Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 09.06.2021

Қорытынды жаңалықтар 09.06.2021


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярды қабылдады,- деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Президентке Германиядан инвестиция тартуға, екі елдің бизнес саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, Қазақстан экономикасы үшін маңызды саналатын бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қатысты атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, Қазақстандағы машина жасау саласын дамыту үшін жүргізіліп жатқан кешенді шаралар туралы баяндалды. Елімізде 119 мың қызметкерді жұмыспен қамтып отырған 3 мыңнан астам машина жасау кәсіпорны бар. Үкімет аталған саланы қарқынды дамыту мақсатымен отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндірістің көлемін сақтап, өсімін одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған қолдау шараларын қабылдауда. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екеніне назар аударып, бірқатар нақты тапсырма берді.

*****

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Үкіметтің және Есеп комитетінің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бүкіл әлемді қамтыған індет бюджет шығындарын ұлғайтуды талап еткенін, халықты қолдау үшін дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын айтты. Атап айтқанда, өткен жылы республикалық бюджетке түсетін түсімдер12 трлн. 49 млрд.теңге құрады. Оның ішінде, әлеуметтік шығыстарға - 6,6 трлн. теңге жұмсалған. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 47% - ын құрап отыр. Сонымен қатар, Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар еліміз бойынша жұмыссыздықты 4,9% деңгейінен асырмауға және орташа айлық жалақыны 7,3% - ға ұлғайтуға жол ашты. Алайда, Нұрлан Нығматулин бюджеттің орындалуында әлі орын алған кемшіліктер барын алға тарта келіп, мемлекет қаражатын ұтымды, нәтижелі және тиімді игеру керектігіне баса назар аударды.

*****

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Өз сөзінде Қырымбек Көшербаев елдегі қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау шаралары Қазақстан халқы Ассамблеясын айналып өтпейтінін айтты. «Тақырыптық жоспарлар мен әдіснама аясында арнайы екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы, 17 аймақтық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Бүгінде республика шеңберіндегі архивтерде зерттеу жұмыстары жалғасуда. Шетелдік әріптестермен бірлескен жұмыстарға этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсенді қатысуда. Өйткені қуғын-сүргін құрбандарын ақтау кезінде қазақ халқының жүздеген мың азаматтары мен ардақтыларының адал аты ғана ақталып қоймайды. Сонымен қатар, Қазақстанда жер аударылған 62 этнос өкілдеріне қатысты да тарихи әділеттілік орнайды», - деді Мемлекеттік хатшы.

*****

Қазақстан өткен жылы 1,3 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығарды. Бұл туралы халықпен есептік кездесуінің қорытыныдылары бойынша өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Қолға алған шаралардың нәтижесінде өнім көлемі былтыр 5,7 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең жоғарғы көресткіш. Сонымен қатар, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдама және Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы әзірленді,-деген Сапархан Омаров бағдарламалардың мақсатына тоқталды.

*****

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға тоқталайық.
Қазір «қызыл аймақта» тек Нұр-Сұлтан қаласы қалды. Бұған дейін елордамен бірге «қызыл аймақта» болған Қарағанды облысы «сары аймаққа» өтті. Қарағандымен қоса Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстары да «сары аймақта» тұр. Ал өзге өңірлерде жағдай тұрақты Сонымен қатар, өткен тәулікте 1000 адамның вирусқа шалдыққаны белгілі болды. Осылайша, пандемия басталғалы ел бойынша ауырғандар саны 396 832 –ге жетті. Вакцинамен қамту жұмысы өз деңгейінде жалғасуда. Қазір Қазақстанда 2 326 487 адам екпе салдырды. Вакциналау науқанында Алматы мен Шымкент қаласы, Алматы облысы мен Түркістан өңірінің тұрғындары белсенділік танытуда.

*****

Елордада коронавирусқа қарсы екпе алушылар саны азайды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік саниатрлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Мәселен, мамырда вакцина салдырғандар саны сәуірге қарағанда 46 пайызға төмендеген. Шаһарда емханалардан бөлек, 9 сауда үйінде екпе пунктері жұмыс істейді. Қазір елордада 111 683 адам вакцинаның екі компонентін салдырды. Бұл жалпы тұрғындардың 9,4 пайызы ғана. Тағы бір айта кетерлігі, елордада Ashyq қосымшасы үй карантинін бұзған 3 мыңнан астам адамды анықтады. Олардың жартысынан көбі науқастармен байланыста болса, қалғандары вирус жұқтырғандар.