Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 12.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 12.10.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысқан делегация басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізуге Қазақстанның бастамашы болғанын және Кеңестің географиялық аясы мен күн тәртібінің ауқымы кеңейген құрлықтық платформаға айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңеске мүше мемлекеттердің бәріне және Кеңес хатшылығына Қазақстанның төрағалығы аясында жасалған өзара табысты іс-қимылдары үшін ризашылығын білдірді.

*****

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа бас шаһардың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы ақпарат берілді. Президентке кезекте тұрған елордалықтарды қолжетімді баспанамен қамту, үш ауысымда оқыту мәселесін шешу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру туралы баяндалды. Қала әкімінің айтуынша, биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Алтай Көлгінов қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру шаралары мен вакциналау бойынша да есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы газбен қамтуға, инвестиция тартуға, үлестік құрылысқа қатысты мәселелерді шешуге және жылыту маусымы барысында қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуіне қатысты бірқатар тапсырма берді.

*****

14 қазан күні Беларусь Республикасының бастамасы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты.

*****

Елімізде инфляция өсіп жатыр. Оған азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы әсер етті. Бүгін өткен Үкімет отырысында белгілі болғанындай, бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны Нұр-Сұлтанда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында қымбаттаған. Осы ретте ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өсуін тежеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

*****

 Сонымен қатар, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үш Ұлттық жобаны таныстырды. Ведомство «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты Ұлттық жобаларды қолға алды,-дейді Әсет Ерғалиев.

*****

Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Bilimdi ult» ұлттық жобасын таныстырды. Министр жоба аясында мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен және 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етілетінін айтты.

*****

Интернет желісінің пайдаланушылар санын 91-ден 95 пайызға жеткізу, мемлекеттік қызметтерді 9 күннен 5 минутқа дейін қызмет көрсету уақытын қысқарту, бизнестен талап етілетін деректердің 50% онлайн есепке алу жоспарланады. Бұл туралы Үкімет отырысында саладағы ұлттық жобаны таныстырған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

*****

Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында 1600-ден астам адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Муратов айтты. Оның сөзінше Қазіргі уақытта елорда бойынша 990 төсек-орын қоры бар 7 инфекциялық стационар жұмыс істейді.

*****

Футбол жанкүйерлерінің назарына.... Бүгін, футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы кезекті ойынын елордада Финляндияға қарсы өткізеді. Ойын елорда уақытымен кешкі 8-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Матч соңында жанкүйерлерді тасымалдау үшін арнайы төрт Shuttle-Bus автобустар бағыты ұйымдастырылады. Ол №801-804-ші бағыттар.