Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мемлекет басшысы Үндістанның Cыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкарды қабылдады

Мемлекет басшысы Үндістанның Cыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкарды қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкарды қабылдады,- деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты күшейту бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы көп жоспарлы байланыстарды дамытудың келешегін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Субраманиям Джайшанкармен әңгімелесу барысында Кеңеске мүше мемлекеттердің министрлерінің бүгінгі кездесуіне Үндістанның қатысқаны маңызды екенін айтып, ол елдің басшылығына Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы министрге елімізде COVID-19-ға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және оған гуманитарлық көмек көрсетуге Қазақстанның қосып отырған күш-жігері туралы айтты.

Сондай-ақ Президент екі ел арасындағы әуе байланысын қалпына келтірудің маңызды екенін, бұл Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.

Өз кезегінде Үндістанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Орталық Азия өңірін ынтымақтастықтың маңызды бағыты санайтын Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің сәлемін жеткізді. Бұл ретте үнді дипломаты өз елінің басшылығының Қазақстан Президентін келесі жылы Үндістанға сапармен келуге шақыратынын айтты.

Әңгімелесу кезінде пандемияның салдарларын жою мәселелеріне баса мән берілді. Субраманиям Джайшанкар Қасым-Жомарт Тоқаевқа екпе сертификаттарын өзара мойындау жөніндегі елінің ұсынысын жеткізіп, Үндістанның фармацевтика және экономиканы цифрландыру салалары бойынша ынтымақтастықты жандандыруға әзір екенін атап өтті.