Қорытынды жаңалықтар 21.09.2021
Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғаринді қабылдады. Президентке Агенттіктің тұрғын үй, құрылыс материалдары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері және жанар-жағармай нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыстары туралы есеп берілді. Агенттік төрағасының айтуынша, аталған салалар бойынша монополияға қарсы қабылданған шаралардың нәтижесінде бірқатар ірі құрылыс компаниялары бастапқы тұрғын үй бағасын маусым-тамыз айларында орта есеппен 7-20 пайызға төмендеткен. Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік азық-түлік пен тауарлардың бағасын бақылауда ұстауды тапсырды.
*****
Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сума Чакрабартимен кездесті. Тараптар пандемия жағдайындағы әлем экономикасының одан әрі даму перспективасына қатысты пікір алысты. Әңгіме барысында тараптар өңірдегі экономикалық жағдайдың даму болжамдарын, сондай-ақ сын-қатерлердің алдын алу шараларын әзірлеу мәселелерін талқылады.
*****
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты. «Біз үшін өте ауыр күн, орны толмас қайғы. Айдың күннің аманында Алматы қаласындағы қайғылы оқиға салдарынан 5 азаматымыз оққа ұшты. Оның ішінде ішкі істер органдарының екі қызметкері бар. Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді. Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Марқұмдардың әке-шешесі, отбасы, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасқым келеді»,- деді Ерлан Тұрғымбаев.
*****
Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза болған полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына барды. ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының жеке құрамы атынан қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. "Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына тұрғын үй береді. Сонымен қатар, ішкі істер министрінің бұйрығы бойынша тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін" медальдарымен марапатталды", - делінген хабарламада.
*****
Елімізде гектарына 9,5 центнерден астық бастырылуда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты.
*****
27 қыркүйектен бастап Ashyq қосымшасын қолдана отырып, той-томалақ, отбасылық жиындар өткізуге рұқсат берілді. Тек әр өңірде эпидахуалға байланысты адам санында шектеулер болады. Бұл талап мәдени, спорттық іс-шаралар мен түрлі конференциялар ұйымдастыру кезінде де сақталуы тиіс. Жалпы елде кейінгі апталарда вирус жұқтыру мен өлім-жітім 60%-ке азайған. Сондай-ақ елде алдағы күндері Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Германия сынды бас-аяғы 16 мемлекетке ұшақ қатынай бастайды. Бұдан бөлек, эпидахуалы тұрақты саналатын 30 елдің азаматтарына ел аумағына кіруге рұқсат берілді.
*****
Елімізде жаңа +997 нөмірлі дэф код белгіленді. Сол сияқты ендігі уақытта елімізден сыртқа қоңырау шалғанда шетелдегі адамның телефонында «Қазақстан» деп шығып тұрады. Аталған жаңашылдық туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты. «БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», - деп жазды Бағдат Муснн өзінің Facebook парақшасында. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша тиісті шаралар атқарылып жатыр.
*****
Қызылорда облысында екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 73,2 пайызы вакцинаның бірінші компонентін салдырды. Соңғы күндері облыстағы санитарлық эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғаны байқалады. Пандемия басталғалы бері өңірде коронавирус инфекциясымен 17 403 науқас тіркелген. Олардың 92 пайызы дерттен толық емделіп шықты. «Қазіргі таңда облыс азаматтарын вакцинациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 1 ақпан мен 19 қыркүйек күндері аралығында аймақта вакцинацияның 1 компонентімен егілгендер саны - 294 178. Ал 247 689 адам екпенің екі компонентін де алды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов айтты.
*****
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қала күні қарсаңында Оралда 198 отбасы баспана кілтін алды. Орал қаласында үлкен панельді схема бойынша 9 қабатты көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2019 жылы басталды, оның құны 2 миллиард теңгеден асады. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 16 мың шаршы метр. Батыс Қазақстан облысында биыл барлығы 302 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
*****
Ел тұрғындары осы жылдың тамыз айында 2 400-ден астам алтын құйма сатып алды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметіне хабарлады. Тамыз айында қазақстандықтар екінші деңгейдегі банктерден және айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 113,7 келі 2 460 өлшемді құйма сатып алды. Алтын құймалары 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық болып бес салмақта сатылған. Соның ішінде ең көп сатылғаны 10 грамдық құйма. Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.