Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Сенаторлар Үкімет пен Есеп комитетінің бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады

Сенаторлар Үкімет пен Есеп комитетінің бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда депутаттар Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылады.

Былтыр республикалық бюджетке түсімдер 100,2 пайызға орындалған.

Қаржы вице-министрі Ербол Қарашөкеевтің баяндауынша, бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру кезінде трансферттердің өсуі тіркелген. 11 трлн. 928 млрд. теңге болатын табыстың жалпы сомасында трансферттердің үлесі 45 пайызды құрады. Пандемия кезінде ел экономикасын қолдау үшін Ұлттық қордан бір реттік трансферттің сомасы 2 трлн. 070 млрд. теңгені құраған.

Өткен жылы шығыстарды орындаудың айтарлықтай жоғары пайызы, яғни, 98,3 пайыз қамтамасыз етілді. Алайда, әлі де болса мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі құжаттардың тиімсіз орындалуы және сәйкессіздігі тіркеліп отыр. Қаржы вице-министрі мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін айтты.

Ал, Есеп комитетінің ақпараты бойынша, 2020 жылға әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалған сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға артып, 569,4 млрд. теңгеге жеткен. Соған байланысты коронадағдарыстың салдарын жеңілдету үшін қосымша мультипликативті әсер ету мүмкіндігі жойылды.

Сондай-ақ, баяндамада орталықтан көрсетілетін қаржылық қолдаудың айтарлықтай көлеміне қарамастан, өңірлердің экономикалық дамуындағы сәйкессіздіктер жойылмай отырғаны айтылды. Өткен 2020 жылдың қорытындысына сай жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша алшақтық 10 еседен астам көрсеткішті құрады. Есеп комитетінің мүшесі Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, бұл оларды теңестіру бойынша қабылданған шаралардың тиімсіз болғанын білдіреді.

Сонымен қатар отырыс барысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасап, инфляция мәселесіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес инфляция 8-8,5 пайыз дәліз шегінде ұсталып, 7,5 пайызды құраған. 2020 жылы инфляцияның өсуіне негізінен төтенше жағдай режимі мен карантиндік шаралар жағдайында жеткізу тізбегінің бұзылуы және тауарлардың жекелеген топтарына сұраныстың артуына байланысты азық-түлік бағасының 11,3 пайызға жеделдетілуі әсер еткен.

Отырыста сенаторлар сыртқы қарыз алу, бюджет қаражатын жүйелі түрде игермеу және тиімсіз пайдалану, халықты жұмыспен қамту және тағы басқа мәселелерді көтерді.

Жиынның қорытындысы бойынша Үкімет пен Есеп комитетінің 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Палатаның қарауына жіберілді.


(Сенаттың Баспасөз қызметі