Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мәжіліс бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады

Мәжіліс бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, депутаттар энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты - жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасы су пайдалануды бақылау жүйесін қарастыруы тиіс екенін атап өтіп, жұмыс тобына екінші оқылымға дейін әзірлеушілермен бірлесіп осы мәселені пысықтау қажеттігін айтты.

Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі заң жобасынан тиісті нормаларды алып тастау ұсынысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, коммерциялық және бюджеттік ұйымдардың суды қалай пайдаланатынын бақылауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Нұрлан Нығматулин депутаттардың қолданыстағы су тұтынуды бақылау жүйесін сақтау қажеттілігі туралы түзетулерін қолдау керектігін атап өтті.

Жалпы, заң жобасымен экспресс-энергоаудит және мақсатты энергоаудит енгізіледі. Нысанға бармай алдын алу бақылау тәртібі бекітіледі. Сонымен қатар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті энергия үнемдеу жөніндегі жол карталарын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормамен толықтырылады.

Сондай-ақ, депутаттар Қылмыстық кодекске өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес үндестіруге бағытталған және Хаттаманы ратификациялау кезінде көрсетілген Қазақстан Республикасының ескертпесіне сәйкес соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылғаннан кейін оны соғыс уақытында қолдану жағдайларын қоспағанда, өлім жазасын жоюды көздейді.

Сонымен қатар, депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге түзетулер хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Хаттамаға сәйкес «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» акционерлік қоғамы бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады және өз қызметін одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

Жалпы отырыс барысында Палатаның бейінді комитеттері бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.



Ақпарат көзі: parlam.kz