынан ойдағыдай өткен, еліміздің баспа саласында лайықты орны бар, кітап өндірісі бағытында өзіндік жолы бар, мақсат-мүддесі айқын, заманауи талаптарға сай, іргелі шаңыраққа айналған мекеме. Қазіргі уақытта баспа әртүрлі оқулықтар («Жоғары білім», «Кәсіптік білім» сериялары), көркем әдебиет, балалар әдебиеті, ғылыми әдебиет, құқық саласы және басқа да сан алуан кітаптарды шығарады, оған қоса көркем безендірілген фотоальбомдар, журналдар, буклеттер, плакаттар және өзге де полиграфиялық өнімдерді басумен айналысады.
Баспаның кітап өнімдері халықаралық, республикалық көрме-жәрмеңкелерде тапсырыстарды сапалы орындау ерекшелігімен бірнеше мәрте (40-қа жуық) марапаттауларға ие болған. «Фолиант» баспасы жыл сайын Майндегі Франкфурттағы (Германия) және Мәскеудегі кітап көрмелеріне қатысып, лайықты жоғары бағаларға ие болып жүр.
«Фолиант» баспасы 2013 жылы Алматыда өткен «Ұлы Жібек жолымен» атты халықаралық кітап көрмесі мен былтыр мамыр айында Минск қаласында барша ТМД мемлекеттерінің таңдаулы баспаларының қатысуымен өткізілген «Кітап өнері» байқауында жеңімпаз атанды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігінің дипломымен екі мәрте марапатталды. Жыл сайын баспа республикалық «ХХI ғасырдағы білім мен ғылым» атты көрмеге қатысып, «Кәсіптік білім» сериясына арналған дипломдарды иеленіп жүр.