Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тәулік тынысы 24.11.2021

Тәулік тынысы 24.11.2021

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

*****

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде есеп берілді. Президентке әлеуметтік нысандар құрылысының көлемін ұлғайту, газбен қамту, инвестиция тарту, үлескерлік құрылыс нысандарын салуды аяқтау жұмыстары жөнінде баяндалды. Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған жеңілдікпен берілетін қолжетімді баспаналар, білім беру ошақтары мен басқа да әлеуметтік нысандар саны рекордтық деңгейге жеткен. Мәселен, 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, биыл бұл көрсеткіш 10 мыңға дейін жеткен. Келер жылы кемінде 10 мың әлеуметтік пәтер салу жоспарланып отыр. Кездесуде Мемлекет басшысына эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары және елордада жүргізіліп жатқан вакциналау жұмыстары туралы ақпарат берілді.

*****

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин партияның сайлауалды бағдарламасына енген шаралар ел экономикасына қалай әсер етіп жатқаны туралы айтты. «10 айдың қорытындысы бойынша инвестициялардың өсуі 14 пайызға жетті. Жылдың бірінші жартыжылдығында 11 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 30,4 пайызға жоғары. Халықаралық қаржылық және рейтингтік ұйымдар Қазақстан экономикасын орнықты деп бағалады. Жылдың үшінші тоқсанында халықаралық жетекші кредиттік агенттіктер Қазақстанның пандемияға дейінгі егемен рейтингін растады», - деді Асқар Мамин. Премьер-Министрдің айтуынша, Парламенттегі партия фракциясы мен орталық аппарат сайлауалды бағдарламаны іске асырудың жол картасы аясында 362 іс-шараның 136-сының орындалуына мұрындық болды. Оның ішінде 34 іс-шара жүзеге асса, 226 іс-шара әліде орындалып жатыр.

*****

Қазіргі уақытта Қазақстанда 19 тауар биржасы лицензияланған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Министрдің айтуынша, тұрақты биржалық саланы қалыптастыру мақсатында заң жобасында тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізу ұсынылады.

*****

Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Президенттік жастар кадрлық резерві мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы айтып берді. «Дарынды жастарды қолдайтын стратегиялық шараларының бірі – жастардың кадрлық резерві болды. Бұл жоба жоғары білікті жас мамандардың мемлекеттік басқару жүйесіне түсуіне мүмкіндік берді. Қазір президенттік кадрлық резервке қабылдаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Оның аясында қосымша 150 жас маманды іріктелмек», - деді Аида Балаева жастар форумында. Министр елімізде ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес және БАҚ салаларындағы жастардың 30 жобасы мен бастамасын қолдау мақсатында жыл сайын берілетін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бекітілгенін де айтты. Оның көлемі - үш миллион теңге.

*****

«2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, республикалық маңызы бар жолдардың 11 мың шақырымына немесе жалпы желінің 45% - ына ақы алу жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Асқар Мұратұлы айтты. Оның сөзінше Төлем алу жүйесі ұзындығы 682 шақырым болатын 4 учаскеде енгізілді.

*****

Шығыс Қазақстан облысындағы стационарларда коронавирус жұқтырған 489 адам емделіп жатыр. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір бойынша соңғы тәулік ішінде қауіпті инфекция жұқтырған 42 адам тіркелді. «Қазіргі уақытта облыс бойынша стационар жағдайында 489 пациент ем-дом қабылдап жатыр. Жалпы облыс стационарларда төсек-орынның қамтылуы – 17,2%», - делінген ақпаратта.

*****

Алматыда коронавирус жұқтырған 458 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері хабарлады. Бір тәулікте қалада 123 адам коронавирус жұқтырған. «Инфекциялық стационарларда 458 адам жатыр. оның 24 –і бала». Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 51 адам жатыр. Ал 14 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

*****

Алматыда Pfizer вакцинасын алуға ниет білдірушілер көп. Бұл туралы №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Нұрбол Жұмабеков брифингте айтты. Оның сөзінше, Алматыда күн сайын 132 вакцинация пункті, оның ішінде №7 қалалық емхананың екпе салу бөлмесі жұмыс істейді. «жасөспірімдердің, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың белсенділігі қуантады. Науқан басталғаннан бері біздің емханада 324 адам екпе алды, оның ішінде 11 жүкті әйел, 31 бала емізетін ана 282 жасөспірім бар», - деді Нұрбол Жұмабеков.

*****

Қарашаның 25- 27 күндері аралығында ел бойынша күн суытады. « жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы күрт төмендей бастайды. Қыстың жақындауы Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде де сезіледі: онда термометр бағандары түнде 8-13 градусқа дейін төмендейді», делінген синоптиктер хабарламасында.