Нұр-Сұлтан - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.10.2021

Қорытынды жаңалықтар 22.10.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің шақыруы бойынша 24-25 қазанда Түрікменстанға мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл жайында Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Instagram парақшасында мәлім етті. «Сапар барысында екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді деп жоспарланған. Келіссөздерде сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан мен Түрікменстанның стратегиялық серіктестігін нығайтудың перспективалары қарастырылмақ» деп жазады Берік Уәли. Сонымен қатар өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікірлер ортаға салынады. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның экономикалық өсім қарқыны, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру шаралары, елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен басқа да өзекті мәселелер туралы баяндалды. Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының қайта қалпына келу үдерісі қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Асқар Маминнің мәліметіне сәйкес нақты сектордағы тұрақты өсім 3,5 пайызға тең. Бұл ретте, өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 5,7 пайызға артқан. Құрылыс саласы 9,7 пайызға ұлғайған. Елімізде 9 айдың ішінде 10,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8 пайызға жоғары.

*****

Елімізде үш жыл ішінде білім беру саласында 400 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркелген. 270 адам қылмыстық жауапқа тартылған. Олардың арасында білім вице-министрлері, министрліктің еншілес ұйымдары басқармаларының төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ЖОО ректорлары, мектеп директорлары және тағы басқалары бар. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен республикалық кеңесте мәлім етті. «Мысалы, биыл жазда халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековке (8 жыл) қатысты айыптау үкімі күшіне енді, ол ЖОО бухгалтерімен бірге стипендияға бөлінген 1,7 млрд теңгені ұрлаған», - деді Марат Ахметжанов. Сондай-ақ, ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығына және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты университеттің жер телімін заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша іс тергеліп жатқанын атап өтті.

*****

Агенттік төрағасының айтуынша, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің ең көбі Атырауда - 24%, Нұр-Сұлтан - 20%, Шымкент - 12,5%, Алматы қаласында - 12%, Алматы облысында - 12%, Маңғыстау-10% және Түркістан-9% облыстарында жасалған. «Көбінесе бейресми төлемдердің 64% - сессияны жабуға, 14% - университетке түсуге берілген. Әрбір үшінші жағдайда ЖОО қызметкерлері, қалған жағдайларда делдалдар мен үшінші тұлғалар бастама жасаған, 95% жағдайда сыйақы түрінде 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша берілген. Басқа жағдайларда – гүлдер немесе тәттілер. Сауалнамаға қатысқандардың 28%-ы басқа амал жоқ деп жауап берсе, ал әрбір бесінші адам бұл мәселені шешу ыңғайлы әрі оңай екенін айтқан»- дейді спикер.

*****

Әлемде коронавирустан 180 мыңға тарта медицина қызметкері қайтыс болған. Мұны Женевада өткен баспасөз маслихатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдеді. Оның сөзінше, әлем бойынша медицина саласында 135 миллиондай адам жұмыс істейді. Ал 2020 жылдың қаңтарынан биылғы жылдың мамырына дейінгі аралықта ковидтен қаза тапқан медиктер туралы деректер 120 елден жиналған.

*****

Аты аңызға айналған қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайтын «Мұқағали» көркем фильмі 12-28 қарашада Эстонияда өтетін мерейлі 25-ші Таллин кинофестивалінің «Күңгірт түндер» (PÖFF) негізгі конкурстық бағдарламасына енгізілді. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев түсірілім тобының қатысуымен Алматыда өткен фильмнің тұсаукесері кезінде мәлімдеді. «А» санатындағы «Күңгірт түндер» кинофестивалі 1997 жылдан бері өткізіліп келеді, бұл – Балтық жағалауындағы ең үлкен фестиваль және Шығыс Еуропадағы ең ірі кино көрсетілімдердің бірі. Айта кетерлігі, фестивальдің басты байқауында қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Ұжымдық иммунитет» фильмі де бас жүлдеге таласады. Сонымен қатар, «Жастар фильмі» байқау бағдарламасында режиссер Фархат Шәріповтің «18 килогерц» фильмі бар. 21 қазанда «Мұқағали» фильмі жалпыұлттық прокатқа шықты. Аталған фильмді еліміздің барлық кинотеатрларынан көруге болады.

*****

Әлемдегі ең үлкен аттракцион ашылды. «Дубай көзі» деп аталатын туристік нысанның биіктігі 250 метрден асады. Оған бір мезетте 1750 адам отыра алады. Бір рет айналып шығу үшін 30 минуттан астам уақыт кетеді. Айта кетейік, қазір Дубайда «Экспо-2020» көрмесі өтіп жатыр.