Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Табысынан шығыны көп шенеуніктер қаржылық тексеруге алынады

Табысынан шығыны көп шенеуніктер қаржылық тексеруге алынады

Елімізде жемқорлармен күрес күшейтілмек. Бұл ретте табысынан шығыны көп шенеуніктер қаржылық тексеруге алынады. Жемқорлыққа қарсы қызмет қазір осындай концепция әзірлеп жатыр. Құжат мақұлданса, тапқан табысынан шығыны көп мемлекеттік қызметкерлер түгел тексерілмек. Өйткені бұл парақорлықтың белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ агенттік төрағасы адамдардың жаппай биткоин сатып алуына да алаңдаушылық білдірді. Марат Ахметжановтың айтуынша, жемқорлар активін жасырудың түрлі жолын тауып жатыр. Тіпті биткоиннан өзге криптвалюталарды сатып алуда. Сол үшін Антикор мамандары бұл бағытта тексеріс жүргізуді бастады.

*****

Енді еліміздегі эпидахуалға тоқталайық. Бір күнде Қазақстанда 1967 адамда коронавирус расталды. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 913 мыңға жуықтады. Қазіргі уақытта 53 мыңға жуық адам емделуде. Індетке шалдыққандардың арасында 642 адамның жағдайы ауыр.

Ал вакциналау науқаны өз деңгейінде жалғасуда. Екпенің 1 - ші компонентін алған тұрғындар саны 7 млн 976 мыңнан асты. 7 млн 60 мыңға жуығы иммундаудың толық курсынан өтті. Аурудың таралуы жөнінде Ақтөбеде эпидахуал нашарлады. Бүгін бұл облыс «жасыл» аймақтан «сарыға» ауысты. Қауіпсіз аймақта Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстары тұр. Ал, «Қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары қалды. Қалған өңірлер «сары» аймақта орналасқан.

*****

Оқу жылы басталғалы Маңғыстау облысында 82 оқушы коронавирусқа шалдықты. Оның басым бөлігі індетті өзінің отбасынан жұқтырған. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова айтты.

*****

Түркістанды дамытуға ғарыш мүмкіндіктері пайдаланылады. Қазақстандық ғарышкер, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов Түркістанға барып, жергілікті билікпен облыс экономикасын көтеруде ғарыштық технологияларды қолданудың мүмкіндіктерін саралады. Кездесу нәтижесінде арнайы меморандумға қол қойылып, нәтижесінде ахуалдық орталықтың бірлескен жобалары үшін ақпараттық топ құрылады. Олар ғарыштық мониторинг арқылы өңірдегі жердің қаншалықты мақсатты пайдаланылып жатқанын тексермек. Бұл ретте ғарыштық мониторинг жасауды меңгеру үшін әкімдік өкілдері арнайы білім алмақ. Оларды «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» білікті мамандары оқытып, кеңес береді.

*****

Шымкент қаласында 20-ға жуық пәтерге ұрланып кіріп, ішіндегі бағалы заттарды үптеп кеткен ұрылар қолға түсті. Екі адамнан жасақталған топ барлық оқиғада бірдей әрекет еткен. Олар негізінен кіреберіс есіктегі домофондары дұрыс жұмыс істемейтін көпқабатты тұрғын үйлерге кірген. Пәтер есігін қағып, үй иелерінің бар-жоғын тексерген. Ешкім жауап бермеген жағдайда, есіктегі құлыпқа сәйкес келетін өздеріндегі кілт арқылы ашқан. Полицейлер әзірге күдіктілердің 17 пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады. Екі күдікті де бұған дейін ұрлық үшін сотталған. Түрмеде танысып, бостандыққа шыққан соң үйреншікті істерін жалғастырған. Олар қылмыстарын мойындады. Күдіктілердің іс-әрекетіне байланысты қылмыстық іс қозғалып, прокуратураның қарауына жолданды.

*****

Үш күннен кейін Жапонияның Китаксюсю қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты басталады. Оған біздің елдің спортшылары қатысады. Қазақстан ерлер құрама сапынан жарыс жолына Милад Карими, Нариман Құрбанов, Ильяс Азизов, Фарух Набиев және Ильфат Имарджанов шығады. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз.